Көшпенділер өркениетін Еуропаға танытамыз
Ол құпияларды археологтардың жаңа буыны ашпақ. Кеше Өскемен қаласындағы Орталық мәдениет үйінде болып өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда үш жылға созылған археологиялық қазба жұмыстарының алғашқы қорытындысы шығарылды.
Шығыс Қазақстанда соңғы үш жыл бойы кешенді археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілген болатын, аталмыш келелі басқосуда сол орасан зор ғылыми еңбектің алғашқы нәтижелері түйінделді. Бұл маңызды жиынға Ресей, Түркия, Германия, Чехия және Франция мемлекеттерінен, сондай-ақ өз еліміздің түкпір-түкпірінен жетекші ғалымдар қатысты. Конференцияның мәртебелі меймандары арасында Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева, Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов және Сенат депутаты, академик Ғарифолла Есім болды.
– Елбасымыздың мұрындық болуымен қолға алынып, іске асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты – халқымыздың бай мәдени мұрасын сақтау және оны одан әрі дамыту. Бүгінгі конференцияда біз сол бағдарлама шеңберінде облыс аумағында жүргізілген үшжылдық археологиялық зерттеу жұмыстарының алғашқы нәтижелерін түйіндемекпіз. Еліміздің білікті археологтары Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаев пен Карл Байпақовтың жетекшілігімен осы уақыт ішінде өте үлкен іс атқарылды. Қазба жұмыстары өңіріміздің көне замандардан бері қайталанбас бірегей өркениеттің тал бесігі, Еуразия құрлығындағы ең ірі металлургиялық аймақтардың бірі болғанын айғақтап отыр, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Өңірімізде соңғы үш жыл бойы жүргізілген археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту бағдарламасы аясында аса құнды жәдігерлер табылып, айтулы жаңалықтар ашылды. Отандық археологтардың қажырлы еңбектері арқасында облыс аумағынан мыңдаған көне заман бұйымдары аршылып алынды. Бірегей археологиялық жәдігерлер осы өңірді мекен еткен ата-бабаларымыздың тұрмыс-салтынан, мәдениеті мен дүниетанымынан сыр шертеді.
Аймақ басшысының айтуынша, бағдарлама іске асырылған кезең ішінде, яғни үш жылда жалпы саны 19 мыңнан асатын көне артефакт табылыпты. Еліміздің озық археологтары Зейнолла Самашев, Әбден Төлеубаев және Карл Байпақов тиісінше Берел мен Елеке сазы, Шілікті қорғандарында, сондай-ақ Аблайкит будда ғибадатханасында ауқымды қазба жұмыстарын атқарған. Осы зерттеулердің нәтижесінде еліміздің тарихы мыңдаған жылдарға тереңдей түсті, мәдени мұрамыз толықты. Бір ғана Зайсан ауданындағы Шілікті патша қорғанынан табылған зергерлік бұйымдар әлемдік археологтар қауымдастығын дүр сілкіндірген жаңалық болды. Ал жерленген көсемнің бас сүйегі бойынша ғалымдар оның тірі кезіндегі келбетін қалпына келтіріп шыққан.
– Қазақ Алтайынан табылған бұл көне мұралар тарих саласында сенсация жасап, төл мәдениетімізді байыта түскені анық. Десек те, археологтарымыздың алдында әлі де атқарылар ұшан-теңіз жұмыс тұр. Жуырда Ыстықкөл жағасында өткен Түркі кеңесінің 6-шы Саммитінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ортақ тарихымызды түркітілдес елдердің бірлесе зерттеуі, мемлекеттер арасында мұрағаттық ақпарат алмасу жөнінде ұтымды ұсыныстар айтып, оларды өзге әріптестері қызу қолдаған болатын. Сол себепті бұл іске шетелдік ғалымдардың жан-жақты атсалысқаны абзал, – деді Аида Балаева.
