Білім

Кәсіптік білім – келешек кепілі

Кәсіптік білім – келешек кепілі


Кәсіптік білім – жастарға сапалы білім, іскерлік және дағды ғана беріп қоймай, ол жеке тұлғаны қалыптастырады. Заман талабы өзгерген сайын арнайы орта оқу орындарына қоғам тарапынан қойылатын талап та өзгерді. Кәсіптік және техникалық білім беру жүйесі әлемдік білім беру кеңістігіне бағыт алуда. Қуанарлығы, қазіргі жастар бұрынғыдай қоғамда жетіп артылатын экономист немесе заңгердің дипломын алып, жұмыссыз жүргеннен гөрі, кәсіптік және техникалық білімді саналы түрде таңдап, еңбек нарығына қажетті маман атануды жөн көреді. Өңіріміздегі кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұнын толық жаңарту мақсатында облыста қыруар шаруа атқарылып жатыр. Соның бір ғана көрінісі – Өскеменде үш күн бойы өткен «WorldSkills Shygys – 2019» аймақтық чемпионаты. Аталмыш байқау аясында жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағыт-бағдар беретін «My PRO» мамандықтар фестивалі және «Abilympics Shygys – 2019» I кәсіби шеберлік чемпионаты қатар өтті. Айрықша маңызы бар шараға облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, Білім және ғылым министрлігінің «Кәсіпқор» холдингі төрағасының орынбасары Айжан Төлеуқызы, «KAZ Minerals» компаниясының басқарма басшысы Бауыржан Абылқасымұлы қатысты.

I аймақтық «Abilympics Shygys – 2019» кәсіби шеберлік чемпионатына облыстың сегіз колледжінде білім алып жүрген 13 студент үш мамандық бойынша қатысты. Олар:«Ақпараттық технологиялар» мамандығы бойынша – Ерзат Тәбиев, Гүлнұр Ноғасбаева, Әдемі Уәлихан, Бақытжан Ерлікұлы, Мәдина Асылбекова, Антон Неустроев, Кристина Петрова, Данил Балахнин, «Шаштараз ісі» – Әнел Мұқанова, Диана Мамырбекова, «Сән технологиясы» мамандығы бойынша Әйгерім Байбосынова, Насиба Жауғашова және Қуаныш Қаныбекұлы.

«Ақниет» мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Ерзат Тәбиев – болашақ бағдарламашы. Оның былтыр жасаған «Ақылды жылыжай» жобасын биыл Ермек Мұхамедрахым мен Жасұлан Бекенов жалғастырып, үш миллион теңгенің жүлдесін жеңіп алды. Ақылды жылыжай қазір «Ақниет» интернатының жанында салынып жатыр.

Мүмкіндіктер олимпиадасы деген ұғымды білдіретін Abilympics – әртүрлі санаттағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кәсіби шеберлік байқауы. Мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуетін дамыту, кәсіптік дағдыларын жақсартуға ықпал ету бағытындағы Халықаралық Abilympics федерациясының құрамына әлемнің 46 елі кіреді, оның ішінде Қазақстан да бар.

Бұл байқауға «Сән технологиясы» мамандығы бойынша қатысып, бар өнерін ортаға салған Тарбағатай колледжнің студенті Қуаныш Қаныбекұлы ерекше көзге түсті. Ер баланың тігіншілік кәсіпті таңдағанына таңырқай қарағандар да болды. Бірақ болашақта Қуаныштың қазіргі отандық әншілерімізді киіндіріп жүрген Берік Исмаилов сияқты атақты сәнгер болмасына кім кепіл? Мамандық таңдауда ең бастысы біреудің айтуымен емес, талантыңа қарай бейімделіп, өмірдегі өз орныңды табу емес пе? Сондықтан байқаудағы кезекті тапсырмасын орындап отырған Қуанышқа сәттілік тіледік. Киізді бояп, олардан әдемі суреттер жасайтын Ақпейіл Аханова қатысушыларға шеберлік сабағын өткізді.

Облыстағы 51 колледжде мүмкіндігі шектеулі 423 студент елуден астам мамандық бойынша білім алып жүр.

Мамандық таңдау – маңызды іс

Кәсіптік білім – келешек кепілі


7-11 сыныптың оқушылары арасында жұмысшы мамандықтарын дәріптеу мақсатында Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің базасында «My PRO» мамандықтар фестивалі өтті. Жоғарғы сынып оқушыларының болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмек көрсету және баршаға ортақ тегін кәсіптік білім беру мақсатындағы шараға үш күннің ішінде төрт мыңға жуық оқушы қатысты. Оқушы жастар арнайы жабдықталған алаңдарда аймақтағы колледждерде оқытылатын мамандықтармен кеңірек танысып, өздеріне пайдалы ақпарат алды.

Оқу орнының мамандары колледждердің артықшылықтарын, көпбалалы отбасыларына, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының балаларына берілетін жеңілдіктер, стипендия көлемі, жатақханамен қамтылуы, түлектердің жұмысқа орналасуы жайлы мағлұмат берді. Өскемен медицина колледжі, Өскемен политехникалық колледжі, Өскемен қызмет көрсепту саласы колледжі, Өскемен технологиялық көпсалалы колледжі, Глубокое аграрлық колледжі, Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжі, Шығыс Қазақстан технологиялық колледжі, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дің Жоғары IT колледжі, Құмаш Нұрғалиев атындағы колледж мамандары оқушы жастарға мамандықтарының қыр-сырын тәжірибе жүзінде көрсетті.

Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесінің студенттері, биылғы «Х-фактор» байқауының финалистері «Инкоро» вокалдық тобы фестиваль қатысушыларына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Аталмыш оқу орны аспапта орындау, академиялық және дәстүрлі ән салу, хор дирижері, хореография, режиссура, музыкалық жетекші мамандарын даярлайды.

Әлемдік стандарттарға сай ма?

Әсем Нүсіпова айтып өткендей, ағымдағы жылы облыстағы жетекші оқу орындары Өскемен политехникалық колледжі мен Семей электротехникалық колледжінің базасында екі құзыреттілік орталығының жұмысын жандандырып, толық жабдықтау көзделіп отыр. Бұл орталықтар «Нұр Отан» партиясының бастамасы бойынша былтыр осы оқу орындарында ашылған IT– орталықтардың толыққанды жұмыс істеуі үшін де қажет. Исатай Исин басшылық ететін Өскемен политехникалық колледжінің базасында ашылатын құзыреттілік орталыққа үш мамандық бойынша WorldSkills әлемдік стандарттарына сай заманауи құрал-жабдықтар сатып алуға облыс бюджетінен 130 миллион теңге бөлінген. Құзыреттілік орталығын жабдықтап, сатып алынған қондырғыларды орналастыру үшін 43,8 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Семей электротехникалық колледжінің базасындағы құзыреттілік орталығы республика бойынша алғашқылардың бірі болып былтыр желтоқсанда ашылған. Оның жұмыс аясын кеңейту мақсатында облыстың мәслихаттың қолдауымен 120 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар екі мамандық бойынша заманауи оқу құралдарымен жабдықтау үшін қосымша 52 миллион теңге қаражат бөлінген.

Бұл бастамасы ғана

Биылғы айрықша жобаның бірі – Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінің базасында оқу орталығын ашу. Бұл жобаны «KAZ Minerals» компаниясы қызу қолдап, қомақты қаражат бөлуге дайын.

-Қазіргі таңда компания колледждегі шеберханалар мен зертханаларға қажетті құрал-жабдықтардың тізімін саралауда. Дәнекерлеуші, электр құралдарын жөндейтін электромонтер, бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика слесарі, технологиялық машиналарды жөндеу және қызмет көрсету слесарі, тау-кен-шахталық қондырғыларды жөндеу және қызмет көрсету слесарі сияқты бес мамандық бойынша сапалы мамандар даярлау үшін компания қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, 300 миллион теңгеге техника мен құрал-жабдықтар сатып алып беруді жоспарлап отыр,-дейді «KAZ Minerals» компаниясының қызметкерлермен жұмыс жүргізу басқармасының басшысы Бауыржан Абылқасымұлы.

Ал облыс әкімдігі тарапынан ағымдағы жөндеу жүргізуге 94 миллион теңге қаражат бөлінді. Осы мақсаттағы облыс бюджетінен бөлінген жалпы қаржыландыру сомасы 438 миллион теңге көлемінде. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің қолдауымен сапалы кәсіптік білім беруді дамытуға айрықша көңіл бөліп жүрген Әсем Нүсіпованың айтуынша, бұл ірі компаниялардың қатысуымен облыстағы кәсіптік және техникалық білім беру жүйесін жаңғыртудың бастапқы кезеңі ғана. Кәсіптік білім беретін оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайту шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады.

– Арал Дінмұханбет, Өскемен құрылыс колледжінің түлегі, құрылыс шебері:

-Мамандық таңдау өте жауапты және маңызды іс. Болашақ мамандығын таңдауда жастар өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейіміне, қалауына сүйену керек. Қазіргі күні мамандықтың бес мың түрі бар. Таңдау жасау оңай емес. Өз ісіне сенімді, дұрыс таңдау жасаған адам ғана жетістікке жетеді.

Мен Қызылорданың тумасымын. Былтыр «Серпін» бағдарламасы бойынша Өскемендегі Құрылыс колледжін «Кірпіш қалау» мамандығы бойынша оқып жүргенде Семей қаласында өткен аймақтық «WorldSkills Shygys» чемпионатына қатысып, жеңіп шықтым. Шығыстың командасы сегіз алтын, бір күміс, бір қола медальмен оралдық. Енді биылғы тамыз айында Қазан қаласында (Ресей) өтетін әлемдік чемпионатқа дайындалып жүрміз. Ол әлемдік байқау болғандықтан халықаралық байланыс құралы – ағылшын тілінде өтеді. Сондықтан ол жағына да мән беруіміз керек. Өйткені қатысушы теория мен тәжірибені жүз пайыз біле тұра, ағылшын тілінен ақсап тұрса, жеңіске жетуге ол да кедергі. Ел намысын қорғап, бәсекеге қабілетті жастар екенімізді дәлелдеу үшін, әлемдік деңгейдегі шеберлік байқауына қызу дайындалып жатырмыз.

Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button