Қоғам

Кіші Убаның алғашқы қазағы

Кіші Убаның алғашқы қазағы


Атамыз қазақ «Ер – елі үшін туады, елі үшін өледі» деуші еді. Елінің бағына бола туған сондай бір азамат Кіші Убада тұрады. Үлбінің бір сағасынан бөлінетін, кішкентай ғана Уба өзенінің әр толқынын үкілеген аядай ғана ауыл бұл өзі. Азаматымыз – Асхат Қайранов.

Көсегелі істің басы – көк трактор

Ел ағасы атанар жасқа жеткен азамат ата кәсіптен игіліктенгелі 12 жылдай болыпты.

– Үйдің кенжесі – қара шаңырақтың иесі болғандықтан, ауылға оралуыма тура келді. Ол кезде мұнда көсегеңді көгертер жалғыз ғана іс мал шаруашылығымен айналысу еді. 2005 жылы кәсіпкерлікке алғашқы қадамымды жасадым. Қызығы да қиындығы да сол – мен ешқандай несие алмадым. Қарызданып-қауғаланбадым. Маңдай тер, табан етпен келген дүнием ғой. Шүкір, жыл санап ісім ілгеріледі, – дейді кәсіпкер.
Асекеңнің кәсіпке кіріскенге дейінгі еңбегі де көпке үлгі боларлық.

– 1997 жылы шаңырақ көтердім. Қолда бар 20 мың теңгеме ескі көк трактор сатып алдым. Есімде, 1992 жылы үлеске тиген 20 гектар жерім болды. Көктемде көк трактормен жерді жыртып, азын-аулақ егін саламын. Күзде бар астықты жұбайым екеуіміз қағып-сілкіп, шашауын шығармай сатып, ақшаға айналдырамыз. Солайша бір табыстың құйрығын біріне бастырдық. Бүгінде 100 бас ірі қарам бар. Оның 80-і сауын сиыр. Мініске біраз жылқы да ұстаймын. Әйтпесе, біздің ауыл тұрған жер Қамбар ата түлігіне қолайсыз ғой. Жемшөбімді дайындап алатын техникам тұр. Осы күнге жеткізген сол көк трактор әлі бар, – деп марқая күлді кейіпкеріміз.

«Қайранов» шаруа қожалығының негізгі бағыты – сүт өндіру. Мұндай қожалықтардың ұзын саны облыс көлемінде 55-ке жетеғабыл. Болашақта мал бордақылаумен айналысу жоспарда бар екенін де атап өтті шаруашылық басшысы. Бұл күнде «Восток молоко» ЖШС-нің көнегін айына 700-800 литр сүтпен толтырып отыр. Қазіргі күні сүт литрі – 105 теңге. Үкімет тарапынан 15 теңге субсидия берілетін көрінеді. «Қайранов» ауылдың тоғыз тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Орташа жалақылары 70 мың. Қожалық басшысы мереке сайын қызметкерлерін сый-тартумен де қуантады. Жақында ғана Жаңа жылға орай жұмысшылардың балаларына сый-дорба ұстатқанын, мәдениет үйіндегі мерекелік концертке жиналған ауыл жұртшылығы көзімен көрді.

– Талай жылдан бері осы қожалықта еңбек етіп келемін. Жалпы жұмыс табу да оңай емес ауылда, білесіздер. Қазір тұрақты жалақым бар. Соған нан-шайымызды айырып, бала-шағаны оқытып отырмыз, – дейді жұмысшы, бес баланың әкесі Димитрий Потапов.

Асхат Қайранов – Зайсан ауданындағы Қарабұлақ ауылының тумасы. Кіші Убаға әке-шешесімен 1987 жылы көшіп келген. Өзге ұлт өкілдері қалың ауылға қоныс тепкен алғашқы қазақ отбасы еді.

– Бастапқыда бәрі жат көрінді. Жатырқағанымыз рас. Әсіресе біраз жасқа келіп қалған әке-шешем сырласар жақын іздеді. Материалдық һәм рухани тұрғыда да аз қиындық көрмедік. Мүлдем жат елге аяқ басқандай сезімде едік… Біз түгілі жатбауырды да қойнына кіргізіп, жақыны еткен Кіші Уба топырағында кие бар тегі… Бұл күнде осы өлкеге қандай жақсылық істеп кетсем деп толғанумен ғана жүремін. Әкем де соны өсиет етті өтерінде. Жарықтық қарапайым ғана шаруа адамы еді. Кеңшарда еңбек етті. Сол кісінің тектілігі де – отбасында тілімізді былғамайтынбыз. Күні бүгінге дейін солай, – дейді Қайрановтар қара шаңырағының иесі.

Тоқсаныншы жылдары арғы беттен ат арытып келген ағайындарды құшақ ашып, қымызбен қарсы алған да осы әулет болатын.

– Бірнеше жылда қазақ отбасылары бірен-сараң келе бастады. Ал 1993 жылы Кіші Убаға қандастардың алғашқы көшін бастап бес-алты отбасы келді. Әкемнің туғандары келгендей қуанғаны әлі есімде. Содан бері тонның ішкі бауындай аралас-құраласпыз ағайындармен.

