Қоғам

Күршімнің өнімдерін кезекке тұрып, сатып алды

Күршімнің  өнімдерін кезекке тұрып, сатып алды


Күршім ауданының өнерпаздары Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Туған ел – алтын бесігім» акциясының аясында Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында қала тұрғындары мен қонақтарына концерттік бағдарлама ұсынды.

Ауданнан келген шығармашылық ұжымдар мәдениет сарайына жиналған өнерсүйер қауымға халық әндері мен билерін ұсынып, көрерменді бір серпілтіп тастады. Сахнада шырқалған музыкалық шығармалар арасында әсіресе, «Туған жер», «Уақыт», «Счастье тебе, земля моя» сияқты әндер жиналған қауымның ерекше қошеметіне ие болды. Ал халықтық ұлт аспаптар оркестрі өнерпаздарының орындауындағы шығармашылық туындылар кім-кімді де бейжай қалдырмағаны сөзсіз.

«Халықтық ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы «Адай» күйі мен М.Нұрпейісова («Бұлбұл»), С.Ахметов («Васильковое лето»), Қ.Оралбаев («Сайра бұлбұл») пен Б.Масалиев орындаған «Атамекен» әндері, «Бөрте биі» мен «Шығыс маржаны» билері залда отырған көрермен қауымды ерекше әсерге бөледі.

Келесі күні күршімдіктер өскемендіктерге арнап «Туған ел – алтын бесігім» акциясы аясында «Freshmarket» гастрономының алдында азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастырды.

Ауданның 12 ауылдық округінен келген шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлері ауылшаруашылық өнімдерін ұсынған жәрмеңкеде қой мен шошқа еті – 1000, жылқы еті – 1100, құс еті – 630, көкөністер – 60, балдың литрі – 900, балық – 280, сарымайдың келісі 1500 теңгеден саудаланды.

Күршім аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Серік Ашмановтың айтуынша, жәрмеңкеге 1 тоннадан астам ет, 900 литр күнбағыс майы, 1,5 тоннадан астам көкөніс, 920 литр қымыз, 9 тонна балық, сондай-ақ, нан-тоқаш және сүт өнімдері әкелініпті. Жәрмеңкеде қымыз бен бал өнімдері лезде сатылып кетті. Базардағымен салыстырғанда әлдеқайда төмен бағамен сатылған өнімдерді жұртшылық кезекке тұрып, таласып алды.
– Бүгінгі өнімдердің бағасы базармен салыстырғанда 25 пайызға төмен. Меніңше, бұл шара ауылдағы жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді, – дейді Серік Ашманов.

Сондай кәсіпкерлердің бірі Бақытхан Жұрағатов мал шаруашылығымен отбасымен бірге айналысады. Оның айтуынша, бүгінде ол 12 мың гектарға қарбыз егіп, оны Ресейге саудалап жатыр.

– Қазір отыз адамды жұмыспен қамтып отырмын. Көктем мен жаз айларында бие сауып, қымыз сатамыз. Бүгінде 600 бас жылқы, 200 бас ірі қара, екі мың ұсақ малым бар. Сонымен қатар, 50 басқа арналған мал бордақылау алаңы бар, – дейді Бақытхан Жұрағатов.

Бұл күні өнімді тауар өндірушілердің өзінен сатып алуды ұйғарған қалалықтардың қарасы көп болды. Қала тұрғыны, зейнеткер Жақсылық Қалыбева жәрмеңкенің енді апта сайын өтіп тұратындығына ризашылығын білдірді.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button