Күршім жастарды шақырып жатыр

Келер жылдан бастап Күршім ауданына барып жұмыс істеймін деген дипломды жастар жұмыспен, баспанамен қамтылады. Оған шекаралық шалғай өңірде барлық мүмкіндіктер бар.
Бұл жөнінде Өскеменде С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың және Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың студент жастарымен арнайы кездескен Күршім ауданының әкімі Дулат Қажанов айтты.
– Дәл қазіргі уақытта аудан бойынша 103 бос жұмыс орны бар. Әсіресе, білім саласына 15, денсаулық сақтауға 5, мемлекеттік мекемелерге 11 маман қажет. Сондай-ақ, өнеркәсіп саласында 40, ауыл шаруашылығында 32 бос орын бар. Бұл мамандарға 60-100 мың теңге аралығында, тау-кен саласында 150 мыңға дейін жалақы төленеді. Бұдан бөлек, тау-кен саласын, ішкі туризмді, ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты ірі жобалар іске асырылуда. Келем деген жастарға ақпарат ретінде айтсақ, бүгінгі таңда ауданда 96 үй сатылымда бос тұр. Аудан орталығында 60 пәтерлі екі үй салынады. Ауылға жұмыс істеуге келген жас маманға «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (168 350 теңге) біржолғы көтерме жәрдемақы және қажеттілігіне қарай тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін 1500 АЕК-тен аспайтын сомада (3 607 500 теңге) 15 жылға дейінгі мерзімге жылдық 0,01 пайыз мөлшеріндегі сыйақы мөлшерлемесімен несие беріледі. Бұл – ауыл жастарына деген үлкен мүмкіндік. Шыны керек, қазір дипломы бола тұра, қалада әртүрлі жұмыстың басын шалып жүрген жастар көп. Одан да мамандыққа сай жұмыс істеп әрі баспаналы болған әлдеқайда тиімді. Сондықтан ауданға жұмыс істеуге келіңіздер, әсіресе, күршімдік жастарды ауылда еңбек етуге шақырамын, – деді Күршім ауданының әкімі Дулат Қажанов.
Аудан басшысының айтуынша, қазіргі уақытта математиктер, химиктер, биологтар, психологтар, ауыл шаруашылығы мамандары, геологтар, тау-кен шебері, маркшейдер, оның көмекшісі, лаборант, техниктер қажет-ақ. Бұл жөніндегі толығырақ мәліметті кездесу алдында ұйымдастырылған мамандықтар жәрмеңкесінде жастарға аудандағы сала басшылары нақты түсіндіріп берді.
Екі университеттің басшылығы да бұл бастамаға қолдау білдіріп, бірлесе жұмыс істеуге әзір екендіктерін атап өтті.
– Мұндай кездесу біздің университетте алғаш рет өтіп отыр. 2019 жылы біздің университеттен 1200-ге жуық түлек бітіріп шығады. «Серпін» бағдарламасы бойынша 150 студент бітіреді. Олардың бәрі қалада қалып қоймай, ауданда жұмыс істегенін қалаймыз, аудан басшысының бастамасына қолдау білдіреміз, – деді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген. Ректордың сөзін жалғаған оқу орнының туризм кафедрасының оқытушылары ауданда ішкі туризмді дамытуға арналған жобаларымен бөлісті.
– Қазақстан 160 елдің ішінде жер аумағы бойынша тоғызыншы орында, алайда халық саны 18 миллионнан енді асты. Соған орай, Елбасының бастамасымен «Серпін» бағдарламасы арқылы халық саны көп, жұмыс орны аз өңірлерден, әсіресе, оңтүстік жақтардан студент жастарды Шығыста оқыту, оларды кейін осында жұмысқа орналастыру іске асырылуда. Себебі, біздің облыс аумағы жөнінен республикада үшінші орында болса да, халық саны аз, еңбек күші жетіспейді. Сондықтан аудан әкімі ұсынған осы мүмкіндікті пайдаланып, табиғаты тамаша Күршім ауданында еңбек етуге шақырамын, – деді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры Жасұлан Шаймарданов.
Атап өтерлігі, кезіндегі Марқакөл мен Күршім ауданын қосқандағы 57 мыңнан асатын халықтан бүгінде небәрі 25 мыңнан сәл астам ғана адам қалған. Сондықтан Күршім ауданына жас мамандардың көптеп баруы стратегиялық жағынан да үлкен маңызға ие болмақ. Осы жағына да жиналған жастардың назарын аударған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов бүгінде үлкен жетістіктерге жетіп, елге сыйлы болып жүрген ел ағаларының бәрі де кезінде алғашқы еңбек жолын ауылдан бастағанын нақты мысалдармен атап өтті.
Өскемен қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сайлаухан Аухадиев Елбасының келер жылды жастарға арнағанына тоқталып, бүгінде еңбек етем деген жастарға барлық қолдаулар жасалып отырғанын, жетістіктің бәрі тек еңбекпен келетінін, өздерінің орнын келешекте осы жастар алмастыратындығын жеткізді.
Еркін әңгімелесу, сұрақ-жауап форматында өткен кездесуде студенттер ауданда техникалық мамандықтарға, ақпараттық технологиялар саласында, биология мамандығына бос орындар болса, барсақ деген ойларымен бөлісті.
Жиында нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының аясында жастарға көрсетілетін қолдаулар туралы да ақпарат берілді.
– Ауданда 900 мың гектар жер бос жатыр. Оның 800 мың гектары жайылымдық, 26 мың гектары егістік, 46 мың гектары шабындық. Осы жерді игеруге арналған мемлекеттік бағдарламалар бар. Күршімде өнеркәсіп саласында «ГРК МЛД» ЖШС, ГРК «ВИЗОЛ» ЖШС секілді ірі кәсіпорындар жұмыс істейді, оларға мамандар қажет. Жақында арнайы делегациямен Қызылорда облысына барып, ол жақтың аудандарында, Арал қаласында осындай кездесулер өткізіп келдік, қосымша жұмыс күштерін тарттық. Ішкі туризмді дамыту, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуде нақты жобалар бар. Сондықтан ауданға келем дегендерге есігіміз ашық, – деді аудан әкімі Дулат Қажанов.
Кездесулердің соңында екі университетпен Күршім ауданы әкімдігінің арасында өзара әріптестікті дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылып, Күршім ауданына еңбегі сіңген бірқатар аға буын өкілдері «Күршім ауданына – 90 жыл» төсбелгісімен марапатталды.
Дәурен Аллабергенұлы