Қоғам

Кәсіпорындар кіл мықтыларды сайлап әкеліпті

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 20 жылдығына орай облысымызда жыл басынан бері түрлі шаралар өткізілуде. Сол шаралардың нүктесі қойылар күн жақындаған сайын дайындық көрігі де қыза түскендей. Оған кәсіпорындар арасындағы дәстүрлі спартакиаданың кезекті жарыс күнінде көзіміз жетті.

Кәсіпорындар кіл мықтыларды сайлап әкеліптіҚалалық спорт және денешынықтыру бөлімінің ұйымдастыруымен жаз бойы өтетін спартакиадаға негізінен «Үлбі металлургия зауыты» АҚ, «Өскемен титан-магний комбинаты», «Қазцинк» акционерлік қоғамының Өскемен металлургиялық комбинаты, облыстық коммуникациялар дирекциясы («Қазақтелеком» АҚ), «Өскемен Водоканал» МКК, «РОСТ» ЖШС, «ВК РЭК» АҚ, «Шығысэнерготрейд» ЖШС, «Защита» стансасы, «Востокмашзавод» АҚ, «КЕGOK» сынды алпауыттардың спортты серік еткен қызметкерлері қатысуда.

Өскемен қалалық спорт және денешынықтыру бөлімі бастығының міндетін атқарушы Серікжан Омархановтың айтуынша, осымен үшінші рет өткізіліп отырған сайыс қыркүйек айына дейін жалғаспақ екен. Спартакиада сайыстарының көбі командалық ойын болғандықтан бір қызметшінің бірнеше сайыс түріне қатысатынын және күнделікті жұмыстарының ауырлығын ескере отырып, жарыс кестесін мейлінше ұзартқан.

Бұл жолы сайыскерлер арқан тарту, әйелдер арасында 1000 метр, ерлер арасында 2000 метр қашықтыққа жүгіру, қол күресі бойынша сынға түсті.

«ҮМЗ» АҚ, «Өскемен ТМК» сияқты өндіріс алпауыттары үкілеп қосқан спортшылардың қатарында Нұржан Дукиев, Рустам Маликов сынды әлем чемпиондары да болды. Бұл күні өткен үш сайыстың қорытындысы бойынша алғашқы үштікке «Үлбі металлургия зауыты» АҚ, «Қазцинк» АҚ-ның Өскемен металлургиялық комбинаты, облыстық коммуникациялар дирекциясы жайғасты.

Алдағы уақытта спартакиаданың шағын футбол, волейбол сияқты ұжымдық түрлерінен сайыстар өткізілмек. Спартакиаданың бас қазысы Владимир Гелерт сайыс басталғалы бері белсенді қатысып келе жатқан «ҮМЗ» АҚ, «Защита» стансасы, «Қазақтелеком» АҚ ұжымдарынан өзгелер де үлгі алса екен деген тілегін жасырмады.

– Әсіресе, қалған кәсіпорындармен салыстырғанда ұжымдарының шағын болғанына қарамастан бірде-бір сайыс түрін жібермеген «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының сайыпқырандары кез келген мақтауға лайық, – дейді халықаралық дәрежедегі төреші.

* * *

Қарулы Күштердің мерейлі мерекесіне арналған тағы бір шара Комсомол аралында өтті. Мұнда Өскемен және Риддер қалаларының әуесқой ит үйретушілері төрт аяқты достарын үкілеп сынға қосыпты.

Сайыс ережесіне сәйкес әуелі иттер әлеуметтік бейімделу тестінен өтті. Мұнда иттердің адамдар арасында өзін сабырлы ұстауы тексерілді. Иттер қорғаныс қызметі мен үйретудің жалпы курсы бойынша сынаққа түсті. Иттің қаншалықты тәртіпке үйретілгенін анықтау үшін бұйрыққа бағыну, ым мен қимылды дұрыс түсіну, мылтықтың дауысы сынды тосын дыбыстарға әрекеті, тапсырманы аяғына дейін орындау, кедергілерден бөгеліссіз қарғып өту, биік бағанның үстімен жүру тәрізді сындар өткізілді, қаншалықты сенімді серік бола алатыны, күдікті адамды ұстап, бұйрық бойынша босатуға бейімдігі, қарсы жүгірген адамға әрекет етуі сыналды.

Жиыны 30-дан астам ит қатысқан сайыста неміс, кавказ және бельгиялық овчаркалар, америкалық бульдогтар, радфеллер тұқымдарынан тартып, тұрқы қазақы төбеттің тұмсығындай ғана болатын шпиц сияқты «ойыншық иттер» де жүрді.

Осы жерде «әттеген-ай» деп, бір қынжылғанымыз бар. Ол осындай сынға түсіп жатқан төрт аяқтылардың арасында қазақтың текті құмай тазысы мен жан баласына зияны жоқ, десе де қойға тиген қасқырды тірі құтқармайтын төбетті көре алмағанымыз еді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button