Күршімнің балығын кезекке тұрып, сатып алды

Өскемендегі «Freshmarket» сауда орталығында Күршім ауданының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті.
Осы ауданның 11 ауылдық округінен келген шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлері ауылшаруашылық өнімдерін ұсынған жәрмеңкені облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин мен Өскемен қала әкімі Темірбек Қасымжанов аралап көрді.
Бұл күні қой мен сиыр еті – 1000, жылқы еті – 1100, көкөністер – 65, балдың келісі – 1000 теңгеден саудаланды. Жәрмеңкеде балық өндіру цехының өнімдері лезде сатылып кетті. Тіпті, көктемгі азық-түлігін қазірден бастап қамданғандар үйлеріне көкөністі қап-қабымен әкетіп жатты. Базар бағасынан әлдеқайда төмен бағамен сатылған өнімдерді жұртшылық кезекке тұрып таласып алды.
Күршім аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Серік Ашмановтың айтуынша, жәрмеңкеге 8350 келі ет, 2500 келі картоп, 700 келі бал мен 3000 тонна балық өнімдері әкелініпті.
– Бүгінгі өнімдердің бағасы базармен салыстырғанда 25 пайызға төмен. Меніңше, бұл шара ауылдағы жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді, – дейді Серік Ашманов.
Бұл күні Маралды ауылының тұрғыны Ләззат Какимованың балын сатып алушылардың қарасы көп болды. Өйткені, мұнда бал 800 теңгеден саудаланды.
– Біздің ауыл – омарта шаруашылығын ұстауға тиімді аймақ. Сондықтан, бал өндіру үшін алдымен ара ұяларын жақсылап жасауға мән берген жөн. Себебі, бұл еңбек өнімділігінің артуына тікелей ықпал етеді, – дейді Ләззат Какимова.
Құйған ауылдық округінің тұрғыны Анархан Слямованың да балық өнімдерін алушылар көп болды. Өйткені, балықтың түр-түрі саудаланды. Өзінің айтуынша, ол осыдан үш жыл бұрын «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша несие алып, балық өндіру цехын ашыпты. Қазіргі күні кәсіпкер екі адамды жұмыспен қамтып отыр.
– 2012 жылы үш миллион теңге несие алып, соған цехқа қажетті аппараттарды сатып алдым. Соның нәтижесінде жұмысымды жүргізіп отырмын, – деді Анархан Слямова.
Жәрмеңкеге сіресе, ет және балық өнімдері мол әкелініпті. Бағасы да қалтаға салмақ түсірмейтінін айтады өскемендіктер.
– Шынында да, шаруа қожалықтарының ұсынып отырған өнімдері сапалы, бағасы да арзан. Үнемі алып тұрамын. Байқаймын, мұндағы тағамдар орта есеппен алғанда базардағыдан әлдеқайда төмен. Сол үшін жәрмеңкені ұйымдастырушыларға рақмет, – дейді Жібек маталар комбинаты ықшам ауданының тұрғыны Нұржамал Тоқтажанова.
Айтпақшы, күршімдік өнерпаздардың концерті де көпшілік көңілінен шықты. Әсіресе, С.Тоқтарова, «Жігіттер» тобы, Е.Бақтыбай, Б.Жидай сынды әншілерге ерекше құрмет көрсетілді. Сөйтіп, өскемендіктер мен қала қонақтары арзан азық-түлік ұсынып, ән мен күйге бөлеген күршімдіктерге ерекше ризашылықтарын білдірді.
Ажар Сағатбекова