Көшелер кеңейіп, аулалар абаттанады

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар халыққа қорытынды есеп беру кездесуін өткізді. Бұған дейін шаһардың әр аумағында осындай бес жиын өтіп, оған 4 мыңнан астам халық қатысыпты. Облыс орталығының басшысы түйінді басқосуда да өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылға жоспарланған ауқымды шаралар жөнінде баяндады. Бұл басқосуға облыс әкімі Даниал Ахметов қатысты.
Атап өтерлігі, шаһар басшысы қызметіне былтырғы тамыз айында кіріскен, сол себепті қаланың барлық жобалары мен проблемалары оған «мұраға қалды» деуге де болады.
Есеп мәліметке мол болды. Айталық, Өскемендегі халықтың саны 343 606 адамды құрайды екен. Былтыр қалалықтардың орташа жалақысы 137 мың теңгеден 150 мың теңгеге артыпты. Жалпы, барлық дерлік әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерде өсім бар.
Қала өткен жылы құрылыс, инфрақұрылым және әлеуметтік салаға 56 миллиард теңге жұмсаған. Әсіресе тұрғын үй салу ісі қарқын алды, 210 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Негізгі құрылыс алаңы болған 19-шы шағын ауданындағы жұмыстар осымен тоқтайтын болды. Аумақ толық игеріліп біткен, өзге жерлері тау-тасты, оларға коммуналдық желі тарту тым қымбат.
Осы жылы да Өскеменде үй салу, жол жөндеу, аулаларды абаттандыру сынды жұмыстар қыза түспек. Айталық, Бейбітшілік көшесінде Арбат пайда болады, Шәкәрім, Серікбаев көшелері, Әуезов даңғылы кеңейтіліп, Потанин, Дзержинский көшелері, Жеңіс даңғылы жөнделеді. Жолдар мен аулаларға 1200-ден астам бақылау камерасы орнатылады.
Жарыссөзге шыққан білім, денсаулық, өнеркәсіп, кәсіпкерлік салаларының және жастар ұйымдарының өкілдері атқарушы биліктің жұмысына оң баға берді.
– Қала басшылығы жұмысының жұртшылық тарапынан жоғары бағалануы қуантады. Расында да, Өскеменде барлық дерлік мемлекеттік бағдарламалар, Елбасының тапсырмалары табысты іске асуда. Өскемен туралы айтарым, біз қалаға қаржыны аямаймыз, қаншалықты игере алса, соншалықты қаражат бөлеміз, тек жұмыстың тиімді әрі сапалы атқарылуы ғана талап етіледі, – деді осы ретте аймақ басшысы.
Облыс әкімі әсіресе білім, денсаулық сақтау салаларында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылар жұмыстар жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
– Облыста 30 мектеп Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша орташа 100-ден артық балл жинаған. Өкініштісі сол отыздың тек екеуі ғана – Өскемен мектебі. Сондықтан білім сапасын арттыруға көңіл бөлу керек. Сонымен қатар басым бағыттардың бірі – цифрландыру. Өмірдің барлық саласын сандық форматқа көшіру керек, – деген аймақ басшысы жергілікті атқарушы орган үшін ең негізгі міндет халықтың әл-ауқатын, тұрмыс деңгейін көтеру екенін ерекше ескертті.
Ержан Әбіш