Қоғам

Күршімде жаңа мәдениет үйі ашылды

  Күршімде жаңа мәдениет үйі ашылды

Ұлыстың ұлы күні Күршім ауданының орталығында мәдениет үйі ашылды. Бұл мәдениет үйін күршімдіктер жарты ғасырға жуық уақыт бойы күтіп келген.
Қатар аталып өткен қос мерекеге облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Василий Ахаев қатысып, жергілікті жұртты қуаныштарымен құттықтады.
– Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында қазір еліміздің шалғай елді мекендерінде әлеуметтік ғимараттар көптеп ашылып, халықтың игілігіне жұмыс істеуде. Солардың бірі – жаңадан пайдалануға берілген мына өнер ордасы. Бұл мәдениет үйінен келешекте ұлтымыздың мәдениеті мен өнерін, руханиятын жоғары деңгейге көтеретін талантты жастар шығатынына сенемін, – деген облыс әкімінің орынбасары Д.Мусин жиналған көпшілікті қос мерекемен құттықтады.
Қос қабаттан тұратын заманауи ғимаратты жергілікті кәсіпкер Ержан Сқақов басқаратын «ПСК Өскемен-Құрылыс» ЖШС салып берді. Құрылысқа 427 млн. теңгеден астам облыстық бюджеттің қаражаты жұмсалған. Қазіргі заманның барлық талаптарына сай келетін жаңа нысанда 300 орындық концерт залы, 51 мыңнан астам кітап қоры бар аудандық кітапхана орналасқан. Сол секілді екінші қабаттағы бос бөлмелерге аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту секілді бөлімдер жайғасқан. Бұл, әрине, облыс басшысының жаңа ғимараттарды тиімді пайдалану жөнінде берген тапсырмасына сәйкес іске асырылып отыр.
Салтанатты шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы В.Ахаев, білім беру ісінің құрметті қызметкері, Күршім ауданының құрметті азаматы С.Искаков және басқалар сөз сөйлеп, тілектерін жеткізді. Ал мердігерлік қызметін мінсіз атқарып, жұрттың ықыласына бөленген «ПСК Өскемен-Құрылыс» ЖШС директоры Ержан Сқақовқа шапан жауып, ат мінгізді.
Бір айта кетерлігі, бұл мерекеге Күршімге іргелес жатқан Зайсан, Көкпекті, Жарма, Катонқарағай, Зырян аудандарынан әкімшілік қызметкерлер мен өнерпаздардан құралған арнайы делегация қатысып, тойға әкелген ән шашуларын, сыйлықтарын ұсынды.
Мұндай орталық өзге аудандарда жоқ
Бұл күні облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин Күршім ауылындағы бірқатар нысандарды аралады. Өңіріміздің өзге аудандарында баламасы жоқ тұрғындарға мәдени қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Іскер азамат Ержан Сқақов бас директоры болып табылатын аталмыш орталықта 400 орындық заманауи мейрамхана, бес экранмен және музыкалық аппаратурамен жабдықталған 60 адамдық караоке-зал, 40 адамдық шайхана, 70 адамдық фуршет зал, қонақүй, үлкен бильярд зал, асхана бар. Мұның сыртында аумағы 450 шаршы метр супермаркет және бар. Супермаркеттің ерекшелігі сол – екінші қабатында балалардың ойын залы болады. Онда батут, ойын автоматтары, жаттығу құралдары қойылады және тәтті-дәмді сататын орын да қарастырылған. Қазір ойын залы толық жасақталып біткен жоқ.
Ең бастысы, сауда орнындағы азық-түлік бағасы қолжетімді, себебі мұнда тауарлардың дені делдалсыз, өндірушіден тікелей жеткізіледі.
Бүгінгі күні жиыны қырық адамды жұмыспен қамтып отырған орталық бір айда екі мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетуде. Алдағы уақытта бұл нәтиже одан да арта түсетініне сенім мол.
Сонымен қатар, аудан орталығында Жеңістің 70 жылдығына орай ашылатын «Даңқ мемориалының» құрылысы жүргізілуде. Былтырғы мамыр айында басталған құрылыс аяқталуға жақын. Тек жер қарайғанда атқарылатын абаттандыру, гүлдендіру жұмыстары қалып тұр. Мемориалдың ұзыннан созылып жатқан қабырғасында соғыстан қайтпай қалған 5315 күршімдік майдангердің есімі жазылыпты. Одан бөлек осы өлкеден шыққан Кеңес Одағының Батыры, Социалистік Еңбек Ері атақтарын иеленген тұлғалардың, генералдар мен профессорлардың, жоғары лауазымды қызмет атқарған адамдардың аты-жөндері көрсетілген тақта тастар қойылған екен. Қақ ортасында төбесінде сегіз бұрышты жұлдызы бар мұнара орнатылыпты. Бұл ескерткіштің кейінгі жастар үшін тәлім-тәрбиелік, тағылымдық мәні зор болады, дейді мамандар.
