Қоғам

Көшпелі көрмеге келушілер көп

Көшпелі көрмеге келушілер көп

Облыстық өлкетану мұражайында Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған көшпелі көрме есігін айқара ашты. Көрмеге тұлғаның бұрын-соңды кездеспеген фотосуреттері, құнды қолжазбалары қойылған.
Көрмеге қойылған Алаш қайраткері туралы деректермен экспозициялық көрме бөлімінің меңгерушісі Фарида Кенжебайқызы таныстырды.
– Әлихан Бөкейхановтың ғұмыры мен саяси ұстанымын ашып көрсету мақсатында көшпелі көрме ұйымдастырып отырмыз. Осыған дейін «Дана тұлға Әлихан» атты ғылыми конференция өтті. Оған студенттер мен оқушылар қатысты. Мұндай іс-шаралар әлі де ұйымдастырылады, – дейді Фарида Кенжебайқызы.
Аталмыш көрме сәуірдің соңына дейін Өскеменде болып, одан кейін Зырян, Курчатов, Бородулихаға аттанады. Көрменің бірінші бөлімінде Әлиханның туған өлкесі Қарқаралының суреттері, ауыл туралы мағлұматтар қойылған. Сондай-ақ, Омбы техникалық училищесінен алып шыққан аттестаты, Санкт-Петербург императорлық орман шаруашылық институында оқыған құжаттарының көшірмелері қойылған. Олардың қатарында бұрын көрсетілмеген құжаттардың да көшірмелері тұр.
– Әлихан Бөкейханов саяси қайраткер ретінде шыңдалғаннан кейін Батыс Сібір географиялық қоғамына мүше болған. Щербина экспедициясына қатысып, Ақтөбе, Кереку өңірлерін зерттеуге атсалысқан. Әсіресе, ауылшаруашылық экономикасын зерттеп, қой шаруашылығына мән берген. Кейіннен Семей өңірінен Жоғарғы Думаға депутат ретінде кандидатурасын ұсынады. Сөйтіп, үгіт-насихат жұмыстарымен жүрген кезде дала генерал-губернаторы Әлиханды Павлодардың түрмесіне жазықсыз үш ай қамайды. Сол кезде қалтасынан Абайдың құнды қолжазбалары табылған, – дейді Фарида Кенжебайқызы.
Сондағы қамауға алынғандығы туралы хаттаманың, Ресей премьер-министрі Виттеге жазған телеграмманың көшірмелері көрмедегі деректердің қатарын толықтырып тұр.
Финляндияда наразылық үндеуіне қол қойған экс-депутаттардың ішінде Әлихан Бөкейхан да болып, Семей түрмесіне екі-үш ай қамалады. Ол жерге Шәкерім, Тұрағұл келіп тұрған екен. Ол жерден Әлекең 1909 жылдары Самараға жер аударылады. Көрмеден Самарадағы тұрған үйінің суретін де көруге болады. Кейіннен Қазақ автономиясын құру мақсатында кадеттер партиясы мүшелігіне өтеді. Бірақ ол партияның құлықсыз екенін түсініп, мүшеліктен шығып, Орынбор қаласына келеді. Ендігі ойы «Алаш» атты партия құрмақ еді. Әлихан басты бес тұжырым бойынша Қазақ автономиясын құру, жер, тіл мәселелерін көтеруді көздеді. Сол жылы желтоқсанда екінші жалпы қазақ съезіне төраға болып сайланады да, Семей өңіріне ауысады. Алайда, партия 2 жыл үш ай ғана жұмыс істеген. Большевиктер Үкімет басына келгеннен кейін «Алаш» партиясының жұмысын заңсыз деп шешті. Алашордашылар қудалауға ұшырады. Әлихан Бөкейхан Мәскеуге жер аударылып, ол жақта әдебиетші болып жұмыс істейді. 1927 жылы қызметінен қысқарып, 10 жыл үйқамақта отырады. Бірақ әріптестері, қазақ зиялылары көмек көрсетіп тұрған. Сөйтіп, 1937 жылы Бутырка түрмесіне қамалып, ату жазасына кесіледі. Көрмеде тұтқындау анкетасының көшірмесі, Бутырка түрмесінің, алашордашылар қызмет еткен Семейдегі үйдің суреттері көрініс тапқан.
Көрмеде келтірілген деректерге сүйенсек, Мұхтар Әуезовке Абай туралы жазуды ұсынған Әлихан Бөкейхан екен. Экспозициялық көрме бөлімінің меңгерушісі Фарида Кенжебайқызының айтуынша, алғаш Абайды зерттеп, шығармаларын орыс ұлтына таныстырған Әлекең көрінеді. Оның құнды еңбектерін басып шығаруға да мұрындық болған. Тұрағұлмен түскен суретіне қарап, Абайдың ұрпақтарымен тығыз қарым-қатынаста болғанын байқауға болады. Көрменің соңғы бір бөлімінде отбасы туралы да мағлұматтар бар.
Облыс көлемінде Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына орай Семейде, Өскеменде, аудандарда көптеген шаралар өтіп жатыр.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button