Қоғам

Күршімде жұмыспен қамту көрсеткіші төмен

Күршімде жұмыспен қамту көрсеткіші төмен


Биыл аймақта жұмыспен қамтудың барлық шараларын тиімді іске асыра отырып, өңірде 51 583 адамды жұмыспен қамту қажет. Соның ішінде 24930 адам жұмыссыз болса, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 26192, басқа жақтан көшіп келгендер 460 адамды құрайды.

Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен кезекті әкімдік мәжілісінде еліміздегі «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» өңірде жүзеге асырылуын баяндаған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкова мәлім етті. Баяндамашы бағдарламаның негізгі үш бағытына жеке-жеке тоқталды.
Оның айтуынша, 1 мамырдағы жағдай бойынша жұмыспен қамту орталықтарына жұмыс іздеп 13279 адам хабарласса, түрлі жұмыстарға соның 12259-ы тартылған (бұл 51583 адамның 24 пайызы). 10517 адам жұмысқа тұрса, оның 6165-і тұрақты жұмыс тапқан. Жұмыс іздеп келгендердің ішінде 2719 адам бағдарламаға қатысушы атанған.

Басқарма басшысы айтып өткендей, жұмысқа ораластыру бойынша қалалар мен аудандар арасында ең төменгі көрсеткіш Күршім ауданында қалыптасқан, небәрі он пайызды ғана құрап отыр. Мұның себебін сұраған облыс басшысына аудан әкімі Сейсенғазы Чукаев мамырдың соңына дейін мәселені реттейтінін, ал жылдың соңына дейін берілген жоспарды толық орындап шығатынын жеткізді.

– Сөзіңіз бен ісіңіз бір жерден шығатын болсын. Себебі, Күршім ауданы облыста барлық көрсеткіштер бойынша артта қалып келеді. Сондықтан кемшіліктерді тезірек түзетіңіз, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Аймақ басшысы бағдарлама аясында қарастырылған ауылдарда шағын несие берудің, сол арқылы жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жайына да қалалар мен аудандар бойынша жеке-жеке тоқталды. Бұл істе Тарбағатай ауданы көш бастап тұр. Ауданда барлығы 705 млн. теңгенің шағын несиесі берілген. Ал Шемонайха, Күршім, Жарма аудандарында атқарылған шаруаға көңіл толмайды. Өскемен мен Семейдің де бұл бағыттағы жұмысын ширату қажет.

– Осыдан қарап-ақ әкімдердің қалай жұмыс істейтінін көруге болады. Мысалы, шағын ғана Зайсан ауданында 206 млн. теңгенің несиесі берілген. Катонқарағайда – 200, Ұланда – 185, Үржарда – 101, Бесқарағайда – 83 млн. теңге. Яғни, бұл аудандардың әкімдері халықпен жұмыс істеп отыр. Ал ауылшаруашылық саласы жақсы дамыған өзге аудандардағы төмен көрсеткіштерді қалай түсінуге болады. Сондықтан әкімдердің салғырт жұмысын тез арада ретке келтіруді салалық орынбасарыма тапсырамын. Ал әкімдер он күннің ішінде бағдарлама көрсеткіштерін орындаудағы қаржыны игеру кестесін ұсынулары тиіс, – деді облыс әкімі.

Сонымен бірге, Даниал Ахметов кәсіпкерлік негіздеріне оқытудың облыста 27 пайызға ғана орындалғанын да сынға алды. Бұл өте төмен көрсеткіш екенін атаған аймақ басшысы жауапты басқармаларға кәсіпкерлік палатасымен бірлесе отырып шара қолдануды және бөлінген қаржыны уақытында игерудің кестесін жасауды тапсырды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button