Руханият

Кітабы Елбасы мұражайына қойылды

Кітабы Елбасы мұражайына қойылды
Мал шаруашылығы саласының ардагері Базарбай Сатай ақсақалдың есімі бүкіл республикаға танымал. Ветеринария саласындағы қызметінің ыстығы мен суығы, қызығы мен шыжығы туралы жазған «Мал дәрігерлігі – мамандығым, мақтанышым, мехнатым, махаббатым менің» атты еңбегін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жоғары бағалап, бір данасын өз мұражайына қойғызған.
Семей зоотехникалық-ветеринариялық институтын 1972 жылы ойдағыдай тәмамдап, еңбек жолын бұрынғы Ақсуат ауданындағы «Комсомол» совхозында аға малдәрігері болып бастайды. Мал дәрігерлік қызметтің қай саласында жүрсе де, Базарбай Сатай бірінші кезекке мал басының амандығын қойды. Ақсуат ауданында бас мал дәрігері болып жүргенде, КПСС XXV съезі атындағы комсомол-жастар бригадасының ұстаз-жетекшісі, республикаға әйгілі Сайлаубек Таушаевпен бірге істеді. Сол кезде 1300 бас биязы жүнді ақ қойдың әр жүз саулығынан 150-ден қозы алған болатын. Мұндай тамаша нәтижеге мал дәрігерінің туып жатқан төлге жабысқан диплококк індетін дер кезінде анықтап, дұрыс ем-шара қолдануының арқасында жеткен еді. Осы еңбегі үшін Сайлаубек Таушаевқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілген болатын.
Базарбек Сатай туған төлдің аман сақталуы үшін алдыңғы қатарлы малдәрігерлік шараларды дұрыс қолдана білген білікті маман болды. 1989 жылы Мақаншы ауданы төл алудан Семей облысында алдыңғы орынға шықты. Ауданда мал басына таралатын жасырын инфекциялық, паразиттік індеттерді анықтап, мамандарды осы залалмен күреске жұмылдыра білді.
Қырық жылдай үздіксіз еңбегінің жемісі ретінде жоғарыда айтылған еңбегін жазып шықты. Ғалымдар мен практик мал дәрігерлері бұл дүниеге жоғары бағаларын беріп отыр. Ветеринария саласы жайында жазылған ғылыми еңбектер, арнайы оқулықтар аз емес. Алайда малдәрігерлік қызметті әдеби көркем тілде жазған үш-ақ автор бар екен әлемде, соның бірі – Базарбай Сатай. «Мал дәрігерлігі – мамандығым, мақтанышым, мехнатым, махаббатым менің» атты еңбегінің қазақшасы 2000 данамен 2001 жылы басылып шықса, орысша нұсқасы 300 данамен бертін жарық көрді.
Ауданның ветеринария саласын дамытуға айтулы үлес қосқан, көп жылдар ауданның бас мемлекеттік ветеринариялық-санитарлық испектор қызметін атқарған Базарбай Сатай ақсақал жуықта жетпіске толды. Ардагердің мерейтойына Мақаншы ауылының әкімі Совет Қалиев, бұрынғы қызметтестері, бүгінгі жас буын әріптестері, алыс-жақыннан туған-туыстары жиналды. Той үстінде Үржар ауданы әкімінің кеңесшісі Шоқан Бітімбаев Базарбай Сатайға «Үржар ауданының Құрметті азаматы» атағын салтанатты түрде тапсырды. Ардагерді мерейтойымен құттықтауға облыстық ветеринарлық дәрігерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Есенгелді Бәкімбаев келіп, аталмыш саланың ардагеріне көп жылғы қызметі үшін облыстық ветеринария басқармасының Құрмет грамотасын тапсырып, үстіне оқалы шапан жапты.
– Малдәрігерлік саласы жайында жазылған ғылыми еңбектер, арнайы оқулықтар аз емес. Базекеңнің кітабының құндылығы – қырық жылғы үздіксіз қызметіндегі тәжірибесі мен теорияны ұштастыра білгендігі. Осы еңбекті оқыған кез келген адам арнайы білім алмай-ақ ветеринария саласының маманы болар еді деп ойлаймын. Тілі жатық, өз тәжірибесінен алынған мысалдармен толықтырылған шығарманың жас әріптестерімізге берер тағылымы мол, – дейді бірлестік төрағасы Есенгелді Бәкімбаев.
Базарбай ақсақалдың жары Ханшайым апамыз да жетпіске толып отыр. Өнегелі отбасы төрт бала тәрбиелеп, немерелерінің қызығын көріп келеді. Ұлдары Қайыртай әке жолын қуып, мал дәрігері мамандығын таңдапты.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button