Қоғам

Күршімге көпір қашан салынады?

Күршімге көпір қашан салынады?

Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Күршім ауданында жұмыс сапарымен болып, бірқатар маңызды нысандарды аралады, елдің тыныс-тіршілігімен танысты.
Аймақ басшысы алдымен ат басын Бұқтырма су қоймасы арқылы арылы-берілі ағылған жұртты жарты ғасырдан астам уақыт бойы тасымалдап келе жатқан дизельді «Күршім» паромына бұрды. 1964 жылы Ресейдің Түмен қаласында шығарылған алып су көлігі ұзақ жылғы пайдаланудан кейін біраз тозыңқырап, кетеуі кете бастаған. Кейінгі жылдары жүргенінен тоқтап тұрғаны көбейгендіктен оны мемлекет жеке меншік иеліктен өзінің қарамағына алған. Сөйтіп, облыс бюджетінен қаражат бөлініп, күрделі жөндеу жүргізілген. Су сорған табаны жаңартылып, электр қозғалтқышы ауыс¬тырылды. Корпустық жұмыстар атқарылды. Қазір айдында «Күршім» және «Ертіс» атты қос дизельді паром қызмет көрсетіп тұр. Дегенмен жыл он екі ай үздіксіз және қауіпсіз қатынасты қамтамасыз ететін көпірдің жөні бөлек қой.
Паромның жағдайымен танысқаннан кейін аймақ басшысы Бұқтырма су қоймасының үстінен көпір салатын орынды көріп, сол жерде мамандармен сөйлесті. Болашақ көпір өзен енінің жіңішке, яғни арғы-бергі жағалаудың арақашықтығы ең жақын тұсқа белгіленіпті. Бұл жер шамамен бір шағырымнан асады екен.
– Ауданда шешімін таппай жүрген мәселенің бірі – өткел. Бұқтырма су қоймасы арқылы ұзындығы 1 300 метр қос жолақты көпір мен оған дейін келетін 20 шақырымдай жол салу арзанға түспейді. Шамамен оның құны 23 млрд. теңге. Біз бүгінгі күні нысанның техникалық-экономикалық негіздемесін жасап, барлық шығындар есептелді. Экономика министрлігімен жұмыс істелуде. Бұл – бір жол. Екінші бағыт – дүниежүзілік қаржылық институттар арқылы несиелендіру. Мәселен, Еуропалық қайта құру және Даму банкі арқылы. Үшінші бағыт – концессияға беру. Ол – тиімді жолдың бірі. Өйткені, бұл жермен сағат сайын 45 көлік өтеді десек, тәулігіне, айына қанша мәшине жүретінін есептеудің қиындығы жоқ. Біз осы кейінгі екі жолдың біріне тоқтайтын шығармыз, – деген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Күршім өңірінде мыс, алтын сияқты табиғи байлықтардың ірі кен орындары болуы көпірдің салынуын экономикалық жағынан тиімді ете түсетінен еске салды.
Түсіндіре кетсек, Күршім ауданында Қаршыға сияқты ірі кен орындарының болуы немесе басқа да қазба байлықтарға толы кен орындарының ашылуы оны игеруге мүдделі инвесторларды бұл өңірге жіпсіз байламақ. Ал кенді игеріп, тасымалдау үшін көпір қажет. Демек, көпір құрылысына инвесторлар тартудың да мүмкіндігі бар.
Концессиялық жолмен құрылыс жүргізілетін болса, инвестор жобаның жалпы құнының 10 пайызын өз қаражаты есебінен өтеп, 90 пайызын несиелік қаражатпен жабады. Есесіне инвестициялық шығындарды инвестор көпірдің қызметінен түскен пайдамен, сондай-ақ, мемлекет төлейтін өтемақы арқылы өтейді. Сонымен қоса, мемлекет көпірге дейінгі жол құрылысына қажетті жер телімін беру арқылы қолдау көрсетеді.
Осы ретте аймақ басшысы өткел салынатын жердің жағдайын түбегейлі зерттеп, зерделеп, экономикалық және техникалық жағынан тиімділігін есептеуге тапсырма берді.
Бұдан кейін облыс әкімі «Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Кезінде атағы дүркіреп тұрған шаруашылықтың бүгінде шаруасы шатқаяқтап кеткен. Қаражат тапшылығы қолбайлау болып, жұмысшылар саны қысқарған. Серіктестік директоры Талғат Исмаиловтың айтуынша, негізі 1967 қаланған «Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығында» балықтардың уылдырығынан құртшабақтар алынып, өсіріледі. Қысқасы, бұл кәсіпорын балық қорын көбейтуге және сол күтіп-бапталған ұсақ шабақтарды тоғандарға жіберуге маманданған. Кәсіпорынның қазіргі жағдайына көз жеткізген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ шаруашылықтың күрмеуі қиын мәселесін шешудің жолдарын түсіндіре келе, серіктестік басшысы мен аудан әкімі Сейсенғазы Чукаевқа нақты тапсырмалар берді.

