Руханият

«Күшік күйеу» сахнаға қайта оралды

«Күшік күйеу» сахнаға қайта оралды

Өскемендегі облыстық драма театрының қазақ труппасы жазушы-драматург Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясын тұңғыш рет сахналады. Аталмыш комедия қаламгердің сонау 70-ші жылдары жазған шығармаларының бірі бола тұра, осы күнге дейін театр сахнасынан түспей келеді. Арада 40 жылға жуық уақыт өтсе де «Күшік күйеу» комедиясы әлі де өзектілігін жойған жоқ. Өзектілігін жойған былай тұрсын, туынды уақыт өткен сайын театр әртістерінің бар шеберліктерін салып ойнайтын, ал көрермендердің ынты-шынтысымен тамашалайтын қойылымына айналған. Оның себебі, «Күшік күйеу» жастар тақырыбын, ана мен баланың арасындағы қарым-қатынасты, сондай-ақ, бой түзеп қалған қызы бар кез келген ата-ананың баласының алдағы бағын ойлап, қам жеуі секілді өмірлік мәселелерді қамтиын сахналық туынды. Спектакльдің тақырыбы, айтар ойы – қоғамның қай кезеңінде болса да ескірмейтіндігімен құнды. Атап айтқанда, қойылымда ауыл мен қала жастарының қалыптасу келбеті, таным-түсінігі мен тәрбиесі, ұстаным-пайымы секілді көптеген өзекті мәселелер көрініс табады. Ондай қоғам өміріндегі өзекті түйткілдер спектакль барысында кейіпкерлер бейнесі арқылы, тіл, ән – домбыра мен гитараның «айтысы», би, т. б. сахналарының өне-бойында әсем көрініс тауып, әдемі өріліп отырады.
Бір жарым сағат бойы көрерменін бір күлдіріп, бір ойландыратын комедия кейіпкерлерін сахнада аса шеберлікпен сомдаған театр әртістері Сайраш Қопабаева (Гүлжамал), Гүлбақыт Бақтыбаева (Биғайша), Али Солтанбеков (Бекболат), Алмажай Төремұрат (Ботка), Еркебұлан Какимов (Қабанбай), Жасұлан Серкетаев (Тюрянчик), Сырым Алпысбаев (Кубик), сондай-ақ, Назерке (Алмушка) Айдынованың талантына, сахнаның бүгінгі заман талабына сай безендірілуіне, қоюшы режиссер С.Әкелеевтің өткен ғасырдағы көріністердің көпшілігін сіздер мен біздер күнделікті көріп, естіп жүрген дәл бүгінгі кезеңмен ұштастыра білген кәсіби шеберлігі көрермен көңілінен шықты деп нық айтуға болады.
– Тахауи ағамыздың тілі, ол кісінің драматургиясы қазақ оқырмандарына бұрыннан белгілі. Сонау кеңес заманында көтерілген тіл, дәстүр, ұрпақ тәрбиесіне қатысты мәселелер осы күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Қаламгердің сөз өнерін меңгеріп, оны орынды қолданудағы шеберлігін айтпағанда, қойылымның бүгінгі таңда да өзектілігін жоймауы көп нәрседен хабар берсе керек. Алғаш Өскеменге келгенімде шығысқазақстандық жастардың, оның ішінде түрі қазақ болса да, тілі орыстанып кеткен қазақ жастарының қоғамдық көліктерде, кафелер мен мейрамханаларда, күнделікті көшеде өздерін дөрекі ұстаулары, ішкі мәдениеттерінің төмендігі мен өзге ұлттарға көзсіз еліктеп-солықтау секілді өрескел қылықтары қатты ойландырды.
Содан, 2010 жылы осы «Күшік күйеу» комедиясын сахналауды қолға алдық. Ондағы мақсат – жоғарыда айтқан жастарымызға қойылым арқылы, сондағы өткір эпизодтар арқылы аздап болса да әсер ету. Қара орыс атанып жүрген қаракөз ұл-қыздарымыздың өздерінің бейшара қылықтары мен әсіре еліктегіш әрекеттерін сахнадан көріп, сабақ алса деген ой болатын. Ол ойымыздың белгілі бір дәрежеде жүзеге асқанына да сенімдімін. Бір қызығы, 2012 жылы біздің театрға осы «Күшік күйеу» комедиясын сахналауға тыйым салынды. Осы жолы «Күшік күйеу» заман талабына, көрермен талғамына сай мейілінше өңделіп, бейімделіп ортамызға қайта оралып отыр десек қателеспейміз, – дейді қоюшы режиссер Сақан Әкелеев.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button