Кәсіби бағдар беруге көп көңіл бөлінбек
Бүгінгі таңда жастарға кәсіптік-техникалық білім беру мәселесіне үлкен мән беріліп отыр. Өзінің биылғы халыққа Жолдауында да мемлекет басшысы экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қою керек екенін ерекше атап айтты. Болашақ жұмысшы мамандарды әзірлеу мектептен бастау алуы тиіс. Олай болса, бұл бағыттағы жұмыстар өңірімізде қалай жүргізілуде? Облыстық білім басқармасының кезекті алқа отырысында бұл мәселе жан-жақты қозғалды. Алқа отырысына облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қатысты.
Бүгінгі мектеп оқушысы – ертеңгі маман. Ел экономикасын алға сүйреп, мемлекет байлығын еселейтін ертеңгі еңбек адамдары да солар. Олай болса, аймағымыздың білім беру мекемелерінде оқушыларға кәсіптік бағдар беру жұмысы қалай жүргізілуде? Алқа отырысында бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий арнайы баяндама жасады.
– Өздеріңіз білесіздер, 2013 жылы біздің облыс Қарағанды облысымен бірге кәсіптік бағдар беру жұмысын дамыту бойынша қанатқақты жобаны қолға алған болатын. Жоба қолға алынған үш жылдың ішінде облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып, біраз шаруаларды атқардық. Арнайы бағдарламаны әзірледік. Сонымен қатар, біз бұл бағытта бизнеспен, облыстағы барлық дерлік кәсіпорындармен тығыз жұмыс жасаймыз, – деп сөзін бастаған Игорь Владимирович облыстың аудандары мен қалаларында кәсіби бағдар беру кабинеттері ашылғанын жеткізді. Мысалы, Үржар ауданында осындай тогыз кабинет ашылған екен. Десе де, кейбір аудандар мұндай кабинеттерді көптеп ашуға аса құлық танытпай отырған көрінеді. Мүмкін кәсіби бағдар беру кабинеттерін ашудың маңызын жақсы түсінбейтін де болар.
Білім саласы қызметкерлерінен басқа аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысқан осынау отырыста И.Шацкий аталған кабинеттердің артықшылығын да тәптіштеп жеткізді. Ең алдымен кәсіби бағдар беру кабинеттері баланың мақсатты түрде кәсіби мамандық таңдауына ықпал етеді. Болашақ маман иесі аймақтағы өнеркәсіп салалары, олардың дамуы жөнінде ақпараттар алады. Жұмысшы мамандығын таңдаған жастарға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіледі.
– Біз кәсіби бағдар беру кабинеттерін жабдықтауға бюджеттен бір тиын да сұрап отырған жоқпыз. Бәрі де демеушілердің қаржысына жабдықталуда. Кәсіпорындар өткен жылы бұл мақсатқа бес миллион теңге қаржы бөлді. Бұрын мектеп, колледж десе ат тондарын алып қашатын кәсіпорындар қазір бұл жұмыстың маңыздылығын жақсы түсінеді. Өйткені, оларға ертең жұмысшы кадрлары ауадай қажет, – деді ол.
Игорь Шацкийдің айтуынша, біздің елде бала үшін болашақ мамандықты ата-аналар таңдайтын көрінеді. Бұл өмірдегі 100 жағдайдың 80-інде кездеседі. Сол себепті кәсіби бағдар беру кабинеттерінде ата-аналармен кездесу ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек.
Игорь Шацкий алқа отырысында жалпы кәсіби бағдар беру жұмысы Германияда жақсы жолға қойылғанын да тілге тиек етті. Бұл мемлекетте оқушылар бесінші сыныптан бастап-ақ болашақ мамандығын таңдап, соған қажетті әдет-дағдыларды меңгере бастайтын көрінеді. Кәсіби бағдар беру кабинеттерін ашумен қатар өңіріміздегі зауыттар мен түрлі өндіріс орындарына да экскурсиялар ұйымдастырылады екен. Мысалы өткен жылы Риддердегі өнеркәсіп орындарына осындай 257 экскурсия ұйымдастырылған. Десе де, алқа отырысында В. Шацкий бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін әлі де тізе қосып жұмыс істеу керек екенін айтты.
Білім қызметкерлерінің алқа отырысының соңында облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова ағылшын тілінен жоғары деңгей көрсетіп, халықаралық ТКТ (Teaching Knowleige Test) емтиханын сәтті тапсырған облыстың 21 мұғаліміне сертификат пен ЭКСПО-2017 көрмесіне билеттерді табыс етті.
ТКТ халықаралық емтиханын сәтті тапсырғандардың бірі Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылындағы Ш.Уәлиханов орта мектебінің мұғалімі Аяужан Әміренова.
– Тілдің берілу методикасына арналған арнайы курсты тарбағатайлық ағылшын пәні мұғалімдері Зайсан ауданына барып өттік. Арнайы шетелдік мамандар келіп, тілді оқытудың әдістемесін үйретіп, бізбен жұмыс жасады. Соңында халықаралық ТКТ емтиханын тапсырып, жоғары нәтиже көрсеттік, – дейді ол.
Мейрамтай Иманғали