Күршімде керемет монша бар
Күршімде жаңа монша есік ашып, аудан орталығы тұрғындарын шынайы қуанышқа бөледі. Бұл сөзіміз асыра айтқандық емес, себебі, мұндағы көп қабатты үйлерде тұратын қордалы қауымның апта аяғында ат басын тірейтін бірден-бір тазалық орны – осы жалғыз монша.
Ал қыстың көзі – қырауда монша жағып, оны қыздырудың аз бейнет емес екендігі де үлкен-кішіге жақсы мәлім жәйт. Демек, моншасы болғанымен, оны апта сайын жағып отыруға жағдайы келмейтін тұрғындардың да жағалайтыны осы монша. Сондықтан қысқы маусымда оған келушілердің аз болмасы хақ.
Күрделі жөндеуден өтіп, қайта түлеген жаңа ғимараттың ашылу салтанатына аудан басшылығы, ауыл тұрғындары, еңбек ардагерлері жиналған болатын. Осы жиынды ашқан аудан әкімінің бірінші орынбасары Мамырбек Қалелов ескі моншаның заман талабына жауап бере алмағанын, сонымен бірге, әбден тозығы жеткендіктен, пайдалануға жарамсыз күйге түскенін атап өтті. Аудан әкімі С.Шоқаевтың тікелей араласуының нәтижесінде арнайы қаржы бөлініп, жөндеу үшін жауапкершілігі жоғары мердігер табу қажет болды. Ал сол мердігер – жас та болса, білікті, сауатты құрылысшы ретінде танылған жеке кәсіпкер Азамат Қарағызов осы жұмысты мәресіне жеткізіп, ауылдастарына жаңа ғимаратты ұсынып отыр.
– Күршім күн өткен сайын жасарып-жаңғырып, ажарланып келеді, – деді аудан әкімі Сейсенғазы Шоқаев. – Көшелеріміздің көркі көңілдегідей, бұрын арман болған Мәдениет үйі жарқырап тұр. Мен басшылыққа келгелі тұрғындардың айтатын негізгі шағымдарының бірі осы монша мәселесі болса, бүгінгі күні ол да өз шешімін тапты. Күні ертең көпір салынып, облыс орталығына апаратын жол ашылғанда жағдайымыздың тіпті жақсаратыны даусыз. Демек, ауданның келешегі жарқын, сүбелі табыстардың легі алда деген сөз. Адам тіршілігі үшін ең басты нәрсе – тазалық десек, сол тазалықтың кепілі – мына барша талаптарға сай жөнделген жаңа монша. Осындай қуаныштар мол, заманымыз тыныш, тұрмысымыз тоқ болғай!
Ардагер қариялар жаңа ғимараттың лентасын қиған соң, ішке енген көпшілік ризалықтарын жасыра алмады. Бұрынғы қарадүрсін моншаның орнында оларды әлдеқайда кеңейтілген, жаңа талаптарға сай әрленген, барлық қолайлы жағдайлар жасалып, орындық, босағаларынан самырсын иісі аңқыған үлкен зал, қос қатар душ, шыны есікті бу бөлмесі күтіп тұрған-ды. Ал ыстық шай, алуан сусын ұсынатын шағын дәмхана өз алдына. Сондай-ақ, бұл жерден сабын, орамал, жөке сияқты заттарды да сатып алуға болады.
– Әбден тозып, қолданысқа жарамай қалған ескі моншаны аудан әкіміне көрсетіп, жөндеу жасау үшін көлемді қаражат қажеттігін айтқан болатынбыз, – дейді «Күршім» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорнының басшысы Ж.Қарағызов. – Сейсенғазы Жұмағалиұлы сөзге келместен көмектің болатынын айтты. Ол кісі уәдесінде тұрды, қажетті қаржыға қолымыз жеткен соң, дереу жөндеу жұмыстарына кірістік. Мердігер Азамат Қуанғанұлы өз жігіттерімен жұмысты барынша сапалы аяқтап шықты. Үш жарым айға созылған осы шаруаға қажетінше жәрдемдесіп, бірге жүргеніміз рас. Аудан әкімі жиі келіп, жұмыс ауқымын өз көзімен көріп отырды. Назарына ілінген кемшілік, жақсылықтарды атап айтып, тиімді кеңес беріп жүргені де шындық. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген ғой, береке-бірліктің, өзара пікірлестіктің арқасында барлық шаруа сәтімен, сапалы аяқталды. Енді бейсенбі, сенбі күндері – әйелдерге, жұма, жексенбі күндері ер адамдарға қызмет көрсететін осы моншаның бағасын 800 теңге көлемінде тағайындап отырмыз. Меніңше, бұл тым қымбат баға емес.
Осылай дей келе, Жұматай Сәйпішұлы А.Қарағызовқа рақмет айтып, Алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті. Бұдан соң монша қызметкерлері әдейілеп келген адамдарға тегін жуынып шығуға рұқсат беріп, ақысыз ыстық шай мен түрлі дәмдер ұсынды, мұның өзі жұрт ризашылығын туғызған мазмұнды қонақкәдеге айналды.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.