Қуатжан Уәлиев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Киелі жерлер» жобасы бойынша республика деңгейінде 100 орынның және жергілікті деңгейлерде 456 орынның таңдалып алынғанын атап көрсетті. Атап өтерлігі, сол 100 орынның 13-і – Шығыс Қазақстанда. Олардың қатарында Берел, Шілікті, Ырғызбай әулие, Қоңыр әулие сынды мәдени-тарихи нысандар бар. Сондай-ақ жергілікті маңыздағы киелі орындардың 26-сы да біздің өңірде орын тепкен. Елбасының «Еліміздегі киелі орындары – бізді рухани жұтаңдықтан сақтайтын мәдени қалқан» деген аталы сөзімен қорытындылаған ол облыс әкімі Даниал Ахметовке мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға қосып жүрген ерен еңбегі үшін алғыс білдіріп, «Рухани жаңғыру» төсбелгісін табыс етті.
– Алтай – бүкіл түркі жұртының киелі мекені ғана емес, сондай-ақ көптеген Еуразия халықтарының атамекені. Түркі әлемінің ЮНЕСКО-сы саналатын «ТҮРКСОЙ» – түркітілдес елдер бірігіп құрған ең алғашқы ұйым. Біз 90-шы жылдардан бастап мәдениет пен өнер саласына жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатырмыз және бұл іс жалғаса береді. Қазақстан – осы беделді ұйымның ең белсенді мүшесі, соның айғағы ретінде біздің ел ұйымға 10-шы жыл төрағалық етуде. Ұйымымыз осы Алтай бауырындағы іргелі басқосуға ерекше маңыз бөліп, оған алғашқы күннен бастап қолдау көрсетіп жүр. Себебі, мұндай тұрғыдағы ауқымды жиын ешбір өзге өңірлерде өтпейді, – деді Дүйсен Қорабайұлы.
Ғалым Ғарифолла Есім өз сөзінде аталмыш конференцияға биыл қатарынан үшінші жыл қатысып отырғанын айтып, оның маңызы артып, ауқымы кеңейіп келетінін баса атап көрсетті.
– Шығыстағы «Елеке сазынан» «алтын адам» табылды дегенді естігенде ерекше қуандым. Өлген адамға осыншама құрмет көрсеткен бабаларымыз тірі адамдарға қандай ілтипат танытты екен деген ойға келдім. 1717 жылы Бірінші Петрдің Сібірдің, Қазақ даласының қорғандарынан алтын бұйымдарды жинау туралы бұйрығы шыққан болатын. Сол кезде қаншама қорымдар тоналды. Сақтардың тонна-тонна алтыны Еуропаның мұражайларында жатыр. Өкінішті-ақ! Дей тұрғанмен, қазіргі кезде табылып жатқан аса бай мұраның өзі – бір төбе. Оларды зерттеу, зерделеу, әлемге жаңа қырынан таныту – баршамыздың ортақ парызымыз, – деді ғалым.
Атап өтерлігі, облыстық бағдарламаның шеңберінде бағзы заман ескерткіштері зерттеліп қана қойған жоқ, сонымен аталған нысандарға көпшіліктің келуіне, көне мұрамен жақынырақ танысуына мүмкіндік жасады. Бұл осы жерге келіп, жәдігерлерді көзбен көрген өскелең ұрпақ ел тархын біліп өседі деген сөз.
Ғалымдардың қазба барысында олжалаған дүниелері осыдан бірнеше мың жыл бұрын Алтай өңірінің өркениет ошағы болғанын айғақтай түсті. Көшпелі өмір салтын ұстанған ата-бабаларымыздың кен іздеу, оны игеру, металл балқытып, одан жоғары эстетикалық деңгейдегі зергерлік бұйымдар – нағыз өнер туындыларын жасау ісін де жетік меңгергені анық байқалады.
Осынау бай әрі бірегей мұрамызды көздің қарашығындай сақтап, ары қарай тиянақты зерттеп, әлемдік қауымдастық алдына паш ету – алда тұрған басты міндет. Облыс басшылығы алдағы уақытта Еуропаның мұражайларында «Ұлы дала алтындары» атты көрме ұйымдастырып, табылған жәдігерлердің бір бөлігін көрсетпек.
Өскеменде Археология мұражайы салынады
Конференция кезінде шетелден келген археологтар сөз сөйледі. Атап айтсақ, чехиялық Павел Флегонтов ғұндар мен түркілердің генетикалық туыстығы, германиялық Антон Гончаров қола дәуіріндегі Асқаралы кенішінің ерекшеліктері, түркиялық Эмре Севинч қорғандардағы жартас суреттер, франциялық Марк-Оливер Перу будда дінінің Алтайға жетуі туралы жеке зерттеулерімен бөлісті. Басты баяндаманы өзіміздің ғалымдарымыз – Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаев жасады. Олар бағдарлама бойынша жүргізілген зерттеу жұмыстарының алғашқы нәтижелерін жария етті.
