Қоғам

Кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсетіледі

Кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсетіледі


Елбасы Жолдауында кәсіпкерлерге үлкен қолдау білдіріп, оларға мемлекет тарапынан көмек болатынын атап көрсетті. Болашақта ел тұрғындарының көбі осы кәсіпкерлік саласында еңбек ететінін, мемлекет бюджеті шағын және орта бизнеске арқа сүйейтінін атады.

– Аудандағы шағын кәсіпкерлік субьектілер саны – 5257, оның ішінде 2314 шаруа қожалығы, 202 заңды тұлға, 2714 жеке кәсіпкер бар. Кәсіпкерлік субъектілер саны былтырмен салыстырғанда 6,3 пайызға артты. Экономикалық белсенді халықтың 21,8 пайызы немесе 9792 адам шағын кәсіпкерлікпен айналысады, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Леонид Шиянов.

Былтыр шағын кәсіпкерлік нысандарынан түскен салықтың үлесі аудан ішкі табысының 27,5 пайызын құрапты.

Ауданда жылдан-жылға кәсіпкерлік нысандар артып келеді, жыл басынан бір қонақүй, екі дәріхана, 15 сауда дүкені, он қоғамдық тамақтану орны, төрт шаштараз, екі тігін цехы, бір автобекет, екі аяқ киім шеберханасы, екі сауна іске қосылып, 82 жұмыс орны ашылды.

Бұдан бөлек, өңірімізде Индустрияландыру картасына екі жоба енгізілген. Біріншісі – «АҚ-Минералс» ЖШС-нің «Катодты мыс өндіру зауыты» инвестициялық жобасы. Кәсіпорын жылына 5 мың тонна мыс өндіріп, 320 адамға жұмыс бермек. Екіншісі – «Eurotransit Terminal» ЖШС-нің «Бақты» кеденінде көлік-логистикалық орталық салу» жобасы. Іске асырылу мерзімі – 2017-2022 жылдар.

– Қазір 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізудеміз. Осы жылы 714 кәсіпкерлік субьектісіне, 1376 кәсіпкерлікке ынталы тұлғаға кеңес беріліп, қызмет көрсетілді. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша ауданда 20,5 миллион теңгеге екі жоба, «Сыбаға» бағдарламасы аясында 89,1 миллион теңгеге төрт жоба жүзеге асырылып, 141 бизнес-жоспар дайындалды, – дейді филиал басшысы.

Биылғы 1 шілдеден «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өзіне-өзі қызмет ету электрондық алаңын іске қосты. Кез келген кәсіпкердің есепші, заңгер, маркетолог, сапа стандартын енгізетін маманды және басқа мамандарды штатында ұстауға мүмкіндіктері бола бермейді. Бірақ «Аtameken Services» тұғырнамасын пайдалануға мүмкіндіктері бар. Бұдан былай кәспкерлер «Аtameken Services» тұғырнамасы арқылы қашықтықтан сервистік қызметтің 61 түрін ала алады. Олар – бухгалтерлік, салық есептілігі бойынша кеңестер, кедендік сұрақтар бойынша көмек көрсету, IT-секторы бойынша қолдау көрсету, маркетинг қызметтері, заңгерлік қызметтер, мемлекетік-жекеменшік әріптестік, мемлекеттік сатып алулар.

– Жыл басынан «Бизнес Бастау» жобасы бойынша 116 тыңдаушыға сертификат табысталды, оның ішінде нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан 22 адам 60,25 миллион теңге несие алды, одан басқа 150 миллион теңге көлемінде 50 бизнес-жоба қаржыландыру үшін осы акционерлік қоғамға өткізілді. Қазір «Бизнес Бастау» жобасының бес бағыты бойынша 50 тыңдаушы оқытылуда, – дейді филиал жетекшісі.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button