Кәсіпкерлер көмектесіп тұр

Алматы облысымен шекаралас жатқан Қарақол ауылдық округінде бүгіндері 2270 адам тұрады. Қарақол орталығы болып келетін осы округке Сағат, Сартерек және Абай ауылдары қарайды. Округ бұдан басқа әртүрлі қашықтықта орналасқан 16 қыстақтан тұрады.
Үржардан шалғайда орналасқан округ орталығы заманға сай салынған әдемі үйлермен, тамаша мектебімен кереметтей үйлесім тапқан. Сонымен қатар, дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік пункт, пошта, мешіт тұрғылықты ел-жұртқа қызмет етеді.
Округте кезінде Чернобыль апатына қатысқан бір адам және он бес тыл еңбеккері есепте тұрады. Кейінгі кезде өңірімізде жүргізіліп жатқан «Атамекен» акциясы аясында Қарақол ауылының Жақсыбеков көшесін кәсіпкер С.Күлдібаев өзінің жауапкершілігіне алып, тұтасымен жарықтандырды. Осындай пайдалы іспен айналысқан кәсіпкер Мұқатай Кәкенов округке қарасты Сағат ауылының кіреберісіне ою-өрнекті арка орнатса, тағы бір азамат Ағзам Темірғалиев осы ауылға баратын жолға шағын көпір салды.
Кейінгі жылдары ауылдық округтің қожалықтары өздерінің өндірген өнімдерін аудандық деңгейдегі жәрмеңкеге шығара бастады. Бұл оларға айтарлықтай пайда әкелуде.
Ауыл тұрғындарының жылқы және бойдақ ірі қара малдарын жайлауға шығару үшін жыл сайын 9 табын ұйымдастырылған. Мал бағымының бағасы көктемгі жалпы жиналыста тұрғындардың келісімімен бекітілген. Ауылдың мал дәрігерлері жаз бойы тізімдегі кестеге сәйкес мал табындарын аралап, тиісті кеңестерін беріп тұрады.
Елді мекендегі «Ырсақ-ата» шаруа қожалығы сонау 2015 жылы қазақтың ақ бас асыл тұқымды бес бас бұқасын сатып әкеліп, ірі қараларын асылдандыруда. Сондай-ақ кейінгі уақытта «Абылайхан» шаруа қожалығы екі бас және «Әбсейіт» шаруа қожалығы екі бас асыл тұқымды бұқа сатып алып, мол пайда әкелетін бұл іспен бүгінгі күндері түбегейлі айналысуда. Қазір ауылдық округте ірі қара малының біразы асылдандырылып үлгерді. Былтырдан бері ауылда мал бордақылау алаңы ашылып, бір кооператив жұмыс істеуде.
Бейсенғазы Ұлықбек