Көрсеткіштерді жақсартудың жолдары қандай?

Өңірімізде өндірілген жалпы өнім былтыр 2017 жылмен салыстырғанда 111 пайызға өсіп, үш триллион теңгеден асқан. Бұл мәлімет 2016-2020 жылдарға арналған аумақтарды дамыту бағдарламасының орындалу барысы талқыға салынған облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде айтылды.
Өткен жылы атқарылған жұмыс туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Ұлақова баяндады. Оның айтуынша, 128 даму көрсеткішінің 97-сі бойынша жоспар орындалып, 14-і межеге жетпей қалған. Ал 17 көрсеткіш бойынша мәлімет мүлдем жоқ.
– Жалпы өңірлік өнім көлемі 3,4 триллион теңгеге жетіп отыр, оны әр тұрғынға шақсақ 2,5 миллион теңгені құрайды. Яғни, ішкі жалпы өнім 2017 жылға қарағанда 111 пайызға артқан. Атап өтерлік жайт, аймақ экономикасына құйылған инвестициялар мөлшері 112 пайызға өсіп отыр, – деді Сәуле Ұлақова.
Дей тұрғанмен, аймақ басшысы жекелеген салалардағы көрсеткіштерді әлі де жақсарту керек деп санайды.
Сол себепті жиында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым және экология салаларындағы жоспарлы межеге жетпеген көрсеткіштер жіті талқыланды.
Айталық, металл емес минералды өнімдерді, дәрі-дәрмектерді, жеңіл өнеркәсіп тауарларын өндіру ақсап тұр. Агроөнеркәсіп саласында негізгі көрсеткіштер орындалып, өнім өндіру 105 пайызға артқанымен, шаруашылықтардағы қой мен ешкі саны тиісті шамада өспеген.
Сонымен қатар елдімекендерді ауызсумен қамту жоспары орындалмай қалған. Ауаға шығарылатын зиянды қалдықтарды кеміту, қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату бойынша көзделген көрсеткіштерге де жете алмадық. Ал жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық және облыстық автокөлік жолдарының үлесі 78 пайызға ғана ұлғайған.
Медицина саласына келер болсақ, нәрестелердің өлім-жітімі мен қатерлік ісіктен болған өлімдер негізгі мәселе болып тұр. Әлеуметтік сала бойынша қайталап қылмыс жасаушылар саны көбейген.
– Өткен жылдың негізгі көрсеткіштері бойынша облыс 49,5 ұпай жинады, ал ұпайлардың жалпы саны – 50. Алайда кейбір көрсеткіштердің асыра орындалуына байланысты облыс ұпайлары айып ретінде шегерілген, түпкі нәтиже – 47,7. Атап өтерлігі, 2017 жылғы көрсеткіш 46,8 ұпай болған, – деп түсіндірді басқарма басшысы.
Облыс әкімі өңірдің дамуындағы өсімді атап өтіп, барлық басқармаларға нақты жұмысқа көшу керектігін ескертті.
– Мәселен, жеңіл өнеркәсіп тауарларын өндіру жоспарын орындап шығуға әбден болар еді, бірақ сіздер ол мәселені назардан тыс қалдырдыңыздар. Алдағы уақыта аталмыш салаға ерекше көңіл бөлулеріңізді талап етемін. Сонымен қатар қой мен ешкі саны бойынша көрсеткіш бар-жоғы 0,1 пайызға орындалмапты. Егер 10 пайыз болса артта қалдық деп айтуға болар еді. Ал бұл ретте тиісті сала басшыларының өз міндеттеріне бейжай қарайтынын аңғартады, – деді Даниал Ахметов.
Аймақ басшысы сонымен бірге, денсаулық сақтау саласындағы мәселелерге де айрықша назар аудартты. Медицинаға қыруар қаржының құйылып жатқанын ескерсек, аталған кемшіліктерге кешірім жоқ. Облыс әкімі бала өлімінің өсіміне жан-жақты талдау жүргізіп, мәселені түбегейлі шешудің жолдарын қарастыруды қадап тапсырды.
– Үшінші жыл қатарынан осы проблема қайталанып келеді. Егер қаржы бөлінбесе, не болмаса дәрігерлер оқытуға жіберілмей жатса, түсінер едім. Қолдан келгенше қолдау көрсетіліп жатыр ғой. Ал нәтиже қайда? Себебі, мәселелердің себебіне анықтайтын талдау жоқ, – деді облыс әкімі.
Жиын соңында аймақ басшысы орынбасарлары мен басқарма басшыларына сөз болған барлық кемшіліктер бойынша тиісті тапсырмалар жүктеп, орындалу мерзімін белгіледі.
Ержан Әбіш