Кәсіпкерлерді толғандырған мәселе көп
Өскеменде «Атамекен» Одағы» кәсіпкерлердің ұлттық экономикалық палатасы қауымдастығы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов облыстағы шағын және орта бизнес кәсіпорындары басшыларымен және кәсіпкерлік қауымдастықтары өкілдерімен кездесу өткізді.
Облыс Әкімінің орынбасары Жомарт Мұратовтың қатысуымен өткен жиында аймақта кәсіпкерлікті дамыту, саладағы әкімшілік кедергілерді жою, кәсіпкерліктегі даулы мәселелерді шынайы шеше алатындай апелляциялық комиссия құру, шағын және орта бизнесті өркендетуге тұсау болып тұрған өзге де мәселелер талқыланды.
Маусым айында Елбасы өткізген еліміздегі кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі кеңесте Президент Үкімет пен «Атамекен» Одағы» кәсіпкерлер қауымдастығына осы саладағы кедендік, салықтық, тағы да басқа түйткілді мәселелерді шешіп, бизнесті өркендетуге қолайлы жағдай туғызуға байланысты бірнеше нақты тапсырма берген болатын.
Кәсіпкерлермен болған екі сағаттық әңгіме барысында қауымдастық төрағасы А.Мырзахметов саладағы кез келген проблеманы шешу Мемлекет басшысы айтқандай, ең алдымен кәсіпкерлердің өздерінің бірлесе қимылдап, бір қауымдастыққа бірігуінен басталатынын атап айтты. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», мәселені мемлекет деңгейінде көтеріп, жергілікті жердегі проблеманы да жеткізіп, дәйекті пікір, нақты ұсыныс білдіру– осы жәйттердің бәрі шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы жандардың біртұтас республикалық кәсіпкерлік қауымдастығына немесе ұйымына енгенде ғана ойдағыдай орындалмақ. Осы орайда төраға кәсіпкерлер үшін республикалық қауымдастыққа кіру қажеттігі туып отырғандығын жеткізді.
Кәсіпкерлердің пікірінше, шағын бизнестен түсетін салықтың 50 пайызынан астамын жергілікті бюджетке қалдыру кәсіпкерліктің дамуына үлкен септігін ти-гізбек. Салықтың жергілікті жерде қалуы билік пен шағын кәсіпкерлік арасындағы қарым-қатынасты нығайта отырып, өңірлердегі кәсіпкерлікті қолдауға деген қызығушылықты әлдеқайда арттыра түспек. Елбасының берген тапсырмаларын орындауға қатысты хаттамадағы бұл мәселенің оңды шешімін табатынына кәсіпкерлер үміт артып отыр.
Кездесуде «Шығыс Қазақстан облысы шағын және орта бизнес жұмысшыларының кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Г.Казанцева, «Атамекен» Одағы» кәсіпкерлер қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы И. Шацкий, басқа да ұжымдар өкілдері мен басшылары облыстың шағын және орта бизнес саласында орын алып отырған проблемаларды жеткізіп, шешімін табуына ықпал етуді өтінді.
Жиынды қорытындылаған «Атамекен» Одағы» республикалық кәсіпкер-лер қауымдастығының төрағасы облыс кәсіпкерлерінің кәсіпкерлікті өркендетуге байланысты айтылған ұсыныстары мен көтерген мәселелері қыркүйек айында Үкімет қарауына ұсынылатынын жеткізді.