Қоғам

Кәсіпкерлерге қатаң ескерту жасалды

Кәсіпкерлерге қатаң ескерту жасалды


Алакөл жағалауында көлеңкелі бизнес түп-тамырымен жойылмақ. Енді көл жағалауындағы салық төлеуден жалтарған кәсіпкерлердің мәселесі заң жүзінде шешіледі. Өткен апта соңында Үржар ауданына барған облыс әкімі Даниал Ахметов демалыс базаларының басшыларына қатаң ескерту жасады.

Алакөл жағасында аймақ басшысының төрағалығымен өткен алқалы жиын барысында өңірдегі туризм саласын дамытуға қатысты біраз мәселенің басы ашылды. Мәселен, басқосуға қатысқан кәсіпкерлер жергілікті жолдардың сапасына көңілдері толмайтынын, бұған қоса сумен қамту мәселесі шешімін таппай келетінін айтып, шағымданды. Олардың айтуынша, мұның бәрі, түптеп келгенде өңірге туристер тартуға кедергі келтіруде.

Ал осы мәселеге қатысты облыс әкімінің берген жауабы алаған қол береген де болуы тиіс дегенге сайды.

– Негізі, бұл мәселе өздеріңізге байланысты. Өз конституциялық міндеттемелеріңізді уақтылы орындасаңыздар, яғни салықты дер кезінде төлесеңіздер, жол да жөнделеді, су да тартылады. Шындап келгенде, қазір ортақ маңызы бар істің алға басуына тосқауыл қойып отырған басқа емес, кәсіпкерлердің өздері, – деп кесіп айтты облыс әкімі.

Жиында хабарланғандай, былтыр жазғы маусымда көл жағасында 500 мыңнан астам адам демалған. Туристерге қызмет көрсеткен демалыс базаларынан шамамен 330 миллион теңге көлемінде салық түсуі керек болатын. Алайда іс жүзінде қазынаға болжамды соманың 10 пайызы ғана түскен. Аймақ басшысы ағымдағы жылдың маусым айынан бастап көл жағасында демалушыларға бақылау жүргізіліп, олардың нақты саны бекітілетінін жеткізді. Сондай-ақ жерге заңсыз иелік еткен кәсіпкерлер мәселесі де назардан тыс қалмайтынын хабарлады.

– Алакөл демалыс аймағының инфрақұрылымын дамытуға үш жылда 4,5 миллиард теңге көлемінде қаражат құйдық. Биыл да бұл істі жалғастыратын боламыз, оған күмән келтірмеңіздер. Тек біздің бастамамызға қолдау білдіргендеріңіз абзал. Бүгін көл жағалауын аралау барысында біраз кемшілікті көзім шалды. Бірінші кезекте – кейбір демалыс базалары ғимараттары сыртқы келбетінің ұсқынсыздығы. Менің пайымдауымша, бұл жердегі базалар мен мейрамханалар сәулеттік стилі жағынан бірдей болуы тиіс. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі талаптары да қатаң сақталуы шарт, – деген облыс әкімі биыл Алакөл жағалауының бас жоспары әзірленетінін де айтты. Оның негізінде демалыс қалашығына орталықтандырылған электр жүйесі тартылып, сумен қамту және жер бөлу мәселелері шешімін тауып, қалашық ішіндегі жолдар қалпына келтірілмеді.

Жиында заман талабына сай, көңілге қонымды жоба әзірлемейінше, ешкімге көл жағасында құрылыс жүргізуге рұқсат берілмейтіні де айтылды.

– Бұдан былай көл жағалауында жүзеге асырылуы тиіс жобалардың барлығы тікелей өз бақылауымда болады. Ертең бүкіл республикадан, шетелден келетін туристерге ұялмай көрсететін нысандар тұрғызуымыз керек. Ал мұндағы ғимараттардың біразы арзан материалдардан салынғаны көрініп тұр. Бұл жер халықаралық стандарттарға сай болуы шарт. Сол себепті, мұнда сапалы, заман талабына жауап беретін қонақүйлер салатын кәсіпкерлерді ғана тартамыз. Басқалар да сол азаматтарға қарап бой түзеуі тиіс, – деді аймақ басшысы.

Жиын барысында аудан әкімі Серік Зайнулдин мен бірқатар мемлекеттік орган басшыларының баяндамалары тыңдалып, көл жағасында қызмет көрсететін кәсіпкерлер тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылды.

Ауданға сапары барысында облыс әкімі Даниал Ахметов сонымен қатар Алакөл жағасында салынған саябақты аралап, құрылысшыларға біраз сын-ескертпелер жасады.

Айта кету керек, биылдан бастап Алакөлге, дәлірек айтсақ, Жалаңашкөл стансасына Өскемен және Семей қалаларынан пойыз қатынайтын болады. Билет құны – 2 800 теңге. Қазір Мақаншы мен Жалаңашкөл арасындағы жолды қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Бұған қоса Қарабұлақ пен Қабанбай ауылдарын жалғайтын 16 шақырымдық трасса да жөнделетін болады. Аталған жұмыстар 10 маусымға дейін аяқталуы тиіс.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button