Қоғам

Көшелеріміздің атауын неге өзгерте алмай отырмыз?

Көшелеріміздің атауын неге өзгерте алмай отырмыз?


Шынымен де, біз қандай көшелерде тұрып жатырмыз? Біріміз өз қайраткерлеріміздің атымен аталып, жаңа атау алған көшелерде тұрып жатсақ, енді біреулеріміз идеологиялық тұрғыда ескірген, баяғы кеңес заманындағы ескі атаулармен аталатын көше, даңғылдарда тұрып, тіршілік кешудеміз. Тіпті сол атауларды иеленген адамдардың көпшілігі қазақ жеріне табандары тимеген, қазақ еліне еңбегі сіңбеген, ел-жұртымыз мысқалдай болса да жақсылығын көрмеген біреулер екенін несіне жасырамыз?!

Егер айтар болсақ, кезінде біздің аудан орталығы – Үржарда Буденный атындағы көше бар еді. Кейіннен ол көшеге майдангер Рахманбек Тұрғанбаевтың есімі берілді. Ал енді сол әйгілі Буденныйға келетін болсақ, ол сонау төңкеріс заманында Жетісудағы қазақ ауылдарына қасқырдай тиіп, қойдан жуас халқын «бұлардың бәрі басмашылар» деп қанға бояған нағыз қанқұйлы адамның бірі болған. Аштықтың ақ семсері жетпей тұрып-ақ, осы Буденныйдың тегеурініне шыдамай, некен-саяқ адам емес, ауыл-ауыл болып бас сауғалап, сол кездің өзінде-ақ Қытай асып кеткен болатын. Сол секілді Ворошилов, Суворов, Шмид, Щорс, Кутузов, Фурманов, Морозов, тағы басқа толып жатқан бөгде елдің азаматтары қазақтың қалалары мен аудан орталықтарынан, тіпті шалғайда жатқан шағын ауылдарынан ойып отырып, бір-бір көшені, көше емес-ау даңғылдарды иеленіп алған.

Ресейдің өзі бұрынғы төңкерісшіл-революционерлердің атымен аталған қалаларының атын түгелімен өзгертіп тастағанда, біз әлі күнге дейін одан арыла алмай, күнде табанжолын тоздырып жүрген көшелеріміз бен даңғылдарымыздың, ауылдарымыздың атын өзгерте алмай отырмыз.

Пушкиннің «Смирись, Кавказ, идет князь Ермолов» деген өлең жолдары бар екенін санасы терең аға ұрпақ ұмытпаған шығар. Дағыстанның атақты ақыны Расул Ғамзатов осы өлең жолдарын оқыған сайын қатты ренжиді екен. Генерал Ермолов Кавказды отарлаушы ретінде танылған. Содан тау мінезді тау ақыны Мақашқаланың мэріне келіп, «Астанамыздың көшелерін орыс сойқандарының (жаулаушы адамдар) аттарынан тазалашы» деген екен. Одақ кезі, жоғарғы жаққа жалтақтап қалған басшы сонда сасқалақтап, өз уәжін көлденең тарта берсе керек. «Мәскеу бірдеңе десе, мен-ақ жауап берейін», – депті ақын. Бүкіл Дағыстан халқының мақтанышына айналған ұлы ақынның сөзін жерге тастасын ба, бірер айдың ішінде аталған шаhардағы өзге ұлт «қайраткерлері» атындағы көшелердің бәрі алынып тасталыпты. Біздің қазақ жазушылары мен ақындарының және жалпы, зиялы қауымның ішінде Расул Ғамзатовтай қыран мінезді адам бар ма екен? Қанша көше дейсіз ғой? 65 көше мен даңғылдың аты өзгеріп, Кеңес одағы кезінде-ақ Мақашқалада бірде-бір басқа ұлт өкілі атауындағы көшелер қалмаған екен.

Ал біз өз алдына дамып, өркендеп келе жатқан егемен елміз ғой! Қаншама батыр, ақын, ғұлама, ел үшін жанын беруге даяр болған ұлыларымыз баршылық.

Дегенмен былтыр аудан әкімі Серік Зайнулдиннің тікелей қолдауымен және жетекшілігімен аудан аумағында біраз көшелердің аты өзгеріп, өңір тұрғындарының қуанышында шек болмады. Бұл жұмыстардың тиісті деңгейде атқарылуына аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің де айтарлықтай еңбегі бар екендігі айқын. Сонымен ұзын саны 49 көше жаңа атауға ие болды. Мысал ретінде айта кетейік, Мақаншы ауылында Калинин көшесі Астана көшесі деп аталып, алты көше бірден өзгерді. Дәлірек айтсақ, Қайнар, Қағанат, Береке, Қазанат, Шамшырақ деген әдемі атаулар ескі атауларды алмастырды. Үржар ауылдық округінде Ленинградская көшесі – Алдияр, Ворошилов көшесі – Аққу, Котовский – Ұлытау, Суворов – Жидебай, Куйбышев – Ертіс, Фрунзе – Есіл көшелері болып жаңа атау алды. Сол сияқты Қарақол елді мекеніндегі Октябрь атындағы көше Сауран деп аталып, Жібек жолының дәл іргесінде орын тепкен ежелгі тарихи шаhарымыздың атымен аталды. Сонымен қатар Жаңатілек, Келдімұрат, Салқынбел ауылдық округтерінің көшелері уақыт талабына сәйкестендірілді.

Осы арада көшелерін жаңа қазақстандық көзқарасқа сәйкестендіре алмай, жайбасарлыққа салынып отырған ауылдық округ әкімдері де бар екенін жасыра алмаймыз. Елбасымыздың өзі жол ашып отырған соң мүмкіндікті толық пайдаланған дұрыс шығар. Өз асылдарымызды ұлықтап, көшелерімізге атын беріп, айшықтап отырып жазып қойсақ, бүгінгі түгілі, келер ұрпақ марқайып жүрмес пе еді?! Сонда қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырларында елі үшін еңбек еткен асылдарымыздың рухы баршамызды қолдап жүрер еді ғой.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы

Осы айдарда

Back to top button