Кәсіпкерлерге қолдау көрсететін кеңсе ашылды

Өскеменде шетелдіктерден инвестиция тарту процесін оңтайландыратын арнайы кеңсе ашылды. Бұл «Protecting Business and Investments» деп аталады. Сондай-ақ бұл кеңсенің қызметкерлері алдағы уақытта бизнестегі сыбайлас жемқорлық фактілерін азайтумен айналысатын болады.
Айта кетейік, жобалық кеңсе еліміздегі Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, сонымен қатар, Сыртқы істер мен Инвестициялар және даму министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында құрылды.
Кеңсенің ашылу салтанатында сөз алған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары, әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Қайрат Сапарғалиев заңбұзушылықтарға жол бермес үшін қандай шара қолдану қажеттігін айтып берді.
Салтанатты шара барысында кеңсе қызметкерлері елімізге инвестицияға тартуға ниет білдірген шетелдіктерді сыбайлас жемқорлық деректерінен 100 пайыз қорғауға кепілдік беретінін атап өтті.
– Кәсіпкерлердің заңнамалық білімдерін жетілдірсек, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға болады. Әйтпесе, бизнесмендердің дені тиісті құжаттарын даярлау үшін пара берсе, жұмысымыз жеңілдейді деп ойлайды. Алайда, бұл қате пікір. Осы орайда ағымдағы жыл басынан бері кәсіпкерлік қызметке заңсыз қол сұққан мемлекеттік қызметкерлердің үстінен бес қылмыстық іс қозғалғанын айта кеткен орынды. Соттың шешімімен алты адам жауапкершілікке тартылды, – дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро департаментінің жедел басқару басқармасының басшысы Дархан Елтоқов.
Ажар Мұратқызы