Күршімде дүбірлі той өтеді
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясына сәйкес Күршім жерінде өтетін Барақ батырдың 315 жылдық мерей тойында батыр ескерткішінің ашылу рәсімі болмақ. Ғалымдар, ақын-жазушылар, шақырылған қонақтар мен батыр ұрпақтарының қатысуымен ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіледі. Тойға Қазақстанның түкпір-түкпірінен айтыскер ақындар шақырылуда. Аламан бәйге, 15 шақырым, жорға жарысына ең мықты атбегілер дайындалуда. «Қазақстан барысының» жеңімпаздары да келеді деп күтілуде. Әрбір ауылдық кеңес тұрғындары өз киіз үйлерін тігіп, қонақтарды күтуге әзірленіп жатыр.
«Елге төнген дұшпаныңмен арыстанша айқастың,
Жерге көзін сүзген жаумен жан берісіп шайқастың.
Үш ғасырды араға сап үнің көпке жаңғырды,
Ұрпағыңа рухыңмен құшағыңды қайта аштың», – деп батырдың тікелей ұрпағы Еркін Әнуәрбекұлы жырлағандай сүйем жер үшін бүкіл ғұмырын жорықпен өткізген Барақ батырдың ерліктерін бүгінгі ұрпақ біле ме? Жалпы батырдың өмірі мен жорық жолдары толық зерттелді ме? Бүгінгі мақаламызда сол сұрақтардың жауабын іздесек.
Көкжал Барақтың өмірбаяны туралы мәліметтер тапшы. Ол 1701-1702 жылдары Шар мен Жарма аралығындағы Қызыл су өзенінің бойында туып, 1772 жылы шайқас кезінде жау қолынан қаза табады.
XVIII ғасырдың бірінші жартысында Алтай тауларын, Ертіс өзенін мекендеген қазақтар, найман, керей рулары жоңғарлардың жасаған жорықтарынан көп зардап шекті.
Жаудың өтінде отырған наймандарды қалмақтар шабуылдап, малын айдап әкетіп, адамдарын мал бағуға, құлдықта ұстауға тырысты. Осындай шабуылдардың бірінде қалмақтар Барақтың әкесі Шүректің ауылын шауып, адамдарын байлап-матап, малын айдап кетеді. Шүректе Барақтың шешесі де қаза болады. Барақ 9-10 жаста болса керек. Нағашысы Назардың ауылына қонаққа кеткен еді. Ертеден жетім қалған Барақ бала Назардың қолында қой бағып жүреді. Жасынан кектенген ұл тез есейе бастайды.
Барақ күн санап көркейіп, жыл санап есейіп, кесек денелі, түсі суық, көп сөйлемейтін, жұмысына тиянақты жігіт болып өседі. 13 жасында жылқы бағуды нағашысы сеніп тапсырады. Ерге тақымы мықты Барақ асауларды ұстағанда шімірікпей, тапжылтпай тастаған арқанды ұстап тұрады екен.
Он бесінде Қойбике есімді қазақ қызына үйлендіреді. Қойбикеден Бостан, Дос, Кәдір деген үш ұл дүниеге келеді. Кейіннен бес қалмақ қызына (Топжал, Баба, Барын, Назым, Домалақ) үйленеді. Ғалым Сәбетқазы Ақатайдың айтуынша, батырдың өз кіндігінен тараған ұл-қыздарының жанұя саны 86-дан асады. Жоңғарларға қарсы соғыста көрсеткен ерліктері үшін Абылай хан Күршім өзенінің оң жағалауын алып жатқан жерлерін сыйға берген. Бүгінгі күндері батырдың ұрпақтары негізінен осы аймақта орын тепкен.
Елі, әке-шеше, туған-туысқандар үшін жоңғарлардан кек алуға ұмтылған батыр 16 жасында атқа қонады. Ақтық демі қалғанша күш-қайратын, қуатын елін сырт жаулардан қорғауға арнады.
Тарихта айтылатын атақты Шорға соғысында көрсеткен батырлардың ерліктерін жырлаған Бұхар жырау Көкжал Барақ батырдың ерлігін былай сипаттайды:
Сол жерге Жаман батыр, Барақ келді,
Қасына түгел ертіп талапты ерді,
Талқандап Мойыншиде қалмақ жағын,
Өлігін ел көзіне санап берді,- дейді.
