Қоғам

Кітапханада қызық көп

Кітапханада қызық көп


Балалар көптен күткен жазғы демалыс та басталды. Оқудан үзіліс алған балалар «қолымыз босады екен» деп бекер жата беруі керек пе? Әлде пайдалы іспен айналысқаны жөн бе? Осы сұрақтарды індете түспек ниетпен облыстық кітапханаға бас сұққан едік. Ондағы мақсатымыз – кітапханада балаларға арналған қандай үйірмелер бар екенін білу.

Кітапханадағы жастар мен балалар орталығының меңгерушісі Нұргүл Құдайбергенқызы бізді мұндағы үйірмелермен толықтай таныстырып шықты.
Қуыршақтар үйірмесі. Мұнда балаларға ертегілер оқылып, артынша оның оқиғасы талқыланады, мазмұны түсіндіріледі. Кейіннен балалар өз қолдарымен ермексаз бен түрлі қуыршақтардан сол ертегілердің кейіпкерлерін жасайды. Осындай қызықты дүниелер арқылы балалардың кітап оқуға және қолөнерге деген ынтасы оянады.

Чемпион үйірмесі. Мұнда балалар шахмат пен дойбы ойындарының қыр-сырына қанығады. Бұл ойындар баланың ойлау қабілетін дамытатыны белгілі.
Жанұямен оқу. Аталған үйірменің артықшылығы балалар ата-аналарымен бірге келіп, ағылшын тілін үйрене алады. Осында отырып әртүрлі тапсырмаларды орындайды. Кітаптағы әңгімелер желісімен қойылымдар да қояды.

– Балалар бөлімі деген – ең қызықты бөлім. Мұнда балалар кітап оқып, түрлі ойындар ойнайды. Абай атамыздың қара сөздерімен сусындайды. Осы ретте, кітапханамыздың қоры қазақ, ағылшын және орыс тіліндегі кітаптармен толығып отыратынын айта кеткен абзал. Мұнда олардың үш тілді меңгеріп шығуына жағдай жасалған, – дейді балалар бөлімінің қызметкері Назгүл Тұрсынқанқызы.

Кітапхана ішіндегі нысандардың ерекшесі киіз үй екен. Ерекше дейтін себебіміз, онда компьютерлік сауаттылық курсы бар. Киіз үйдің іші толықтай заманауи жабдықтармен жабдықталған. Мұнда еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін келіп, компьютер тілін меңгере алады. Балалар мультфильм түсіруді де меңгеріп шығады екен.

– Көпшілік жұрт кітапханашылар кітапты алып беруді ғана біледі, басқа жұмысы жоқ деп ойлайды. Жоқ, біздің ішкі ісімізге үңілген жан олай еместігіне анық көз жеткізеді. Жұмыс күніміз қарбалас. Бізде ұзын-саны 20-ға тарта үйірме бар. Барлығы өзінше қызық әрі балаларға пайдалы. Мен осы орайда солардың тағы біріне тоқталып өтпекпін. Ол – мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған үйірме. Көру, есту кемістігі бар балалар кітап оқып, қолөнермен айналысып, өз мүмкіндіктерін жетілдіре алады. Айта кетейін, бізде үйірменің барлығы тегін, – дейді Нұргүл Құдайбергенқызы.

Таунар Қайрат

Осы айдарда

Back to top button