Сүт өнімдерімен толық қамтымақ

Күршімге көпір қашан салынады?

Облыс басшысының тауарлы-сүт фермаларын құру туралы берген тапсырмасы Күршім ауданында ойдағыдай іске асырылып жатуы қуантты. Бұған дәлел ретінде «Айтқожа» және «Көкше» шаруа қожалықтары мықтап қолға алған сүт өндірісін айтуға әбден болады. «Айтқожаның» жетекшісі Бақытхан Жұрағатов салып жатқан 100 бас ірі қараға арналған тауарлы-сүт ферманы аралап, шаруашылықта өсіріліп жатқан тұқымы асыл етті-сүтті сиырларды көрген облыс әкімі өзінің күшімен сүт өндірісін дамытуға кіріскен іскер азаматқа мемлекет тарапынан қандай қолдау-көмектер көрсетілетінін айтты.
– Қазір ауылға сүтті қаладан тасымалдайды. Ауылда тұрып сиыр саумайтын, сүтті сатып алатын адамдар бар. Бұл өте дұрыс емес. Сондықтан шаруашылықтар тауарлы-сүт фермаларын ашып, өздері ақ өнімдерін өндірсе, өңдеп шығарса, тиімді болады. Мәселен, 200 бас ірі қараға дейінгі тауарлы-сүт фермалары үшін субсидия бар. Ол субсидия техникаға, жемге, қондырғыларға беріледі. Осы жағын жергілікті әкімдік шаруаларға түсіндіріп, тиімділігін айту керек, – деп нақтылаған аймақ басшысы ауданда сүт өңдейтін шағын зауыт салудың маңыздығын атап көрсетті.
Мұндай шағын сүт-май зауытының құрылысын Райымхан Абдрахмановтың «Көкше» шаруа қожалығына қарайтын «Аққайнар» жеке кәсіпкерлігі жүргізуде. Мемлекеттік бағдарлама арқылы 21 млн. теңге несие алып, ауыл шетінде қаңырап тұрған ескі ғимаратты шағын кәсіпорынға ыңғайлап қайтадан жөндеген кәсіпкер Әлия Абдрахманова болашақта мұнда тоғыз түрлі сүт өнімдерін өндіруді жоспарлап отыр. Зауыт толық қуатына қосылса, тәулігіне 5 мың литр сүтті өңдеп шығарады. Қазір бұл кәсіпорында он адам еңбек етіп жүр, келешекте олардың саны көбеймек.
Аудан басшылығының айтуынша, қолға алынған жобалар толық жүзеге асқанда Күршім өңірінің жұртшылығын сүт өнімдерімен жүз пайыз қамтуға, тіпті 30 пайыз өнімді сыртқа шығаруға мүмкіндік тумақ. Өз кезегінде аймақ басшысы бұл мақсаттағы шаруа қожалықтарына өнімдерін өткізу үшін мемлекеттік сатып алу мәселесін шешуге ықпал ететінін айтты.
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ Күршім ауылындағы №3 мектеп гимназияның және аудандық аурухананың жұмысымен танысып, әлеуметтік сала өкілдерімен тілдесті. Осыдан үш-төрт жыл бұрын ғана ашылған 600 орындық жаңа мектепте бүгінгі күннің талабына сай білім берілуде. Білім ошағында қызмет ететін педагогтардың біліктілігі жоғары. Мұнда кадр тапшылығы байқалмайды. Тек ағылшын тілінен сабақ беретін бір мұғалім жетіспейтінін жеткізген мектеп директоры білім ұясының жанынан көршілес ауылдардың балалары тұрып оқитын интернат үйін салуға көмек сұрады. Облыс әкімі бұл мәселелер назардан тыс қалмайтынын айта келе, қазіргі уақыт талабына сай оқушылардың қазақ, ағылшын және орыс тілдерін еркін меңгеруін қамтамасыз етуге баса мән беру қажеттігін қадап тұрып айтты.
Аудандық аурухананы аралап, ақ халатты жандармен сөйлескен облыс басшысы дәрігерлердің біліктілігін арттыру мәселесіне терең мән берілуі керектігін еске салды. Медицина қызметкерлерінің шетелге барып курстан өтуі, тәжірибе алмасуы үшін мемлекеттен қажетті қаражат бөлініп отыр. Сондықтан отандық дәрігерлердің кәсіби шеберлігі, білімі мен біліктігін арттыру бірінші кезектегі шаруа.