– Осыдан үш жарым жыл бұрын аймақ басшысы Даниал Кенжетайұлы мені және әріптесім Әбдеш Төлеубаевты шақырып, облыс аумағында ауқымды әрі жан-жақты археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Біз бұл бастаманы қуана қабыл алдық. Осы уақыт ішінде 20 мыңға жуық жәдігер табылып, алтын қорымызға қосылды. Олар келешек зерттеушілерге азық болар дүниелер, – деген ғалым Шығыста зерттелген аумақтардан гөрі әлі сыры ашылмаған нысандардың көп екенін жеткізді.
Бір ғана мысал, Жарма ауданындағы Асқаралы жерінде қола дәуіріндегі кеніш, сонымен бірге байырғы шахтерлар мекендеген орындар табылған. Оны бірнеше жыл бұрын отандық археологтар неміс ғалымдарымен бірлесе қаза бастаған. Соңғы зерттеулер Қытайдағы, тіпті Кіші Азиядағы сол кезеңдегі қола бұйымдарының Қалба кеніштерінде игерілгені белгілі болып отыр. Себебі қоланың құрамындағы қалайы Қытайда кездеспейді.
Алда тұрған басым бағыттардың бірі – осы киелі орындарға туристік маршруттар әзірлеу. Сол себепті жыл соңына дейін 2019-2021 жылдарды қамтитын бағдарламаның екінші кезеңі жасалатын болады. Сонымен қатар облыстық тарихи-өлкетану мұражайында қазба мұраларын түбегейлі ғылыми зерттеумен шұғылданатын заманауи зертхана құрылмақ. Келешекте Өскеменде Археология мұражайы салынады. Ал Шілікті аңғарында аспанасты мұражайы бой көтеруі тиіс.
Дүйсен Қасейінов, «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы:
– Бұл күнде дәстүрлі шараға айналған «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық конференцияға «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы алғашқы күннен бастап қолдау көрсетіп, қатысып келеді. Айтулы ғылыми форум Ұлы Алтай халықтары мәдениеттерінің ықпалдасуына һәм қайта өркендеуіне қосылған қомақты үлес болды. Облыс басшылығының археологиялық қазба жұмыстарын қолдау, мәдени мекендерді насихаттау арқылы, мәдени туризмді дамытуға бағытталған бастамасы нақты нәтиже беретініне сенемін. Халықаралық ұйымның 25 жыл ішінде әлемдік дәрежеде танымалдыққа ие болып, жүздеген маңызды жобаларды іске асыруына түркітілдес елдердің Президенттері мен Үкімет басшыларының қолдауының арқасында қол жетті. Түркітілдес халықтардың атажұрты Хан Алтай өңірінің өсіп- өркендеуіне үлес қосып, «Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастырған облыс әкімшілігіне, университет қызметкерлеріне шексіз алғысымды білдіремін!
Аида Балаева, Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі:
– Елімізде және одан тысқары жерлерде де кең қолдау тауып отырған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқасында тек қазақ ұлтының ғана емес, сонымен қатар бүкіл түркі жұрттарының тарихи және мәдени мұрасын сақтау жөнінде жүйелі жұмыс атқарылды. Шығыс Қазақстан облысында жүргізілген бірегей археологиялық қазба жұмыстары, олардың барысында табылған баға жетпес мол мұра ата-бабаларымыздың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, мәдениеті, дүниетанымы, наным-сенімі туралы білімімізді тереңдетуге мүмкіндік берді. Біз осы басталған істі одан әрі жалғастырып, өзге түркітілдес елдермен арадағы қарым-қатынастарды нығайта беруіміз қажет. Осы ретте мен аймақ басшысы Даниал Ахметовке «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға көрсетіп отырған жан-жақты қолдауы үшін алғыс білдіргім келеді. Осы маңызды мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру жөнінен шығыс еліміз бойынша бүгінде көш бастап отыр.
Ержан Әбіш