Қоғам

Көше саудасына тыйым салынатын кез келді

Көше саудасына тыйым салынатын кез келді

Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ Өскемендегі орталық базардың жағдайымен танысты. Облыс әкімі базардағы және оның сыртындағы сауда нүктелерін аралап, олардың өрт қауіпсіздігі мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға жауап бермейтіндігін атап өтті.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен қала әкімі Темірбек Қасымжановқа аталған мәселелерді шешу жөнінде тапсырма берілді.
– Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті адамдардың денсаулығын қорғаудың орнына зиянын тигізіп отыр. Қол қусырып қарап отыр деуге болады. Көше саудасымен күреспесек, ол өрши түседі. Өкінішке орай, Өскемен мұндай анархиялық сауда сақталып қалған аз қалалардың бірі. Қала әкімшілігіне қатаң ескерту жасап отырмын. Тауар өткізудің дұрыс жолын ұйымдастыру қажет. Тағы келіп тексеретін боламын,-деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Облыс орталығындағы көше саудасымен күреске көз жүгіртер болсақ, олардың түрлі жазалау шараларына еттері өліп кеткен деген шешімге келуге болады. Жазаланған сайын бір жерден екінші жерге көшіп үйренген саудагерлер, көшеде тауарларын жайып қойып сатуларын қояр емес. Сапасыз өнім сатып алып, ақшамыз желге ұшуы былай тұрсын, оған қоса қауіпті ауру жұқтырып аламыз-ау деп ойламайтын тұрақты тұтынушылар да олардың соңынан еруде.

Көше саудасына тыйым салынатын кез келді

Облыс әкімінің сауданың жүйелі әрі өркениетті болуын талап етуі әділетті, азық-түлікті жабдықталған сөреден сатып алған әлдеқайда қауіпсіз, өйткені, аммиакпен уланып, бруцеллез жұқтырып аламын деп алаңдамауға болады.
Ал мұндай қауіптің бары рас, ол жөнінде баспасөз беттерінде аз жазылған. Ал тұтынушыларды мұндай қауіпке не итермелейтіндігі – жұмбақ.
Алайда. нарық өз дегенімен істетеді. Сұраныс болса, ұсыныс та бар. «Заречный» сауда базары көп жылдан бері сүт өнімдерін көшеде саудалап келеді. Дәл кісі аяғының астында, жолдың жанында. Тұрақты сатушылардың бірі Гүлнұрдың айтуынша, оған базардан тегін сауда орнын беруге осыдан үш жыл бұрын ұсыныс жасалған. Алайда, оның үйреншікті орнынан кеткісі жоқ.
-Мұнда менің тұрақты тұтынушыларым бар. Мен әкелген өнімдерімді күні бойы сатып тұрмаймын, айналасы үш-төрт сағаттың ішінде өтіп кетеді. Әрі осы жерде өнімдер сұранысқа ие. Кім сүт үшін базарға барады. Адамдар да осы жерден сатып алып үйренген,-дейді ол.
Мұндағы сатушылар өздерінікін дұрыс деп санап, бірін-бірі жақтайды. Олардың барлығы өздерін өз малдарының сүтін саудалаушылар ретінде таныстырады. Дегенмен, олардың басым көпшілігі – жақын маңдағы ауылдардан сүт сатып алып, мұнда үстіне тиын қосып саудалайтын алыпсатарлар.
Өткен жылы қала әкімшілігі көше саудасымен күресті сауда қыза түскен жерлерді анықтап, жазалау шараларын қолданатын мобильдік топ құру арқылы қарқынды жүргізетіндіктерін жариялаған. Алайда, сеңді бұзу мүмкін болмады.
Себеп түсінікті. Біздің заңнамаларда қолданатын шарадан көше саудагерлері ықпайды. Айыппұл көлемі өте төмен және табыспен оны салыстыруға да тұрмайды.
Қалалық мәслихат депутаттары сол кезде қала көшелерінде сапасыз тауар жөнінде және санитарлық талаптарға жауап бермейтін сауда орны жайында ақпарат қабылдайтын телефон нөмірі бар билбордтар ілу жөнінде ұсыныс тастады. Өкінішке қарай, бұл ұсыныс қағаз жүзінде қалды.
Облыс әкімі рейд барысында көше саудасымен айналысатындардың басым көпшілігі зейнеткерлер екендігін назардан тыс қалдырмады.
– Зейнеткерлер қайда сауда жасайды деген сауал туындайтынын түсініп отырмын. Өзге қалалар жабық, жақсы орындар арқылы мәселені шешті. Бұл сатушылар үшін де, сатып алушылар үшін де ыңғайлы. Осыған лайық ғимаратқа байланысты ұсыныс дайындаңыздар,- деді аймақ басшысы, сауда орындарын аралау барысында.
Қала әкімшілігі мәдениетті көше саудасын ұйымдастыратын нақты шараларды қолға алуы керек. Ал тұтынушыларға сақ болыңыздар деуден басқа айтар уәж жоқ. Жерде жатқан тауарды сатып алып аздаған ақша үнемдеу арқылы ең қымбат нәрсе – денсаулықтан айырылуға болады. Осыны естен шығармаған ләзім.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button