Экономика

Кәсіпкерлікке кеңінен қолдау көрсетіледі

Кәсіпкерлікке кеңінен қолдау көрсетіледі

Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен әкімдіктің кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының Жарма мен Шемонайха аудандарында іске асырылу барысы және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының облыс аумағындағы орындалу қарқыны қарастырылды.
Алғашқы мәселе жөнінде Шемонайха және Жарма аудандарының басшылары есеп берді. Шемонайха ауданының әкімі Амангелді Тоқтаровтың мәліметінше, ауданда тіркелген шағын бизнес кәсіпорындарының саны – 242. Олардың 169-ы әрекет етсе, 154-і белсенді жұмыс істейді. Аудандағы жеке кәсіпкерлердің саны 3800-ден асады. Шағын және орта бизнес нысандары негізінен саудамен, автокөлік жөндеумен (37%), өнеркәсіппен (21%) және ауыл шаруашылығымен (17%) шұғылданады.
Қазіргі кезде осы бағдарламаның бағыттары бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Биыл бағдарламаның «Несиені субсидиялау» бағытында екінші деңгейлі банк «Защита Уба» ЖШС-нің 145 миллион теңгелік жобасын мақұлдаған. «Кәсіпкерлікке қаржылық емес қолдау көрсету» бағыты бойынша ауданда 12 оқыту семинары өткізіліп, кәсіпкерге арналған 1300-ден астам консультация жүргізіліпті. Аудан басшысының айтуынша, бүгінгі таңда олар тоқтап тұрған Ертіс химия-металлургия зауытын қайта іске қосуды көздеп отыр. Сондай-ақ, Шемонайха ұн тарту комбинатына демеу берілмек. Себебі, соңғы кездері Ресейден әкелінетін өнімдердің молдығына байланысты кәсіпорын тауарын өткізуде кедергілер бар.
Жарма ауданы әкімінің міндетін атқарушы Талғат Қаймулдиновтің айтуынша, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру бойынша өңірде кәсіпкерлерге түсініктеме беру белсенді жүргізілуде. Қалбатау ауылында және Шар қаласында кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтары жұмыс істейді. Бағдарлама қолға алынғалы бері оның бірінші бағыты – бизнес бастамаларды екінші деңгейдегі банктер арқылы қолдау бойынша бес жоба 126 миллион теңгеге қаржыландырылған.
Бүгінде ауданда 70-тен астам жоба жүзеге асырылуда. Тағы 15 жобаны қаржыландыру қарастырылып жатыр. Айталық, жеке кәсіпкер Мұхаметқалиеваның Омбы – Майқапшағай автожолының бойында Техникалық қызмет көрсету станциясын ашу және жеке кәсіпкер А.Әбдірахманованың баспахана сатып алу жөніндегі жобалары несие алу кезеңінде тұр.
Келесі кезекте облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айжан Садықова «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының іске асырылу барысы жөнінде баяндама жасады.
Аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен биыл облысқа 3 миллиард 337 миллион теңге бөлініп, қазіргі уақытқа дейін оның 1 миллиардтан астам теңгесі игерілген. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша, яғни, «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту арқылы тұрғындарды жұмыспен қамту» бойынша 71 жобаға бір миллиардтан аса теңге қарастырылған. Нәтижесінде 474 жұмыс орны құрылуы тиіс.
Осы ретте аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ бағдарламаның аталмыш бағыты бойынша бөлінген қаржының Курчатов, Риддер, Семей қалаларында және Көкпекті ауданында мүлдем игерілмегенін атап көрсетті. Керісінше, Күршім, Катонқарағай, Шемонайха, Аягөз аудандарында қаражаттың игерілуі қарқынды. Сонымен қатар, «Жастардың іс-тәжірибесі» бағыты бойынша Аягөз және Зайсан аудандары тәжірибеге ешкімді жібермеген.
Облыс әкімі жоба әкімшілеріне конкурстық процедураларды аяқтауды, жобаларды іске асыру бойынша жобаларды ширатуды, қаржының толық көлемде игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, ол қалалар мен аудандардың әкімдеріне жаңадан ашылып жатқан жұмыс орындарын еңбекпен қамту орталықтары арқылы жұмыссыздардың, аз қамтылған азаматтардың қатарынан толықтыруды міндеттеді.
Жиын барысында бағдарламаның екінші – «Кәсіпкерлік арқылы жұмыс орындарын құру» және үшінші – «Тұрғындарды оқыту және жұмысқа орналастыруға көмектесу» бағыттарының орындалуы да жан-жақты талқыға салынды. Олар жөнінде «Ертіс» корпорациясына және ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорларына шағын несиелерді беру жұмысын жандандыру, қала-аудан әкімдеріне оқытудан, жастар іс-тәжірибесінен және әлеуметтік жұмыстан кейін азаматтарды еңбекпен қамту бойынша барлық тиісті шараларды қолдану тапсырмалары берілді.
Бұдан соң облыс әкімі тиісті басқармалар мен ведомстволардың басшыларына тапсырмалар берді. Мәселен, биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне жасалған талдау төмендегі жайттарды байқатқан. Өскеменде неміс тілін тереңдетіп оқытатын екі мектеп бар, солардың бірінің түлектері тестілеуде 81 балл алған. Ал облыстағы орташа көрсеткіш – 80,46 балл. Айырма жоқ, яғни, аталмыш білім ордасының жұмысында еш нәтиже жоқ деген сөз.
– Облыста ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын 21 мектеп бар, оларда 5880 оқушы білім алады. Солардың 11-і – Өскеменде. Міне, осы оқу орындары түлектерінің көрсеткен орташа балы 85-ті құраған. Мемлекет тарапынан «лицей», «гимназия» деген атақ-дәрежелері үшін оқу орындарына 40 пайыз мөлшерінде қосымша ақы төленеді. Оларда білімнің сапасы да тиісінше жоғары болуы керек. Алайда, олар мемлекеттің де, ата-аналардың да үмітін ақтамай жүр, – деген аймақ басшысы орынбасары Жақсылық Омарға арнайы комиссия құрып, осындай мектептердің сапасына тексеру жүргізуді міндеттеді.
Жиын барысында облыс әкімі, сондай-ақ, Үржар ауданының басшысы Серік Зайнулдинге Алакөл жағасын бекіту ісін ширатуды жүктеді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button