Көшеде шошқалардың өлексесі шашылып жатыр
Ұлан ауданының Восточное ауылындағы депутаттың үйінің жанында шошқалардың өлексесі жайрап жатыр. Бұл жағдай тұрғындарды әбігерге салуда. Мәселенің шешілмей келе жатқанына 10 жылға жуықтапты.
Ауыл тұрғыны Ольга Мартыненконың, айтуынша, ол күнделікті шошқаның нәжісі мен торайлардың өлексесі шашылған жолмен жүруге мәжбүр. Айналаға оның жағымсыз исі де таралып тұр. Тұрғындар депутаттың өзіне де, әкімдікке де, жергілікті құқық қорғау органдарына да сан рет шағымданған. Бірақ еш нәтиже жоқ. Ауыл тұрғындары ақыры экологтардың көмегіне жүгінді.
Экологиялық нормаларды бұзу фактілерінің бар екендігін эколог-мамандар да растап отыр. Олардың сөзінше, жануарлардың нәжісі мен өлекселерін бұлайша ашық тастау адамдар үшін қауіпті. Себебі олардан түрлі инфекциялық аурулар таралуы мүмкін.
Ал үй иесі, Ұлан ауданының депутаты Артем Бережной болса бұл мәселеге өзінің қатысы жоқтығын алға тартып отыр.
– Шошқалар менікі емес, – дейді халық қалаулысы.
Алайда тұрғындар бұл маңда Бережнойдан басқа ешкім шошқа асырамайтынын айтады. Қалай дегенмен де депутат алдағы уақытта жолды тазартуға уәде берді.
Экологтар табиғатты қорғау прокуратурасынан қоршаған ортаның ластануына кінәлі адамды анықтауды сұрады. Олардан бөлек бұл іске аудандық әкімдік те араласпақшы.
Мадина Қайнарова