Қоғам

Көшіп келген қандастар диқандар қатарын көбейтті

Көшіп келген қандастар диқандар қатарын көбейтті


Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев Жер кодексін түсіндіру комиссиясының мүшелерімен бірге Қабанбай ауылдық округіне қарасты «Тайжүзген» алқабындағы көкөніс танабында болып, аталмыш мекендегі 18 шаруа қожалығының басшыларымен семинар-кеңес өткізді.

Аудан басшысы басқосуда жер телімдерінің қалай пайдаланылып жатқанына, аграрлық секторды дамыту, өңірге инвестиция тарту жолдарына тоқталып, бұл орайда алда тұрған міндеттерді тілге тиек етті. Ділдәбек Оразбаевтың айтуына қарағанда, бұл тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Екі жылдың ішінде облыстың көші-қон картасы бойынша Өзбекстанның – Сырдария, Қытайдың – Алтай, Тарбағатай, өңірлерінен келген қандастарымызға аудандағы игерілмей жатқан 4 мың гектар жер 10 жылға жалға берілген. Бұл аудан экономикасында да тың серпін туғызған. Мәселен, өткен жылы аталған жерден алынған өнім аудан қазынасына 180 млн. теңге таза пайда әкелген.

Елбасы ауылшаруашылық жерлерінің күтім көрмегендіктен тозып бара жатқанын, оны тиімді игерудің тетіктерін ойластырып, қажет болса жаңа жанашыр қожайынға тапсыру керек екенін үнемі айтып жүр. Бүгінде ауданда жермен жұмыс істеуге ниеттенген жастардың қатары көбейгені байқалады. Жиын барысында аудан әкімі әлі де игерілмей жатқан 5 мың гектар суармалы жердің бар екенін, алдағы жылы оңтүстік өңірдегі қандастарымыздың 30 жанұясы осында келіп, аталған жерлерді игеруге атсалысатындығын, бұл іске жергілікті тұрғындардың да тартылатынын атап көрсетті.
Шаруашылық иелері Жер кодексі жайындағы өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды. Мәселен, 2005 жылы осы өңірге Алтай өлкесінен көшіп келген қандасымыз Мұхтархан Құмат қазір иелігінде 10 жыл мерзімге жалға алған 1300 гектар жер барын, онда көкөніс, мал өсірумен айналысып отырғанын, өзінің Қазақстан азаматы екенін айта келіп, «болашақта оны сатып алуыма бола ма?» деген сауал қойды. Сұраққа ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы М.Қайырбеков:
– Егер Қазақстан азаматы болсаңыз, ол жерді сатып алуға толық құқығыңыз бар. Бұл үшін әкімшілікке өтініш жазуыңыз керек. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 49-бабына сәйкес, сату жөніндегі келісім-шарт тікелей сол жерде жасалады да, жер аукционға түсірілмей-ақ сіздің меншігіңізге айналады,-деп жауап берді.

Басқа да бірнеше қожалық иелері өздерін толғандырып жүрген сауалдарына комиссия мүшелерінен тұшымды жауаптар алды. Семинар–кеңеске қатысушылар «Тайжүзгендегі» Жетібаевтар жетекшілік ететін 13 гектар көкөніс алқабында жердің қалай пайдаланып отырғанын аралап көріп, осындағы тамшылатып суару технологиясымен танысты.

Қадырбек Кәкімұлы

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button