Қоғам

Кішкентай таэквондошылар топ жарып жүр

Кішкентай таэквондошылар топ жарып жүр


Жас таэквондошылар аяқ-қолдарын оңды-солды сермеп жаттығу жасап жүр. Жас ерекшеліктері әртүрлі. Өзтүріктің ізбасарлары. Олай дейтінім, 1990-1995 жылдары Қазақстанда таэквондоның негізін қалап кеткен Мұстафа Өзтүрік екені белгілі ғой. Ал Өскемендегі бұл жеткіншектер сол жолды жалғап келеді. Жаттықтырушылары бірінші дан қара белбеу иегері – Еркін Құсайынов.

Зайсан ауданы, Жалши ауылының тумасы Еркін Құсайынов бала жастан спортқа жуық болды. Өскеменге келгеннен кейін таэквондоға бет бұрып, таэквондошы Мерхат Болатхановтың қол астында жаттықты. Жарыстарға шығып, жеңістерге жетті. 2010 жылдан бері қаланың іргесіндегі Ахмер ықшамауданында таэквондо үйірмесін ашып, жас жеткіншектерді дайындап келеді. Кішкентай таэквондошылардың өздері үлкен додаларда топ жарып жүр. Жуықта ғана 8-сынып оқушысы Жасұлан Ниязбек Ресейдің Новосибирск қаласында өткен халықаралық турнирде 3-орынды қанжығалап қайтты. Корей Республикасы елшілігінің кубогы үшін өткен додада Елнұр Мұратхан қарсылас шақ келтірмей бірінші орыннан көрінді.

– Таэквондо үйірмесіне балалар алты жастан келеді. Екі-үш жаттығудан кейін қимыл-қозғалыстарына, ерік-жігерлеріне қарап, нәтиже көрсететіндері байқала бастайды, – дейді жаттықтырушы Еркін Құсайынов.

Еркіннің шәкірттерінің ішінде жүлде алып жүрген кішкентай қыздар да бар. Таэквондоға бар-жоғы бес-ақ ай қатысып, облыстық турнирде бірінші орынды жеңіп алған Іңкәр Төлебаеваны ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар, Айзат Сайранбекова, Жәмила Расулқызы, Темірлан Мұратхан, Елнар Өмірбек, Заңғар, Санжар Темірханов зор үміт күттіреді. Ал ағайынды Әнуар мен Рауан жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтап, жеңіске жетеді.

Мерей Қайнарұлы
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button