– Тоқсанның толқынды көшінде тағдыр айдап Кіші Уба топырағына тиді табанымыз. Үдере көшкен ел атақонысын үркектей басты әуелде. Сонда осы Асхаттың әкесі, марқұм Әнуарбек ақсақал құшақ ашып қарсы алған. Қолдарынан шайын беріп, қоныс басып қалуымызға қолай етті. Алыс-берісіміз әлі күн тоқтаған емес, – дейді арғы беттің алғашқы көшімен келген Нұрымхандар әулетінің қара шаңырағында отырған Энгельс Нұрымхан.
Қазақ сыныбының ашылуына үлесін қосыпты

Кіші Убада қазақ отбасыларының қарасы арта бастағанда, қара көз ұл-қыздың білім алу мәселесі де есік қаққан. Асхат Қайранов бұл тұста да қол қусырып қалмайды.

– «Жас өспей ме, жарлы байымай ма?» деген қазақ… Малоубинка орта мектебінде балаларымыз білім алатын қазақ сыныптарын ашу мәселеге айналды. Әуелгі бірнеше бала орыс тілінде оқыған. Содан қалай да қазақ сыныптарын ашу керек болды. Қандастардың алыс-жақыннан келіп жатқаны және бар… Мектеп басшылығы қайран қыла алмады. Ағайынның арман-арзуын арқалап, аудандық білім бөлімінің есігін де қақтым. Ондағылар қаржы жоқ деген жауап қайтарды. Енді жоғарыдан көмек күттім. Ақыры, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев ағамызға жеткізе алдым ағайынның арман-тілегін. Үлкен бір істің тұсауы кесіліп, бөркімізді аспанға аттық. Қазақ сыныптары ашылып, бұл күнде мектептің бет-беделі бола алды, – дейді ағамыз.

Әуелде санаулы қара көздерге есігін ашқан сыныптардың, қазіргі күні қарасы артып келеді. Жыл өте оқу озаттары облыс көлемінде топ жарып, алғашқыда төгілген терді ақтағанын айтады ауыл тұрғындары. Сол мектептен әлі күнге қолдан келген жәрдемін аяған емес Қайранов. Ағамыз «Жаман бергенін айтады» деп ашылып сыр ақтара қоймады, рас. Әйткенмен ауыл ішінде жақсылық жатушы ма еді?! Естідік, білдік…

Жеке кәсіпкер жыл сайын мектептің жөндеу жұмысына қаржылай көмек көрсетеді екен. Бір жылы мектептің бір қабатын тұтас жөндеуден өткізіп беріпті. Акт залын жабдықтауға қосқан үлесі бар. Әр оқу жылы басталғанда, екі-үш баланы оқу құралымен қамтамасыз етеді. Тағы екі баланың жыл көлемінде мектеп асханасында тегін тамақтануын мойнына алып отыр.

– Жеке кәсіпкер Асхат Қайранов ауыл мектебі үшін аз тер төкпеді. Қаржылай көмек көрсетуден бас тартқан емес. Әр бастаманың ұйтқысы болып жүретінін көреміз. Өз еліне шапағаты тиетін іс қалдырғысы келеді артында. Ауылдастарының жадында оның тек жақсы аты қалатыны сөзсіз, – дейді Малоубинка орта мектебінің тәрбие жөніндегі меңгерушісі Лира Нұрғазина.

Сонау бір жылы ауыл мектебінің жанынан «Арман» атты балалар үйі ашылған болатын. Жәутеңкөздер екі-үш жылдай ауылдықтармен дәм-тұздас болды. Сол уақыт аралығында «жетім көрсең жебей жүр» дейтін қазақ ұлының жомарт қолы жақсылығын аямаған. Ойын қуған әр балаға велосипед сыйлап, ұжымға қаржылай көмек ұсынған.

Ауылдың барлық мерекелік той-думанына демеушілік жасаудан қалыс қалмайтын «Қайранов» шаруа қожалығы тыл ардагерлеріне күні бүгінге дейін қол ұшын созып тұрады. Әр жылдары ауылдық медпункт пен поштаның жөндеу жұмысына атсалысқаны бар. Ал ұлттық спорт ойындары десе делебесі қозатын табыскер азаматтың Ұлыстың Ұлы күніндегі жомарттығын ауылдастары жыл сайын көріп жүр. Ат шаптырып, көкпар тартқанда ішкен асын жерге қояды мұндағы әр қазақ. Өйткені ата мұрасын аңсайды.

– Осыған дейін наурызда және кішігірім той-думанда бірнеше мәрте қөкпар ойынын ұйымдастырдық. Жалпы, ұлттық ойынды кеңінен насихаттауға айналып келгенде ауыл жастарының аздығы кедергі. Қазақ отбасыларының, қаракөз жастардың қарасы әлі де арта түссе, нұр үстіне нұр болар еді. Ұлт мүддесінде ойға алған іс көп, – дейді Асекеңнің өзі.

Иә, ойлы азаматтың ойға алған ісі көп. Саусақпен санарлық қазақ отбасылары бар аядай ғана ауылдың көркеюі жолында аянып қалмас. Мектептің, атап айтқанда қазақ сыныптарының жағдайы төмендесе, көшпенділікке бой үйреткен ағайын тағы да аруанасына жас ұйып, ауа көше ме деп алаңдайды. Не дейміз, қарға тамырлы ағайынға қазық болып отырған Қайрановқа Құдай қуат берсін!

Оразай Жеңісұлы
Глубокое ауданы

Осы айдарда

Back to top button