Талай ерлік оқиғалардың ішінде ерекше орын алатын Шаған шайқасында хан Доржы бастаған қалың әскер Аягөзге келгенде, Барақ пен Жәнібек бастаған халық жасақтары жермен жексен етіп жеңеді. Сонымен қатар Шығыс Қазақстанда, Өскемен, Семей, Алтайды өрлеп Тарбағатай жерінде, Қандысу өзенінде қырғын соғыс болады.
Бұл жерде де Көкжал Барақ батырдың есіміне байланысты жауды жеңген жеңісі тарихта қалды.
Күршім өңірінде жасаған ерліктері туралы Бәдел Тұрсынбаевтың «Барақ батыр, Абылай» атты дастаны кітапханада сақтаулы. Араб әріптерімен жазылған. Дастан 2700 жол. Бұл «Барақ батыр, Абылай» дастаны Шығыс Қазақстан облысы Көкжарлы Найман, Қаракерей, Сарыкерей, Саржомарт руларынан, Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Самар, Үлкен-Нарын, Марқакөл аудандарының халық аузынан жиналып алынды.
Поэмада қалмақтың батырлары Күрсін, Доланқара, Сум, Толағай қазақ батырларымен жекпе-жекке шығып, Барақ батыр, Ер Жәнібек, Танаш, Шон қолдарынан қалай қаза табатындары сипатталады. Қабанбай батыр мен қалмақтың қолбасшысы Көңтәжі шайқасы тамаша берілген. Дастанның тілі жатық, ұйқастары келісімді, мазмұны түсінікті, оқуға жеңіл:
Қалмақтар қырғын табады,
Қалмақты қазақ жеңген жер
Жазасын жаудың берген жер,
Қан төгілген сол өзен,
Қандысу болып қалады. (Б.Тұрсынбаев).
Қазақ батырларының жоңғар шапқыншыларымен шайқасқан жерлері Балқаш, Көкшетау, Алатау, Жетісу, Сарыарқа, Іле өңірі, Еренқабырғаны бойлап Алтайға, Тарбағатайдан Ертісті құлдап, ұлан асыр алқапты алып жатыр. Он алты жасында жауға қарсы қаруын асынып шыққан Көкжал Барақ жетпіске келгенше аттан түспей, туған жерін, елін қорғап, ерлік туын желбіреткен.
Бабамызды ұлықтау үшін атқарылар істер әлі де көп
Ұлы Отан соғысының ардагері Мұхаметқалым Шаяхметов көзі тірісінде бас болып, облыс орталығы Өскемен қаласында Көкжарлы Барақ қоғамдық қорын ашты. Бүгінгі күні қор Күршім ауданында өткелі отырған Барақ батырдың ескерткішінің ашылуына өз үлесін қосуды жоспарлауда. Қордың құрылтайшылары – Жанарбек Білімбаев, Қуаныш Қарсыбаев, Мұрат Тамбаев, Еркін Әнуарбеков, Нұрлан Әскетаев, Советхан Игібаев, Төлеген Кнасилов сынды азаматтар.
Облыс тұрғындарының қолдауымен Өскемен қаласында Барақ бабамыздың есіміне көше аты берілді. Осы жұмысқа белсене ат салысқан Барақтың ұрпақтарының бірі, 92 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері, демалыстағы полковник Құрмат Рахимов қария.
Құрметті ақсақалдың ісін жастарға газет арқылы жеткізуді жөн санадық. Көшенің атын Барақ батырға беру үшін Құрмат ата Өскемен қаласында колледж оқушыларымен бірге қала пәтерлерін жаяу аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. 90 жастағы қария үшін ерлікке тең емес пе? Қордың есепшотына зейнетақысынан 100 000 теңге аударды.
Сондай-ақ, батыр ұрпақтарының қолдауымен Барақ батыр атындағы жүлде үшін жыл сайын Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің базасында волейболдан жасөспірімдер арасында турнир өткізіліп отырады.
Бірақ алда әлі талай жұмыстар бар. Айталық, Өскемен қаласындағы Барақ батыр атындағы көшеге батырдың ескерткішін орнату, «Көкжарлы Барақ батыр» қоғамдық қорының жұмысын жандандыру, батыр жөнінде деректер жинауды жалғастыру, «Ханым бейіті» аталған қорымның сырын ашу, батырдың жерленген жеріне ескерткіш орнату сынды жұмыстар батыр бабамызды ұлықтау жолындағы кезек күттірмейтін мәселелер болмақ.
Нұрлан Әскетаев,
«Көкжарлы Барақ батыр»
қоғамдық қорының төрағасы.