Қоғам

Кәсіпкерлер тоғыз үй алып бермек

Кәсіпкерлер тоғыз үй алып бермек


Мемлекет көпбалалы отбасыларға айрықша назар аударып, олардың мұң-мұқтажын шешуге, тұрмысын жақсартуға күш салуда. Бұған жергілікті бизнес өкілдері де шама-шарқынша атсалысып жатыр. Сондай-ақ NurOtanпартиясының жетекшілігімен қазір бұл проблема жан-жақты зерттеліп, тиянақты жұмыстар жүзеге асырылып келеді.

Осы орайда аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Роза Жүнісовамен көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың ахуалы туралы әңгіме өрбіттік.

– Ауданда төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар 1669 ана тұрады, – дейді Роза Сүлейменқызы. – Олардың бүгінге дейін 388 отбасы әлеуметтік көмек алушы ретінде тіркелген, ал 276-сы мемлекеттен бұрынғы есеп бойынша көмек алып келген. Аталған отбасылардың түгелі сәуірден бастап көбейтілген жәрдемақы алады.

Аз қамтылған отбасылардың 46-сында меншік үй жоқ. Аталған отбасыларды үймен қамту мақсатында комиссия құрылып, қайырымдылық қоры ашылып, кәсіпкерлер мен тұрғындар арасында қайырымдылық акциясы өткізілген-ді. Одан түскен қаржы – 14 миллион 147 мың теңге.

– Ауданда 672 көпбалалы азамат үй кезегінде тұр. Олардың, алдында айтқандай, 46-сы – үйсіз жүрген жағдайы төмен отбасылар. Міне, біз осыларға нақты қолғабыс жасау үшін түрлі шаралар ұйымдастырудамыз. Солардың бірі – жуықта аудан әкімінің жетекшілігімен өткен қайырымдылық акциясы. Оған тұрғындар, шаруа қожалықтары иелері, кәсіпкерлер, бизнес өкілдері қатысты, – дейді партия өкілі.

Шаруа қожалықтары мен бизнес иелері осындай аз қамтылған жанұяларға тоғыз үй сатып бермек.

Өңірдегі білім ұяларында көпбалалы отбасылардың 3032 баласы және аз қамтылған жанұялардың 1094 баласы оқиды. Барлығы 4126 оқушыға тегін мектеп формасын алуға (бір балаға 18640 теңгеден) 76909 мың теңге, ыстық тамақпен қамтуға 32164 мың теңге қосымша қаражат қажет. Мектептерде тегін ыстық тамақпен қамтуға аудандық бюджеттен 83135 мың теңге, аз қамтылған отбасылардың балаларына киім алуға 16740 мың теңге қарастырылған.

Алдағы уақытт аз қамтылған отбасылардың 1 мыңдай баласын Алакөл жазғы лагерінде демалдыру үшін және Нұр-Сұлтан, Семей, Курчатов қалаларына саяхатқа 135 оқушыны жіберу үшін қаражат қаралып отыр. Сондай-ақ 157 оқушыны облыстық арнаулы оқу орындарында грант бойынша оқыту көзделуде.
«Ана мен бала денсаулығы» акциясы шеңберінде 1310 көпбалалы ана медициналық сараптамадан өтіп, 13 ана ем қабылдаған. Аталған шара әлі жалғасуда.

Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 35 көпбалалы отбасына шағын несие, 30 отбасына бизнес ашуға мемлекеттік грант берілетін болды. Аз қамтылған бес адам қысқа мерзімді курстарға, 41 адам ақылы қоғамдық және әлеуметтік жұмысқа жіберіледі.

Тағы бір айтарлық жайт, өңірдегі 1669 көпбалалы ананың, оның ішінде 276 аз қамтылған жанұяның тұрмыс жағдайы тексеріліп, әлеуметтік карта толтырылды.

–NurOtanпартиясының ХVIII съезінде біраз тапсырма берілді. Қазір он бағыт бойынша жұмыс істеудеміз, – дейді Роза Жүнісова. – Биыл – Жастар жылы. Сондықтан жастарға арналар жауапкершілігі мол істерді жоғары деңгейде өткізу керек. Дегенмен, атқарылатын іс-шаралар бір жылмен шектелмей, жыл сайын басты назарда болуы тиіс. Осындай іргелі істің бірі – жазда Алакөл жағасында республикалық дәрежедегіайтыс өткізу.

Бұған дейін ауылдық округтің әкімі, аудан әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болған Роза Жүнісова бұл лауазымға жақында тағайындалды. Қадірменді ана екі бала өсіріп, төрт немере сүйіп отыр.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button