Кәсіпкерлікті дамыту картасында бәрі қамтылған
Кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін, облыстық басқармалар басшыларын жинап, өңіріміздегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылады.
– Президент тапсырмасын орындау мақсатында аймақтағы шағын және орта бизнес нысандарының саны мен сапасын арттыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Айталық, жақында Ұлан ауданында шағын және орта бизнесті дамытудың картасы қанатқақты жобасы жасалды. Онда өндіріс пен тұтыну нарығының теңгеріміне кешенді талдау жасалып, қолдағы ресурстар мен мүмкіндіктер ескерілген. Шағын және орта бизнесті арттыру нүктелері анықталып, әкімшілік кедергілер жойылды, – деген Ермек Көшербаев қанатқақты жобада әрбір ауылдық округтің әлеуеті ескерілгенін атап өтті.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары айтқандай, Даму картасына енгізілген мәліметтердің барлығы әрбір ауылдық округпен ұсынылып, талдау жасалған. Талдау жүргізу кезінде ауылдық округтердің экономикалық жағдайы, тұрғындарының саны, тұтыну нарығы, туристік саласы сияқты бірсыпыра жайлар ескерілген. Дайын өнімдер мен шикізаттық мүмкіндіктерге жасалған талдау нәтижелері негізінде аталған өңірде нақты қандай өнеркәсіп орнын ашуға болатыны туралы қорытынды шығарылады. Сондай-ақ, ол өнімдермен көршілес аудандар мен қалаларды қамтамасыз ету мүмкіндігі де қаперге алынған.
Ресми деректерге сүйенсек, қазір өңірімізде жиыны 120 мыңдай ресми тіркелген кәсіпкер бар болса, оның елу мыңдайы белсенді жұмыс істеуде. Кәсіпкерлер бүгінде қазынаға түсетін жалпы салық мөлшерінің 42 пайызын (20 млрд. теңгедей) беріп отыр. Болашақта бұл салық түсімін 50 пайызға дейін жеткізу көзделуде.
Облыстық кәсіпкерлер палата-сының директоры Игорь Шацкийдің айтуынша, былтыр шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен 536 млрд. теңгенің өнімі (ІЖӨ-нің 23%-ы) шығарылған. 14,4 мың жауапкершілігі шектеулі серіктестік тіркелсе, оның 4,9 мыңы немесе 34%-ы белсенді жұмыс істеуші болып табылады. Өңірдің әрбір үшінші тұрғыны – 242 мың адам шағын және орта кәсіпкерлік саласында еңбек етіп жүр.
Сондай-ақ, Игорь Шацкий өз сөзінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының төртінші бағытын іске асыру шеңберінде облыстық кәсіпкерлік палатасы шағын және орта бизнестің әрекет етуші кәсіпкерлеріне экономиканың барлық саласында тегін сервистік қолдау көрсететінін жеткізді. Мәселен, бухгалтерлік, салықтық, статистикалық есептерді жүргізуде, кедендік үдерістер бойынша қызметтерді орындауда, менеджмент жүйесін енгізу бойынша кеңес беруде, заңгерлік көмектер көрсетуде, маркетингтік жұмыстар атқаруда, ақпараттық технологиялармен қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алумен байланысты шаралар және басқа бірқатар мәселелерде тегін қолдау көрсетіледі. Осы орайда сервистік компаниялар қызметіне арнап биыл 142 млн. теңге қаражат қарастырылған. Бұған дейін аталған қызметтердің барлығы дерлік ақылы түрде және айтарлықтай сомадағы қаражатпен іске асырылатын.
– Бұл компаниялар шағын және орта бизнестің 650 субъектісіне қызмет көрсету керек болатын. Бірақ біздің палатаның бастамасымен шартқа қол қою кезінде олардың санын 1250-ге дейін көбейту жөнінде келісім жасалды. Бүгінгі күні Өскемен мен Семейдегі кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында 6 сервистік компанияның кеңесшілері тиісті қызмет түрлерін көрсетуде, – деп нақтылаған Игорь Шацкий бір айдан астам уақыт ішінде компания кеңесшілері 520 өтінімді орындауға қабылдағанын атап көрсетті.
Ашық сұхбат түрінде өрбіген жиында тауар өндірушілердің өз өнімдерін экспортқа шығару кезінде ұшырасатын проблемалары да назардан тыс қалған жоқ. Ресми мәлімет көзіне қарағанда, өңірімізде қазіргі күні отыздан астам экспортшы-кәсіпорын өрісін кеңіте алмай, яғни, өндірген өнімдерін сыртқа саудалаудың мүмкіндігін таппай амалы таусылуда. Әсіресе, Кедендік одақ аясында Ресей мен Беларусь нарығына тауарларды шығарудың тиімділігін біздің кәсіпкерлеріміз білмей отырған жоқ. Осы түйткілдің күрмеуін шешу үшін кәсіпкерлер палатасы «Экспорттаушының жол картасы» деген бастаманы қолға алды. Бүгінде «КЭМОНТ» АҚ, «Өскемен конденсатор зауыты», «Востокагрохолдинг», «Қаражыра ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері секілді экспорттық әлеуеті жоғары бірқатар кәсіпорындар бойынша 16 карта әзірленіп, жүзеге асырылды. Талдау жұмыстарының қорытындысына сүйенсек, облысымызда тауарды экспорттаумен байланысты 30 проблемалық сұрақ туындаған. Олардың дені сертификаттау, техникалық реттеу, экспорттық лицензияны рәсімдеу, теміржолмен тасымалдаудағы жоғары мөлшерлемелер және басқалары. Аталған проблемаларды шешу үшін кәсіпкерлер палатасы облыстың жергілікті атқарушы органдарымен тізе қосып жұмыс істеуде.
Жиын барысында БАҚ өкілдері тақырыпқа орай көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарын қойып, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаевтың, аймағымыздағы кәсіпкерлер палатысының директоры Игорь Шацкийдің және тиісті басқармалар басшыларының нақты жауаптарын алды. Әріптестеріміз тарапынан қойылған сұрақтардың бір парасы «Қай ауылда қандай кәсіпті дамытуға мүмкіндік бар?», «Қытайдың жілігі татымайтын киім-кешегін тасығанша, өзіміздің жеңіл өнеркәсіпті неге өркендетпеске?» деген ауанда болды.
Жиынды қорытындылаған Ермек Көшербаев облыста қолға алынған шағын және орта бизнесті дамытудың қанатқақты жобасының кез келген бір ауданда қалай жүзеге асырылып жатқанын көзбен көріп, жергілікті кәсіпкерліктің тіршілігімен жақынырақ таныстыру үшін алдағы уақытта журналистерге арнайы пул ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.