Қоғам

Көтеріңкі көңіл-күй сыйлады

Көтеріңкі көңіл-күй сыйлады


«Әйелдің жүрегі – әлемнің тірегі». Дәл осындай атаумен Өскемендегі Металлургтер мәдениет сарайында мерекелік жиын өтті. Оған қала әкімі Жақсылық Омар қатысып, саналы ұрпақ тәрбиелеп, қоғамның дамуына салмақты үлес қосудан тынбай жүрген қыз-келіншектерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

– Ана – тіршіліктің тірегі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында елімізде әйелдер құқығы мен мүддесін қорғауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Әйелдер бүгінде барлық салада жемісті еңбек етіп жүр. Еліміз жеткен жетістіктерге нәзік жандардың қосқан үлесі зор. Мысалы, Өскемендегі білім ошақтары мен медицина саласында жұмыс істейтін жандардың 60-80 пайызын әйелдер қауымы құрайтынын атап өткен орынды. Тіпті, олардың арасында спортта да биік белестерді бағындырып, халықаралық жарыстарда топ жарып, ел намысын қорғап жүрген нәзік жандар жетерлік. Олардың қатарында Ольга Рыпакова мен Юлия Галышева бар. Біз оларды мақтан тұтамыз, – деді Жақсылық Омар.

Бұл күні көктеммен бірге көтеріңкі көңіл-күй алып жеткен осынау іс-шараға Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, сондай-ақ көпбалалы аналар мен әртүрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер қатысып, сый-құрметке бөленді. Олардың қатарында «Алтын алқа» иегерлері Сәбигүл Мереева мен Евгения Черкашина бар.

Мерекелік жиын барысында шаһар басшысы Қарлығаш Қыстаубаева, Индира Какимова, Светлана Ясько, Татьяна Шнайдер, Екатерина Смирнова, Мария Федоренко, Татьяна Савченко, Ольга Кузнецова, Татьяна Соловей сынды бірқатар қыз-келіншектерді құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Біздің спорт саласындағы жеткен жетістіктерімізді бағалап, құрмет көрсетіп жатқан шаһар басшылығына алғыстан басқа айтарым жоқ. Осындай қуанышты күндер көп болсын. Тек жақсылықта кездесейік, – деді Мария Федоренко.

Кеш соңы мерекелік концертке ұласты. Онда өңірімізге танымал өнерпаздар өнер көрсетіп, нәзік жандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button