Кәсіпкерлерге демеу болған «Даму»

2002 жылы облыс орталығында алғаш рет кәсіпкерлерге есігін айқара ашқан «Даму» қорының облыстық филиалы кеше өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өтті. Қор филиалы 15 жылдың ішінде облыстағы шағын және орта кәсіпкерлік саласының өркендеуіне үлкен үлес қосып, аймақтағы талай бизнесменнің бастаған ісіне ақжолтай болды.
– Президенттің тікелей тапсырмасымен елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» сияқты бірнеше бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып келеді. Кәсіпкерлеріміз осы бағдарламалар арқылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалының қаржылай қолдауы мен көмегін көріп отыр. Соңғы екі жылда ғана облыста шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 570 бірлікке өсіп, бизнеспен айналысушы азаматтардың қатары 8000-ға көбейген. Осы уақыт ішінде өңірде 22 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Мұның бәрі «Даму» қоры филиалының облыс, аудан, қала әкімдіктерімен, кәсіпорындармен, кәсіпкерлермен бірлесе, ынтымақтаса атқарған тиімді жұмысының нәтижесі, – деді қордың облыстық филиалы ұжымын құттықтаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов.
Салтанатты шарада «Даму» қоры облыстық филиалының директоры Тимур Екеевтің айтқанындай, 2013 жылы филиал жанындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы айына 90 кәсіпкерге қызмет көрсетсе, қазіргі күні осы жерге келіп шаруасын шешетіндердің, кеңес алатындардың саны айына 300 адамға жетіп отыр. Бүгінде филиал «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша несие пайызын субсидиялаудан республикада 2-орында, кәсіпкерлерге кепілдік беру көлемі жағынан 1-орында келеді. Өңдеуші кәсіпорындарға қаржылай көмек көрсету бойынша облыста филиал арқылы 158 жоба қаржыландырылған. «Даму» қоры облыстық филиалының кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде өзге аймақтардың арасында көшбасшы болып отыруына жергілікті жердегі банк филиалдарының да көп септігі тиіп отыр.
Елімізде «Даму» қоры құрылып, мемлекеттік бағдарламалар енді ғана қолға алынып жатқан 2000 жылдары облыста өндіріспен айналысатын шағын бизнес нысандары немесе жеке кәсіпкерлер некен-саяқ болатын. Шағын және орта кәсіпкерлік саласы толассыз ашылып жатқан дүкен, шаштараздармен ғана толығып жатты. «Даму» қоры филиалының банктермен бірлесе отырып, бизнесті қаржылай қолдауының, филиалдың мемлекеттен берілетін субсидиялау тетіктері шараларын аймақта ұтымды, тиімді жүргізуінің арқасында бүгінде Курчатов, Серебрянка, Зырян, Риддер сияқты моноқалаларда бұрын-соңды болмаған жаңа өндіріс орындары, бизнес түрлері ашылып, өңірде шағын және орта кәсіпкерлік ырғақты дамып келеді.
Жанаргүл МҰҚАТАЙ