Қоғам

Кәсіпкерлер жолдарды уақытында тазалап тұр

Кәсіпкерлер жолдарды уақытында тазалап тұр


Көкпектідегі жолдарды уақытында тазалап, шалғайда жатқан елді мекендердің көшелерін қардан аршу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізген 11 жеке кәсіпкер ауылдастарының алғысына бөленіп жүр.

Аудандық сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Капчиковтың айтуынша, ағымдағы жылы аудан жолдарын қардан тазалау жұмыстарына белсене атсалысқан 11 шаруа қожалығының басшылығына еңбекақы төленген.

– Биыл Қойтас, Қараөткел, Преображенка, Мелитополь, Ұзын бұлақ, Шәріп тоғай ауылдарының жол учаскелерін дер кезінде қардан тазалау жұмыстарын жүргізген «Тоқтарбаев» пен «Макаров А.В.» шаруа қожалықтарының жұмыстарын ерекше атауға болады. Бұрын аудан орталығынан шалғайда жатқан елді мекендерге арнайы техника жіберу үшін қыруар қаржы жұмсайтын едік. Ал биыл жеке кәсіпкерлердің нәтижелі жұмыстарының арқасында аудан бюджетінен бес миллион теңге үнемделді. Жалпы, біздің ауданымыздағы ауыл көшелеріне былтырдан бастап асфальт төселіп, ауылдарға қатынайтын жолдар қалыпқа келтірілуде. Мәселен, өткен жылы Преображенка – Шұғылбай автожолының алты шақырымына ағымдағы жөндеу жүргізілді.
Бұрын бұл жолдағы шұңқырлардың тереңдігі 10-15 сантиметрге дейін жететін. Сондай-ақ, Самар ауылындағы Киров көшесінің орташа жөндеу жұмыстарына 24 миллион теңге жұмсалды, – дейді Мақсат Капчиков.

Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Көкпекті ауданындағы бірқатар ауылдың көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұған көкпектіліктер дән риза.

– Бұрын біз тұрып жатқан Ырғызбаев көшесінде асфальт болмаған. Жаңбыр жауса, топырақ езіліп, ыңғайсыздық туғызатын. Қазір түп-түзу жаңа асфальт төселді. Осы қарқынмен алдағы уақытта ауылымыздың орталық көшелері толық асфальтталып, жарықтандырылып шығатынына сеніміміз мол, – дейді Көкпекті ауылының тұрғыны Айман Жандыбаева.

Ағымдағы жылы жоспар бойынша аудан орталығында жаңадан жаяу жүргіншілер жолдары салынып, автобекет алдындағы алаңға абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, биыл Көкпекті ауданының аумағымен өтетін республикалық Қалбатау – Майқапшағай күре жолының құрылысы басталады. Аталмыш трасса халықаралық стандарттарға сәйкес салынатын болады. Бұл жолдың құрылысы аудандағы көлік қатынасының сапасына оң әсерін тигізері сөзсіз.

Ажар Сағатбекова
Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button