Көшелерге үнемді шамдар орнатылады

Электр энергиясын үнемдеу және оны барынша тиімді пайдалану мәселесі қазіргі кезде өте өзекті саналады. Су мен жылудан қуат өндіру үшін қаншама шығын кетеді. Ендеше ол байлықты да шашау шығармай қолданған жөн.
Алдағы екі жылдың ішінде облыс электр қуатының жұмсалуын ширек пайызға төмендетуі тиіс. Атқарушы билік осындай меже қойып отыр. Бұл іске бюджеттік мекемелерден бастап алпауыт кәсіпорындарға дейін тартылуы қажет.
Аппараттық кеңесте баяндама жасаған энергетика басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаевтың мәліметінше, өңірде энергия үнемдеу және энергетикалық тиімділікті арттыру жөніндегі кешенді жоспар төртінші жыл іске асырылып келеді. Оның нәтижесі де жоқ емес. Атап айтсақ, облыстағы кәсіпорындардың энергия жұмсауы 22 пайызға кеміген.
Бүгінде облыстағы жиырмаға тарта ірі өнеркәсіп орны шамдарын, трансформаторларын жаңадан шыққан үнемді модельдерге ауыстырып шыққан.
Жиында аймақ басшысы Даниал Ахметов жаңа жобаларды іске асырғанда міндетті түрде заманауи энергия үнемдегіш материалдар мен технологиялар қолданылуы қажеттігін атап көрсетті. Бұл барлық саладағы жобаларға қатысты.
Шығыс Қазақстан Еуропалық қайта құру және даму банкімен осы бағытта тығыз қарым-қатынас орнатқан. Өскемен мен Семейдегі көшелерді жарықтандыру жүйесін жаңалау жөніндегі бірлескен жоба аясында 25 мың жарық көзі үнемді әрі «ақылды» шамдарға ауыстырылмақ. Осы мақсаттарға 4,8 миллиард теңге жұмсалады.
– Ал босаған ескі шамдарды осы қос қаладағы әлеуметтік нысандарға орнату керек. Осылайша, балабақша, мектеп, ауруханалар маңайлары жарықтандырылуы тиіс. Сонымен қатар көпқабатты үйлердің аулалары да ұмыт қалмауы қажет. Әрбір подъездің алдында жарық болса, әрі бейнебақылау камерасы тұрса, тұрғындардың қауіпсіздігі де артады, – деді бұл ретте Даниал Ахметов.
Екі ірі шаһардан бөлек, аудандардағы көше шамдары да ауысады. Қазір облыс аталмыш банкпен 16 аудандағы 10 мың шамды ауыстыру туралы 5,6 миллиард теңгенің келісімін жасап отыр. Бұл жеті жүз мыңға жуық тұрғынның күнделікті қатынайтын көше-жолдары жаңаша жарықтанады деген сөз. Осының нәтижесінде электр қуатын тұтыну 40 пайызға қысқарып, жылына 228 миллион теңге қаражат үнемделетін болады.
Атап өтерлігі, Еуропалық қайта құру және даму банкі ұсынып отырған қарыз ақшаға жылу және су құбырларын жаңарту жобасы да жоспарланған. Ол бойынша екі ірі қаладағы әбден ескірген құбырлар 20 миллиард теңгеге жаңартылмақшы.
Облыс әкімі барлық салада энергия үнемдеу шараларын қолға алуды және электр қуатын барынша тиімді жұмсауды міндеттеді. Бұл мекеме-кәсіпорындардағы қаржы шығынын қысқартады, ал артылған энергия өндірістің дамуына ықпал етпек.
Ержан Әбіш