Қоғам

Көршілердің озат тәжірибесін көзбен көріп қайтты

Көршілердің озат тәжірибесін көзбен көріп қайтты

Алтай автономиялық округі, Қаба ауданының орталығы Ақши қалашығына келген күршімдік делегацияны сол ауданның басшылары, басқа да ресми адамдар құшақ жая қарсы алды. Делегация бағдарламаға сәйкес, бірқатар ауылшаруашылық, өндірістік, әлеуметтік-мәдени нысандарды аралап, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ ҚХР Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы халық үкіметінің төрағасымен ресми кездесуінде қол қойылған келісімдер аясындағы әріптестік бағыттарын белгіледі.
Аудан әкімі С.Шоқаев басқарып барған Күршім делегациясының құрамында әкімнің орынбасары М.Қалелов, кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы С.Әшіманов, аудандағы жетекші шаруа қожалықтарының басшылары Б.Жұрағатов, С.Рахимов, Ж.Әзімбаев, және жеке кәсіпкер Б.Қадылов бар еді. Басты мақсат – табысты дамып келе жатқан аймақтың озық тәжірибесімен танысу, сонымен қатар, Күршім ауданына инвестиция тарту болатын. Сапардан алған әсері мен көз көрген пайдалы ақпараттарды аудан әкімі аппараттың кеңейтілген отырысында ортаға салып өткен-ді. Бұдан соң әкімнің орынбасары М.Қалелов осы сапар жайында айтып берген болатын.
Осыдан белгілі болғандай, Шығыс Қазақстан облысының Қытай Халық Республикасының кейбір аймақтарымен сауда-экономикалық қатынастары және кәсіпкерлердің ресми сапарлар барысындағы бизнес-кездесулерінің барлығы индустрияландыру мен инвестиция саласындағы әріптестікті нығайтуды көздеп отыр.
– Шекарадан асқаннан бастап күн батареяларының қуатымен жарықтандырылған айнадай жолдар бізге керемет әсер етті, – дейді М.Қалелов. – Бізді аудан бюджетінің 60 пайызын қамтамасыз етіп тұрған мыс байыту фабрикасының жұмысы шынымен қызықтырды. Кенде мыстың 98 пайыз үлесі бар екен, ол жоғары технологиялық үдерістердің арқасында алынады. Қаба өңірінде табиғи мыс белдеуінің 20 пайызы ғана жатыр, ал қалған 80 пайызы біздің ауданның Ақбұлақ ауылдық округі арқылы өтеді. Сондықтан да біз осы байыту фабрикасының құрылысы сияқты ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін инвестиция тартуға мүдделіміз.
Көршілеріміздің өнеркәсіптік және ауылшаруашылық кәсіпорындардың жұмысын ұйымдастыру, қамтамасыз ету тәжірибесі назар аударуға тұрарлық деп білемін. Мұндағы кәсіпорындардың барлығы инфрақұрылымдар жақын орналасқан жерлерге шоғырландырылған. Сондай-ақ, мал телімдері «Қыстақ» деген жерде екен, осындағы 50-60 отбасы басты шаруаларынан қол үзбестен жұмыстарын атқара беретін көрінеді. Мұнда тұрғын үйлер, балабақша салынған, туу туралы куәлік, төлқұжат, басқа да қағаздарды толтыратын мемлекеттік кеңсе де осында. Кеңседе бастық пен екі маман жұмыс істейді.
Бұдан соң М.Қалелов делегацияның шырғанақ пен қызыл миядан дәрі-дәрмек жасайтын шағын кәсіпорынға барғанын айтып өтті. Ал бұл өсімдіктер бізде мол өседі. Демек, бірлескен кәсіпорын ашуға мүмкіндік бар.
Қаба ауданында 89 мың адам тұрады екен, оның 60 пайызын қазақтар құрайды. Олардың көпшілігі дәстүрлі кәсіптермен айналысады, бұл сала да озық технологияны енгізудің арқасында дами бастаған екен. Біздің делегация кәдімгі түйе жүнінен киіз және тоқыма бұйымдарын жасайтын заманауи цехқа да бас сұқты. Мұнда 1 кг жүнді 40 юаньнен (2000 теңге) қабылдайды, ал бұйымдары (ұйықтайтын қапшықтар, жылы киімдер) қымбат, олар көбінесе Еуропа елдеріне шығарылатын көрінеді.
Қазақтың ұлттық киімдерін тігетін цехқа құны 400 мың юань болатын компьютер бағдарламасы орнатылған құрал-жабдықтар қойылған екен, кез келген өрнек-оюдың бағдарламасын тапсырыс бойынша жасатып алуға болады.
Бізді әсіресе, көкөніс өсіретін жылыжайлардың қарапайым қондырғылары қызықтырды. Бірнеше шаршы метр болатын жылыжайлар астынан қыздырылады, жылу құбырлар арқылы беріледі. Темір арматураларға полиэтилен пленкалар жабылған, осының өзі көкөніс пен бақша дақылдарының өскіндерін жақсылап өсіріп алуға жетіп жатыр.
Осыдан кейін біз Люсихан елді мекеніндегі майлы дақылдарды өңдейтін зауытта болдық. Өндіріске озық технологияны енгізудің басымдығы осы салаға зор экономикалық тиімділік беріп, Шыңжаңның негізінен қазақтар тұратын солтүстік аймақтарындағы өмір сүру деңгейінің көп жоғарылағанын айқын аңғартып тұр.
Күршім ауданының әкімі бастаған делегация келешекке белгіленген әріптестіктің бірнеше саласын жобалап қайтты. Олар: ауылшаруашылық өнімдерін, емдік-дәрілік шөптерді дайындау және өңдеу; шекара маңындағы сауданы өркендету; туризм мен өнеркәсіп мәселелерін оң шешу және басқалар.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button