Қоғам

Кәсіпкерлердің мақсаты айқын

Кәсіпкерлердің мақсаты айқын


Бүгінде Бородулиха ауданы экономикасының басты қозғаушы күші ауыл шаруашылығы саласы болып тұр. Өңірде мал өсіріп, егін егіп, сол арқылы қарағайлы өлкенің гүлденуіне сүбелі үлес қосып жүрген шаруа қожалықтары жетіп артылады. Оның ішінде біз арнайы ат басын тіреген «Красный Яр» және «Прогресс» қожалықтары да бар.

Красный Яр ауылында орналасқан аттас шаруа қожалығының жұмысшылары бүгінде тайлы-тұяғы қалмай егістікте жүр. Бізді ауылдық округ әкімдігінің маманы Андрей Сафронов қарсы алды.

– Сергей Быков басқаратын «Красный Яр» қарапайым серіктестігінде бүгінде 135 адам еңбек етуде. Дені өзіміздің ауылдастар. Серіктестіктің техникасы да жиі жаңаланады. Бұл да қожалықтың жағдайы жаман емес екенін аңғартса керек, – деген А.Сафронов сонымен қатар қазір серіктестіктің қарамағында сегіз мыңға жуық гектар жер бар екенін де айтты. Ол жерлерге жаздық бидай, күнбағыс, арпа мен сұлы сияқты дақылдар егіледі.

Айта кетерлік жайт, серіктестік басшылығы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де бір сәт естен шығарған емес. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында Красный Яр ауылдық округінде медициналық пункт, «Қазпошта» бөлімшесі, балалардың ойын алаңдары сияқты әлеуметтік маңызға ие бірнеше нысан пайда болған. Бәрі де осы бір серіктестіктің қаржылай қолдауы арқасында жүзеге асқан жобалар. Бұған қоса шаруа қожалығының басшылығы ауылдық округтегі мүмкіндігі шектеулі жандар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың, тыл еңбеккерлері мен жетімдердің мәселелелерін шешуге жәрдемдесіп келеді.

Бүгінде «Красный Ярдан» көршілес Құнарлы ауылдық округіндегі «Буран» және «Прогресс» серіктестіктері де қалыспауда. Владимир Антонов басшылық ететін шаруа қожалықтары 1999 жылы құрылып, содан бері табысты жұмыс жүргізіп келеді.

– Мен осы жердің тумасымын. 30 жылға жуық уақыт бойы көлік жүргізушісі болып қызмет еттім. Сөйтіп, машина тізгіндеп жүре берер ме едім, кім білсін? Алайда, 90-шы жылдардағы қиыншылық көмектесті. Сол бір тоқырау жылдары тәуекелге бел буып, өз кәсібімді ашып көрдім. Үмітім ақталды, ісім алға басты. Алғашында «Буран» деп аталатын бір қожалығым бар болатын. Уақыт өте келе «Прогресс» деген атауға ие тағы бір серіктестік құрдым. Міне, бүгінде осындай екі қожалықтың тұтқасын ұстап отырған жайым бар, – деген кәсіпкер енді қарамағындағы жұмысшылардың санын арттыруды көздеп отырғанын айтады. Владимир Антонов әсіресе жас механизаторларды жұмысқа тартқысы келетінін жасырмайды.

Осы ретте оның шаруа қожалықтары бүгінде Құнарлы ауылдық округінде өтетін түрлі шараларға демеушілік жасап келетінін де айта кеткен жөн болар. Оған қоса қыс айларында техникасын жолға шығарып, жергілікті трассаларды қардан тазалау жұмыстарына да атсалысады екен.

Техника демекші, В.Антоновтың серіктестіктерінде қазір кішірек тракторларды қоспағанда, тоғыз К-700 бен бір John Deere комбайны бар.

– Трактордың бәрі жақсы ғой. Дегенмен, John Deere-дің жөні бір бөлек. Бұл техниканы былтыр «ҚазАгроҚаржы» арқылы сатып алғанбыз. Әрине, құны қымбатырақ болғанымен, тигізетін пайдасы орасан, – деген кәсіпкер алдағы жоспарларына да тоқталды. – Қазір бес мың гектар егістік алқабымыз бар. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар арқылы жұмысымыздың ауқымын кеңейткіміз келеді. Мәселен, мал шаруашылығына ден қойсақ дейміз. Май зауыты мен диірмен салу да жоспарда бар.

Нұржан Кенжеұлы
Мақала Бородулиха аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button