Балық қорын молайту керек

Күршімге көпір қашан салынады?

Зайсан көлінің балығынан сонау қиырдағы Еуропа халқына дәм татқызып отырған «Төре Тоғам» ЖШС Күршімдегі іргелі кәсіпорындардың бірі. Бұл серіктестікте «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар еуропалық стандарттарға сай келетін сапалы тауарлар өндіріледі және ол өнімдер берісі ТМД, арысы Еуропа елдеріне экспортталуда.
– Біздің кәсіпорын қалдықсыз өнім шығарады. Зауытымыз өндірісте ХАССП жүйесін енгізген және шығарылатын балық өнімдерін ішкі бақылау арқылы қадағалайды. Кәсіпорында балықтың таза етін өндіретін, сүйектен ұн жасайтын және қақтау-кептіру цехтары жұмыс істейді. Өткен жылы зауытқа толық жаңғырту және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліпті. Бүгінде 60 адам еңбекпен қамтылған.
Сонымен қатар, біз жақында қытайлық серіктестермен балық кластерін құру, дамыту жөнінде меморандумға қол қойдық. Оның нәтижесін уақыт көрсете жатар, – дейді «Төре Тоғам» ЖШС-нің басшысы Нұрлан Қасымханов.
Серіктестік басшысының сөзіне қарағанда, меморандумға сәйкес қытайлық серіктестермен бірлесіп Зайсан көлінің балық қорын сақтау және молайту бағытында жобалар іске асырылмақ.
– Зайсан көлінің жағалауындағы елді мекен тұрғындары көптеген жылдар бойы балық аулап, күндеріп көріп келді. Енді келіп қазір оларды жеп отырған нанынан айыру дұрыс емес. Ата-бабасынан балықшылықты кәсіп еткен жұртты бір күнде басқа мамандық иесі етіп шығара алмайсыз. Сол себепті біз жағалау тұрғындарының балық аулау жұмысын заңдастырып беруіміз керек. Мәселен, балық аулау кәсібін монополияның уысынан шығарып, мыңдаған адамға лицензия берген дұрыс. Ал балықты өңдеп шығару мәселесінде монополияның болғаны жөн, – деп түсіндірген аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ көлдегі балықты аулап қана қоймай, оның қорын сақтап, молайтуға ден қойылуы керектігін атап көрсетті.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button