Көшелер тағы да кеңейетін болды
Өскеменнің көшелерін кеңейтуді көздейтін бірнеше жобаға өзгеріс енді.
Сәтпаев даңғылын алты жолаққа дейін кеңейту жұмыстарымен танысқан облыс басшысы Даниал Ахметов ортадағы жасыл белдеуді де асфальтты жолаққа айналдыруды ұсынды.
-Даңғыл неғұрлым кеңейсе, Ертіс көпірінің екі жағындағы кептеліс соғырлым азаяды. Сондықтан екі бағыттың ортасындағы жасыл белдеуді де асфальттау қажет. Сөйтіп, тағы екі жолақ қосылады. Аяз түсіп, құрылыс тоқтаған кезде, осы жобаны бекітуге күш салыңыздар. Көктемде жұмысты өзгертілген нұсқамен бастайтын болыңыздар, – деді ол.
Даңғылды бойлай ені екі және үш метр болатын жиекжолдар да төселеді. Оның бірі спорттық сейіл құруға арналмақ. Бұл жолақ Ертіс көпірі арқылы Славский жағалауымен жалғасуы тиіс. Солайша, 2018 жылы қаладағы спорттық сейіл құру жолағының ұзындығы 20 шақырымға жетуі керек. Жалпы құны 2,5 млрд. теңге болатын бұл жобаға биыл 700 млн. теңге бөлінген. Кеңейтілген даңғыл келер жылдың қыркүйек айында толықтай қолданысқа берілетін болады.
Сәтпаев даңғылы мен Өскемен-Алматы тасжолын жалғап жатқан Жібек жолы көшесі де қосымша екі жолаққа кеңейтілмек. Жобаға жауапты «Дороги Востока» ЖШС жолдың Сәтпаев даңғылымен түйісер тұсын кейінге қалдыруды ұсынып отыр.
-Сіздер бүгін асфальт төсеп кеткенмен, ертең үш деңгейлі жолайрық құрылысы басталғанда қайта бүлінеді. Сондықтан ұсыныстарыңыз орынды, – деді облыс басшысы.
Ал Өскемен-Семей тасжолын қалқыма көпірмен жалғап тұрған Тоғас көшесін кеңейту жұмыстары келер жылға шегерілетін сыңайлы. Құрылыс жұмыстарының сылбыр жүріп жатқанын көрген өңір басшысы жобаны әрі қарай қаржыландырудың мәні жоқ деген баға берді.
-Ұзындығы төрт шақырым болатын жолды кеңейтуге бар-жоғы төрт техника жұмылдырған. Онсыз да кешігіп басталған жоба биыл аяқсыз қалайын деп тұр. Одан да қалған қаржыны №19 шағын аудандағы 200 орындық аурухананың құрылысына бағыттаңыздар, – деді аймақ басшысы. Аталған аурухананың ғимаратын толық тұрғызу үшін 500 млн теңге қажет. «Элхон» ЖШС директоры Лұқбек Тұмашинов нысанды шатырлап үлгерсе, қыс мезгілінде ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізуге болатынын айтады. Ал қосалқы ғимараттар салу және ауланы абаттандыру жұмыстары келер жылы жалғаспақ.
Облыс әкімі Астана көшесін абаттандыру жұмыстарына да өзгеріс енгізді. Мұнда да қос жиекжол төселіп, оның бірі спорттық сейіл құруға арналмақ. Үлбі өзенінің ернеуіндегі қоршаудың эстетикалық келбеті де жаңалануы тиіс. Облыс басшысы бос аумақ бола тұра жолды кеңейтуге күш салмаған жобалаушы мамандардың жұмысын сынға алды.
-Өскеменнің жолдарын қайта төсеудегі басты мақсат – көлік ағынын сейілту. Осыны ұмытпаңыздар. Берген тапсырмам айтылған жерде қалыпты. Үлбі көпірінен Потанин көшесіне дейінгі бөлікте де төрт жолақты қозғалыс болуы керек. Жобаға өзгеріс енгізіп, қайта бекітулеріңізге тура келеді, – деді ол.
Осындай ескерту Протозанов көшесінің Даңқ мемориалынан Орджоникидзе көшесіне дейінгі аралығын абаттандыру жұмыстарына да айтылды. Әсіресе, Үлбі өзені арқылы Астана көшесіне өтетін көпірдің оң жақ бұрылыстары көлік қозғалысына қолайсыз жасалғаны сөз болды.
-Протозанов көшесінен көпірге бұрылған тұс өте шұғыл жасалған. Бұл өте ыңғайсыз әрі қауіпті. Қарапайым жол ережесіне де қайшы. Сондықтан бұрылысты әріден алып, сүйірлей түсу керек. Ал көпірдің бір жағындағы жаяу жүргіншілер соқпағын көлік жолағына айналдырыңыздар, – деді облыс басшысы.
Облыс әкімі концессиялық келісім аясында жүзеге асып жатқан балабақша құрылысын да көрді. 250 орынға шақталған білім ошағының әзірге іргетасы қаланып жатыр екен. «VK Develeoment group» компаниясы құрылысқа қажет 733 млн теңгенің бір бөлігін банктен несиеге алыпты. Сол несиенің пайыздық үстемеақысын «Даму» бағдарламасы арқылы мемлекет өтемек.
-Бұл нысан – облыстағы концессиялық келісім аясында салынып жатқан тұңғыш ғимарат. Концессионер 15 жылдан кейін бұл ғимаратты мемлекет меншігіне өткізеді. Алғашқы он жылдың ішінде құрылысқа жұмсаған шығынын мемлекет біртіндеп қайтаруы тиіс. Оған қоса 100 пайыз мемлекеттік тапсырысқа кепіл беріп отырмыз. Яғни, осы 15 жылдың ішінде концессионер балабақшадан пайда табатын болады, – дейді әкім.
Есімжан НАҚТЫБАЙҰЛЫ