Көшкін қаупін қайтіп сейілтеміз?
Айтып келмейтін апаттың бірі – көшкін. Күні кеше ғана Жамбыл облысында жеті бірдей сарбаздың өмірін ұрлаған оқиға «Қар көшкінінің алдын алу жұмыстары біздің өңірде тиімді ұйымдастырылып жүр ме» деген сауал тастап кетті.
Биылғыдай қар мол жылдарда көшкін қаупі де күшейетін әдеті бар. Жыл басынан бері облыста үш мәрте өздігінен көшкін жүрген. Соңғы екі жағдай бір күннің ішінде болуы биылғы ауа райының қаншалықты құбылмалы екенін көрсетсе керек. Оның бірі «Защита-Серебрянка» бағытындағы теміржол бойынан 58-шақырым қашықтықта тіркелсе, енді бірі Өскемен-Зырян-Рахман қайнары бағытындағы жолдың 65-шақырымында түскен. «Қазселденқорғау» мекемесі облыстық филиалының директоры Омар Дүзгүмбаев бұл екі көшкінге ұйытқыған жел түрткі болғанын айтады.
-Абырой болғанда, қарлы боран салдарынан жол жабық тұрған. Соның арқасында ешбір адам немесе техника зардап шеккен жоқ. Көшкін жол жиегіне жетіп барып тоқтаған. Дереу тазартылды, – дейді ол.
Жалпы, Қазақстан бойынша көшкін түсуі ықтимал учаскелердің саны 800-ден асады. Соның 495-і біздің облыстың аумағында жатыр. «Қазселденқорғау» мекемесінің облыстық филиалы соның 336-сын бақылауда ұстауға жауапты. Өйткені, теміржол бойындағы учаскелерді «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы өзі қадағалайды. Аталған 336 учаске 24 бағыттың бойында орналасқан. Оларды алты ай бойы тұрақты бақылауда ұстау үшін 21 қызметкер еңбек етеді.
Соңғы өлшеулерге сенсек, көшкін жүруі мүмкін учаскелердегі қардың биіктігі 50-ден 155 сантиметрге дейін жетеді екен. Өңір бойынша Катонқарағай және Зырян аудандары, Риддер қаласы мен Өскеменнің маңайы көшкін жиі түсетін аймақтар саналады. Қар түскен сәттен бастап Зырян ауданының сегіз бағытында, Катонқарағай ауданының алты бағытында, Риддер қаласының алты бағытында, Өскемен маңайында екі бағыт пен барлық шаңғы базаларында бақылаушылар күн сайын өлшеулер жүргізеді. Қардың астыңғы, ортаңғы және беткі қабаттарының тығыздығын, ішкі температурасын, ең биік және ең аласа түскен бөліктерін қағазға тіркеп, Өскемендегі диспетчерлік бекетке хабарлау– осы бақылаушылардың күн сайынғы жұмысы.
Селден қорғаушы мекеменің қызметкерлері қараша айынан бері 25 жасанды көшкін түсіріпті. Бұл шаралар көшкін жүруі ықтимал учаскелердегі қауіптің алдын алу үшін жасалады. Оның да өз тәртібі бар. Әуелі бақылаушылардың берген ақпараты мен ауа райын болжаушылардың мәліметіне сүйене отырып, қандай учаскеде қар еруі мүмкін екені анықталады. Бұдан кейін жол учаскесінің екі жағынан да қозғалыс тоқтатылып, арнайы мамандар көшкін жүретін тұста жарылыстар жасайды. Мемлекеттік сатып алу жүйесіне сәйкес жарылыс жұмыстарын «Востоквзрывпром» ЖШС-нің мамандары атқарады.
-Алдын ала түсірілген көшкіндер 80,2 мың текше метр қарды етекке алып түсті. Кеше ғана Өскемен-Серебрянка бағытында төрт жерден алдын ала көшкін түсіру шараларын өткіздік. Адамның көшкін астында көз жұмуына 20 текше метр қар жетіп жатыр, – дейді О.Дүзгүмбаев.
Мамандар қыс пен көктемнің барлық айында көшкін қаупі бар екенін айтады. Оған күннің күрт жылынуы, желдің жылдамдығы, адамдардың белсенді әрекеттері де әсер ете алады. Сондықтан көшкін жайындағы кез келген хабарламаны елемеу – туындайтын қауіпті елемеу деген сөз.
-Біздің жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – елді құлақтандырып отыру. Жергілікті БАҚ арқылы, sms-хабарламалар арқылы көшкін қаупі туралы ескертпелерді үнемі беріп отырамыз. Соған қарамастан сапарға, серуенге, аңға шығып кететін адамдар бар. Халық көшкін туралы таратылған хабарламаларға құлақ салса екен деген тілегіміз бар, – дейді селден қорғаушылар.
Жоғарыда аталған 336 учаскедегі қардың биіктігін үнемі бақылауда ұстау үшін 207 таяқша орнатылған. Ол таяқшаларда әр 20 сантиметр сайын белгі шкаласы бедерленген. Бақылаушы қардың биіктігін осы белгілер бойынша дүрбі арқылы да мөлшерлей алады.
Соңғы тоғыз жыл көлемінде біздің облыста қар көшкінінен адам зардап шекпеген екен. Бірақ барлық бақылау қызметтері жерсеріктік жүйеге көшкен бүгінгі заманда селден қорғаушылардың ескі тәсілмен жұмыс істейтіні таңданатын жайт. Әзірге заманауи тәсіл мен ескі әдістің қайсысы тиімді әрі сенімді екеніне талдау жасаған да ешкім жоқ. О.Дүзгүмбаев жерсеріктік бақылау тәсілі қажеттігі сөз жүзінде айтылғанымен, қаржы бөлу жағы қозғалмағанын айтады. Есесіне келешекте селден қорғаушылар таулы аймақтарды тікұшақтан бақылауы мүмкін. Бұл ұсыныс қолдау тауып жатса, мекеменің жұмысы жеңілдеп, сақтық шаралары да ширайтыны анық.
Есімжан НАҚТЫБАЙҰЛЫ