Күршім ауылында аудан спортының дамуына серпін беріп, халықтың денсаулығын күшейтетін кешен салынып жатыр. Биыл күзде іске қосылады. Спорт ғимараты бұрын жекеменшік иелікте болған. Қаңырап тұрған нысанды «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында жеке кәсіпкер мемлекетке тегін қайтарып беріпті. Нысанды қалпына келтіру үшін 65 млн. теңге қаражат бөлінсе, соның бүгін 50 млн. теңгесі игеріліпті.
– Кешеннің бүкіл инфрақұрылым жүйелері жүргізіліп, іші-сырты ретке келтірілуде. Бұл жерде күрес, бокс, ауыр атлетика, қол күресі, үстел теннисі, шағын футбол, волейбол, баскетбол сияқты көптеген спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік бар. Ғимараттың екінші қабатында фитнес пен аэробика, шахмат, дойбы секциялары болады. Мұнда бір мезетте жүзден астам адам спортпен жаттыға алады, – дейді аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Бахтияров.
«Төре Тоғамның» балықтары Еуропаны аралап жүр
Облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин жұмыс сапары барысында Күршім ауылындағы Сейітбек Рахимов басқаратын «Рахимов С» шаруа қожалығында, балық өңдеумен айналысатын «Төре Тоғам» ЖШС-де болды.
«Рахимов С» шаруа қожалығы негізінен ірі қара малын өсіруді қолға алыпты. Қазір шаруашылықта 786 бас мүйізді ірі қара малы, оның ішінде 450 сиыр мен 200 жылқы өсірілуде. Жайылымдық, шабындық, егістік жер телімдеріне иелік етеді. Аудандық әкімдік берген 450 га суармалы жерді тиімді пайдаланудың арқасында жем-шөп қорын жеткілікті мөлшерде жинап алуға мүмкіндігіміз бар дейді қожалық басшысы. Мемлекеттен алып отырған субсидияның да көлемі аз емес көрінеді. Өсімдік шаруашылығы үшін 1200,0 млн. теңге субсидия алса, мал өсіруге 7000,0 млн. теңге қаражатқа ие болыпты. Шаруа қожалығының жұмысымен жақынырақ танысқан Дүйсенғазы Мусин облыс әкімінің етпен бірге сүт өндіруді дамыту жөніндегі тапсырмасына маңыз берді.
– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өңірімізде сүт өндіруге бағытталған шаруашылықтарға мемлекеттен барынша қолдау көрсетілетін болады. Мемлекеттік және салалық бағдарламалардың барлық тетіктері қолданылады. Сондықтан етті ірі қарамен бірге сүтті сиырлардың басын көбейтіп, өнімін өндіруге күш салу керек, – деді Дүйсенғазы Мусин.
«Қазақстанда жасалған» деген таңба соғылған еуропалық стандарттарға сай келетін сапалы тауарды «Төре Тоғам» ЖШС шығарады. Шығарып қана қоймай, балық өнімдерін берісі ТМД, арысы Еуропа елдеріне экспорттап отыр. Серіктестік басшысы Нұрлан Қасымхановтың айтуынша, кәсіпорынның ең басты артықшылығы қалдықсыз жоғары сапалы өнім өндіруінде. Аталмыш зауыт өндірісте ХАССП жүйесін енгізген және шығарылатын балық өнімдерін ішкі бақылау арқылы қадағалайды. Мұнда барлық технологиялық, гигиеналық ережелер сақталған. Кәсіпорында балықтың таза етін өндіретін, сүйектен ұн жасайтын және қақтау-кептіру цехтары жұмыс істейді. Өткен жылы зауытқа толық жаңғырту және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліпті. Бүгінде 60 адам еңбекпен қамтылған.
Алайда, бір назар аударатын жәйт, жекеменшік кәсіпорын табиғатты пайдаланғаннан кейін оның орынын толтыруды естен шығарып алған секілді. Аудан басшылығы мен жауапты орындар Зайсан көліндегі, жалпы Ертіс бассейніндегі балық қорының азайып кеткендігіне алаңдаулы. Ал жекеменшік зауыт басшылары бұл жұмыстарды ширата алмауда.
– Кеңес заманында бұл кәсіпорынның құрамында қолдан ұрықтандыру жолымен тұқы балығын көбейтетін шаруашылық жұмыс істеген. Өкінішке қарай, 2011 жылы зауыт жекеменшік иелікке өтіп кетті де, ол шаруашылық мүлдем тоқтап қалды. Бірақ балық өсіретін бассейн, гидро құрылғылар, тоғандар және басқа да қосымша құрал-жабдықтар ескірсе де сақталып қалды. Осы саланы жетік білетін мамандар да бар. Қазір біздің табиғатты қорғаушылар балық шабақтарын Алматы облысынан сатып әкеліп, Зайсан көліне жіберуде. Әрине, бұл қосымша еңбекті, артық шығындарды талап етеді. Сондықтан біз бұл зауытты қайтадан коммуналдық меншікке қайтару турасында мәселе қойып отырмыз, – дейді Күршім ауданының әкімі Алтайбек Сейітов.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары аудандағы тірек елді мекендерінің бірі – Сарыөлең ауылына ат басын бұрып, жыл он екі ай бойы жұмыс істейтін «Балдәурен» балалардың сауықтыру лагерін аралады. Жұмыс сапарының соңында ауданның қоғам өкілдерімен жиналыс өткізді.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button