Экономика

Кәсіпкерлердің құқын қорғау жүйесін жетілдіру қажет

Кәсіпкерлердің құқын қорғау жүйесін жетілдіру қажет

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов Өскеменде болып, өңірдің ірі кәсіпкерлерімен кездесті. «Алтай» технопаркінде өткен шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Мемлекет басшысы ұсынған Ұлт жоспарының 54-қадамында бизнес-омбудсмен институтын нығайту арқылы кәсіпкерлердің құқығын қорғау жүйесін жетілдіру қажеттігі айтылған. Осы қадам аясында жыл басынан бері жаңа Кәсіпкерлік кодексі күшіне енді. Оның аясында Қазақстанда тұңғыш рет кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл тағайындалған. Аталмыш лауазым иесі тікелей Президентке ғана есеп беретіндіктен, кәсіпкерлердің артып отырғаны сенімі де орасан. Сол қызметтің тізгінін ұстаған Болат Палымбетов жергілікті кәсіпкерлермен кезекті кездесуін Өскеменде өткізді.
Әуелі облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий өңірде қалыптасқан бизнестің ахуалы туралы қысқаша мәлімет берді. Оның айтуынша, кәсіпкерлер тарапынан түсетін арыз-шағымдар мен ұсыныстардың қарасы азаймай тұр. Жыл басынан бері палатаға жүзден астам жүгінім түскен. Түскен шағымдардың басым бөлігі салықтық әкімшілендіру, мемлекеттік сатып алу, құрылысқа қажетті жер телімдерін бөлу мәселелеріне қатысты. Осы жүгінімдер негізінде кәсіпкерлікке кедергі келтіру фактісі бойынша екі бірдей қылмыстық іс қозғалып, тоғыз адам қызметтен қуылған екен. Облыста жалған кәсіпкерлік деректері өршіп тұр. Бұл бүгінгі таңда өңірлік палатаны алаңдатып отырған негізгі мәселе десе де болады.
Кәсіпкерлер көптеген жобалардың кешігіп жүзеге асуына жер қатынастарына қатысты мемлекеттік қызметтің сапасыз көрсетілуі себепкер болғанын айтып дабыл қағып отыр. Түскен өтінішке жауаптың кешіктіріліп берілуі, жер телімін беру барысында ақылға сыймайтын шарттардың қойылуы кәсіпкерлердің аяқ-қолын матауда. Әсіресе, елді мекендерден құрылысқа қажетті жер телімін алудың қияметі көп көрінеді. Әзірге елімізде көптеген елді мекендердің тыңғылықты жоспарлау жобалары жоқ. Ол болған күннің өзінде өзгеріс енгізу мүмкін емес. Ал жер телімін беретін атқарушы орган кәсіпкерден салынатын құрылысқа сұралып отырған жердің тыңғылықты құрылыс жоспарын әкелуді талап етеді. Жер кодексінің 44-бабында мұндай жоспарлау жобасы болмаған жағдайда жер теліміне өтініш түсірген адамның талабын орындаудан бас тартуға болатыны айтылған.
Ал қалаларда құрылысқа жарамды бос жерлер жөнінде ақпарат алу кәсіпкерлер үшін қиынға соғып отыр. Болат Палымбетов мұндай кемшілікке жол бермеу керектігін қатаң ескертті.
-Қаланың бас жоспары мемлекеттік құпия емес, онымен танысуға кез келген азамат құқылы. Қажет болса ғаламторға шығарып қойыңыздар. Солай істеу арқылы тұрғындардың жұмысын жеңілдетер едіңіздер, – деді Б.Палымбетов.
Кәсіпкерлер тарапынан «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы берілетін шағын несиенің көлемін азайтқанның орнына көбейтсе, малға берілетін субсидия шартын 50 бастан 30 басқа дейін түсірсе деген ұсыныстар айтылды. «Шығыс-Сүт» ЖШС директоры Сейілжан Сайлаубаев өз кезегінде түрлі заңнамалық өзгертулер бойынша қоятын ұсыныстарының жаңа құжатта көрініс таппайтынын мәселе етіп көтерді. Б.Палымбетов ұсыныстар жоғарыға жету үшін белсенді әрекет етіп, жергілікті мәслихаттардағы кәсіпкер депутаттардың мүмкіндігін пайдалануды ұсынды.
Сөзінің соңында Болат Палымбетов кез келген дағдарыстан экономиканы құрылыс алып шығатынын еске салып, атқарушы орган саланың дамуына қайшы шешімдерден аулақ болуы керектігін айтты.
Кәсіпкерлер палатасы елдегі көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлыққа қатысты кәсіпкерлердің пікірін пайымдау үшін «Іскерлік климат» атты тәуелсіз рейтинг жүргізген. Соның нәтижесі осы кездесу барысында жария етілді. «Атамекен» ұлттық палатасының қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілермен жұмыс департаментінің директоры Ерлан Үстеміровтің айтуынша, бұл рейтингте Шығыс Қазақстанның көрсеткіші ала-құла. Көлеңкелілік пен жемқорлық бойынша облыс көңілге қонымды орынды иеленсе, инфрақұрылыммен және қаржылық қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау көрсеткіші бойынша көш соңынан орын тепкен.
Кездесу соңында Болат Палымбетов кейбір кәсіпкерлерді жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button