Қоғам

Күш құрылымдары күш сынасты

Күш құрылымдары күш сынасты


«Динамо» спорт кешенінде Тәуелсіздік күніне және «Динамо» денешынықтыру-спорт қоғамының 92 жылдығына орай құқық қорғау органдары, күштік және арнайы құрылымдар қызметкерлері арасында самбодан облыстық чемпионат өтті.

Чемпионатқа Семей қаласы ішкі істер басқармасы, Жедел қимыл арнайы жасағы, «Шығыс» әскери қолбасшылығы, ОВ-156/14, ОВ-156/16 мекемелері, мамандандырылған күзет қызметі басқармасы, Семей қаласы төтенше жағдайлар басқармасы, Семей станциясындағы Желілік ІІБ командалары қатысты.
Чемпионатты ұйымдастырып, өткізуге қоян-қолтық ұрыс, қазақша күрес және самбо бойынша спорт шебері, біріншіліктің бас төрешісі Семей қаласында орналасқан облыстық ІІД Жедел қимыл арнайы жасағының командирі, полиция капитаны Ербол Ризин ерекше атсалысты.

– Құқық қорғау органының қызметкері өзінің қызметтік міндеттерін абыроймен атқаруы үшін, ұрыс тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Сондықтан осындай жарыстарды үнемі өткізіп тұрамыз, – дейді Семей қалалық ІІБ баспасөз қызметінің жетекшісі Елубек Оспанов.

Бірнеше жекпе-жек түрінің ең тиімді әдістерін біріктірген бұл спорт көбіне қарулы күштер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында кеңінен танымал ие.

Жарыстың қорытындысы бойынша 57 келі салмақ дәрежесінде Айдынбек Кульчубеков (ЖҚАЖ), 62 келіде Әділет Ахмеров (ЖҚАЖ), 74 келіде Бақытжан Жақиянов (ЖҚАЖ), 82 келіде Жастілек Тұрсынов (ЖҚАЖ), 90 келіде Қалкен Өмірбаев («Шығыс» ӘКҚ), 100 келіде Асқар Жомабаев («Шығыс» ӘКҚ), 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Ерахмет Хасанов (ЖҚАЖ) топ жарды. Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Жедел қимыл арнайы жасағы иеленсе, екінші және үшінші орындарға «Шығыс» ӘКҚ мен ОВ 156/14 мекемесі көтерілді.

Жеңімпаздар медальдармен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button