Қоғам

Көршілерін құтқарып қалды, бірақ…

Көршілерін құтқарып қалды, бірақ...


Бізге бұл батыр жігіттің көршілері телефон шалды. Айтуларынша, теледидар мен интернеттегі жаңалықтарды естіп таң қалған. Естеріңізде болса, ақпанның 26-сынан 27-сіне қараған түні Өскемендегі Үшінші деп аталатын көшеде өрт шығып, маскүнем ананың жауапсыздығынан 2,5 жасар бала үймен бірге жанып кеткен болатын.

Енді қараңыз, БАҚ-тың барлығы үйдегі адамдарды құтқарған сол үйдің 14 жастағы үлкен ұлы деп жазыпты. Көршілердің таңғалып жүргені де осы.
Шынтуайтында, үйдегі адамдарды құтқарған Нұрлыбек Шаймарданов атты жігіт екен. Алайда, облыстық ТЖД баспасөз қызметі таратқан жалған ақпараттың кесірінен теледидар, радио, сайт атаулының барлығы болған оқиғаны мүлдем басқаша өрбіткен.

Кім құтқарса да, бұл өрттен екі адам аман қалды. Олар – 4 жасар сәби мен оның анасы. Ал 2,5 жасар сәби салғырттық салдарынан көз жұмды. Ақпаратты нақтылау үшін біз Нұрлыбек Шаймардановтың өзімен тілдесіп, болған жайдың анық-қанығын сұрап білдік.

-Жұбайым таңғы үштер шамасында далаға шыққан болатын. Көршінің үйі жағынан әйел адамның дауысын естіпті. «Жанып жатыр» деген үнді естіген соң, үйге жүгіріп кіріп мені оятты. Апыл-ғұпыл киіне салып, көршінің қашасынан секіріп кірдім. Ауладағы дүңгіршекке бір қаңғыбас әйел келіп қонып жүретін.
Айғайлап көмекке шақырған дауыстың иесі сол екен. Терезеден үңілсем, үйдің іші қып-қызыл от. Ойланбастан ішке жүгірдім. Есікті ашып қалғанда, қою қара түтін бұрқ ете түсті. Бас киіміммен аузы-мұрынымды тұмшалап алып, төбені жалаған жалынның астымен еңбектеп отырып төргі бөлмеге кірдім. Отағасы жұмыста болса керек, әйелі удай мас, төсекте ес-түссіз жатыр. Қасында тыр-жалаңаш 4 жасар ұл бала шырылдап жылап отыр екен. Баланы сыртқа алып шығып қарға отырғызып қойдым да, ішке қайта кіріп мас әйелді сүйреп шығардым. «Куда меня тащишь?» деп ол да болмайды. Екеуін өзімнің үйіме кіргізіп, өрт сөндірушілерге хабар бергенше, бірнеше минут өтті. Сол екі ортада үйдің төбесі опырылып ортаға түсті. От көрші үйге тиіп үлгерген болатын, оны өрт сөндірушілер құтқарып қалды,-дейді ол.

Нұрлыбек Шаймарданов сондай бір керемет ерлік жасамағанын айтады, «іргеңдегі көршің отқа оранып жатса, кез келген азамат осылай тәуекелге бел буары анық»,-дейді батыр көрші.

Бірақ ол болған оқиғаны бұрмалап жіберген, яғни, үйдегілерді құтқарған Нұрлыбек емес, 14 жастағы бала деп басқаша ақпарат берген ақпарат құралдарына сәл ренжігенін де жасырмайды.

Ал облыстық ТЖД баспасөз хатшысы Марина Лискова ақпараттың әу баста асығыс кетіп қалғанын айтты. «Біз Нұрлыбекпен сөйлесіп, нақты болған оқиға туралы енді біліп жатырмыз»,-дейді ТЖД қызметкері.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button