Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды
Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды. Орталықтың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Владимир Кошелев арнайы келіп қатысты.
Аталмыш орталық консультациялық және консалтингтік қызмет түрлерін көрсететін болады. Мұнда жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының иелеріне, сондай-ақ, бизнеспен айналысуға бел буған азаматтарға маман кеңесі ұсынылмақ. Бір сөзбен айтқанда, орталық қызметіне жүгінушілерге шаруасын дөңгелетіп әкетуге жан-жақты көмек көрсетілетін болады. Бұл туралы орталықтың мал шаруашылығы жөніндегі кеңесшісі, «ВК Консалтинг» ЖК директоры Жағыпар Нұрғалиев айтты.
– Біздің орталық есепші қызметкерлердің біліктілігін арттыру және компьютерлік сауаттылыққа үйрету, мал басына электрондық есеп жүргізу, сонымен қатар, бизнес-ұсыныстар мен жобалар әзірлеу сияқты көптеген қызмет түрлерін көрсетеді. Бұдан былай кәсіпкерлер облыс орталығына сабылмай-ақ, бар қажетті ақпаратты осы жерден алатын болады, – дейді ол.