Кәсіпкерлерге тегін көмек түрлері көрсетіледі
Зырян мен Серебрянка қалаларында тұңғыш өңірлік кәсіпкерлікті қолдау орталығы ашылды.
Айта кетейік, «Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау» қанатқақты жобасы еліміздің бес облысында ашылмақ. Ал Зырян және Серебрянка шаһарлары осы іс-шараның пионері болып отыр. Орталықтың ашылу рәсіміне қатысқан Зырян ауданының әкімі Е.Сәлімов оның негізгі жұмысы кәсіпкерлерге тыңғылықты кеңес беру екенін айтты.
Сонымен қатар мұнда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы, несиелер бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау, несиелер бойынша ішінара кепілдік беру, өндірістік инфрақұрылымды дамыту және сервистік қолдау, болашақ кәсіпкерлерге ақысыз кеңестер, мәліметтер беру қызметтері көрсетіледі. Мұның сыртында кәсіпкерлер үшін заңдық көмек көрсетіліп, жұмыскерлер жинау, бухгалтерлік және салықтық мәселелер бойынша кеңестер берілмек.
Қысқасы, бұл кешенді қызметтер өз бизнесін ашудан бастап, оны қалай басқаруға болатындығына дейінгі толық үдерісті қамтиды.