Қоғам

Кәсібін нәсіп еткен Құралай

Кәсібін нәсіп еткен Құралай


Жанарынан күн күлген арулар, әйелдер қауымы жылына бір келетін халықаралық әйелдер мерекесін асыға күтетіні анық. Олар бұл күні ерекше бір ғажайыпты күтеді. Олардың мейірімге толы жүрегі отағасының, ұлдарының өзіне назар аударып, мерейге бөленгенін қалайды. Мен де бүгін сондай жандардың бірі – өз кәсібін нәсіп еткен Құралай Өтешова туралы қалам тербегенді жөн көрдім.

Құралайды алғаш рет сонау 90-шы жылдардың бел ортасында көріп едім. Бұл совхоз тарап, жаппай жұмыссыздық жайлаған, дүкен сөрелері бос қалған ауыр кезеңдер еді. Сарсаңға салған тоқырау жылдары есімізден әлі кете қойған жоқ. Міне, осы кезде ғой, ерлер жағы екі қолға бір күрек таба алмай абдырап қалғанда әйелдердің жоқтан жол тауып, заман ағымына ілесіп, екі білегін сыбанып сауда-саттықпен айналысатыны. Мұның өзі әйел қауымының қайтпас қайсарлығын білдірсе керек.

Болашағы бұлыңғыр сондай күндердің бірінде күнделікті күйбең тірлікпен аулада жүрген мен «Сәлеметсіз бе! Зат алмайсыз ба?» деп сыңғырлай шыққан дауысқа жалт қарағам. Есіктен бас сұғып жымиып тұрған орта бойлы, құралай көз, бидай өңді келіншекті көрдім. Тұғыл ауылының тумасы, ата-әжесінің тәрбиесінде болған Құралайдың Шілікті өңірімен таныстығы осылай басталып еді. Екі ортаға сауда тасып жүріп, тағдыры болар, талдырмаш қыз ауылымыздағы Бағлаевтар әулетіне келін болып түскен. Бала кезінен еңбекке ерте араласқан ширақ жігітке пысық ару дөп кездесіп, үй шаруасын ұршықша дөңгелетіп, Балқия ананың қолын жылы суға малып, екеуі ел өнеге алатындай үлгілі, ауқатты отбасын құрды.

Бүгінде сол жас келіннің тірлігіне жолдасы Қадырбектің өзі, туыс-тумалары, тіпті бүкіл ауыл разы. Халқының салтын сақтаған әйел осындай-ақ болар! Бір көшенің бойында тұрамыз. Әрі-бері өткенде көреміз. Үй-жайды ұстауы да керемет. Ауласына кіргеннен-ақ тазалықты сүйетін жан екенін байқайсың. Талай жыл жұмыссыз отырып қалған ол кейін мектепке кірген. Ауылда мектептен басқа жұмыс көзі жоқ. Бір жыл декреттік демалысқа кеткен мұғалімнің орнында даярлық сыныбына, бір жыл мектеп кітапханасында уақытша қызмет еткен. Қызмет барысында өзін жақсы жақтарынан көрсетіп, мектепте өткізілетін тәрбие жұмыстарына белсене араласқанын да көрдік. Құралай мамандығы бойынша тұрақты (бастауыш сынып мұғалімі) жұмыс болмаған соң, жолдасымен ақылдаса отырып өз кәсібін бастаған. Үйден, кейіннен Кәкенталды ауылында азық-түлік дүкенін ашты. Барып-келіп жұмыс істеу ауыр болғандықтан, 2015 жылы Жалши ауылындағы дүкенді сатып алған. Өзіне ғана кәсіп таппай, ауыл тұрғындарын жұмысқа алуға да жарады. 2017 жылы наубайхана ашып, екі адамды жұмыспен қамтыды. Содан бері осы дүкенде халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Өңірдегі, ауылымыздағы саяси-қоғамдық жұмыстардан да бас тартып көрген емес. Сайлау комиссиясының мүшесі, көшеміздегі наурыз мерекесін ұйымдастырушы, ата-ана ретінде мектепте өтетін шараларға қатысып, мектептегі аз қамтылған отбасының оқушыларына демеушілік те жасап жүр бүгінде Құралай.

Еңбекқор отбасында екі бала бар: ұлы Ақжол Талдықорған қаласында әскери міндетін өтеп, Семейдегі медколледжді бітірсе, қызы Еркемай Өскемендегі Аманжолов атындағы жоғары оқу орнының студенті. Біздің шағын ғана ауылымызда Құралай сияқты жанұяның бірлігі мен ынтымағын жарастырған, үйді де түзді де қатар алып жүрген шаруақор әйелдер көп. «Сауда жасау кез-келген адамның қолынан келе бермейді, бұл іс асқан шыдамдылықты талап етеді», – деген Құралай келешекте мамандығы бойынша қызмет етуді армандайтынын айтып қалды.

К.Қырықбайқызы, (кітапханашы)
Жалши ауылы,
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button