Көрсеткіштер көңіл қуантады

Көкпекті ауданының әкімі Асхат Смаиловтың қойнауы қазынаға толы, тарихы бай өңірге басшылық жасағанына бір жылға таяу уақыт болды. Аудан әкімі өңірде атқарылып жатқан игілікті істер жайлы айтып берген еді.
-Асхат Сайдахметұлы, аудан экономикасы сан қырлы, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі қатар дамыған. Ең алдымен өткен жылды қандай көрсеткіштермен қорытындыладыңыздар? Сол жайлы айта кетсеңіз.
– Аудан бойынша өткен жылда әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштерінің (негізгі капиталға инвестиция тарту, құрылыс жұмыстарының көлемі, тұғын үйді пайдалануға енгізу, меншікті кірістер бойынша) өсімі байқалады. Атап айтар болсақ, өнеркәсіп саласында 2018 жылы ауданның өнеркәсіп кәсіпорындарымен өндірілген тауар өнімінің көлемі 4 миллиард 332,6 млн. теңгені құрады. Бұл 2017 жылдың тиісті деңгейімен салыстырғанда едәуір артық. Ал тау-кен өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47 пайыз артық. Аудан бойынша тау-кен өндіру өнеркәсібімен «Сәтпаев кен байыту кәсіпорны» ЖШС металл кендерін өндірумен (ильменит концентратын өңдеумен) айналысады.
Өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі 2 млрд. 648,7 млн. теңгені құрады немесе былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 33,1% артық. Өңдеу өнеркәсібімен «Рыбпром» ЖШС балық айналысады. 2018 жылы шығарылған өнім көлемі 1018,4 млн. теңгені құрады.
Ауыл шаруашылығы ауданда елеулі орын алады. Қазіргі таңда ауданда 1063 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі тіркелген, оның ішінде 47 заңды тұлға, 858 шаруа қожалығы бар. Мал тұқымын асылдандыру бүгінгі таңда ерекше орын алатыны белгілі. Бүгінгі күні ауданда асыл тұқымды мал өсірумен шұғылданатын 17 қожалық бар. Соның бірі-Болат Бекбердинов басқаратын «Елім-ай Көкпекті» агроөнеркәсіп кешені инвестициялық жобасы. Бұдан бірнеше жыл бұрын мұхиттың арғы жағынан жеткізілген ангус пен герефорд асыл тұқымды малы жерсінді. Самархан Жотабаев басқаратын шаруа қожалығы да жыл сайын егіннен мол өнім алуда. 2019 жылдың 1 қаңтарына ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі салыстырмалы бағада – 32286,0 млн. теңгені немесе өсу қарқыны 106,2 % құрады.
Жалпы аудан бойынша 16,0 мың тонна таза салмақта ет, 65,6 тонна сүт, 11,3 млн. дана жұмыртқа өндірілді. Қазір аудан бойынша барлығы 69951 ірі қара, 67451 бас қой мен ешкі, 22529 бас жылқы, 1237 бас шошқа, 70451 құс бар.
– Ауданда құрылыс жұмыстарының қарқыны қандай?
– Былтыр құрылыс жұмыстарының көлемі 2,8 млрд. теңгені құрады, бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29,3 пайыз артық. Ауданда өткен жылы екі мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамыту, таяудағы жылдары елімізде 100 спорттық кешен салу жөнінде тапсырма бергені белгілі. Осы орайда, аудан орталығында бой көтеретін денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу аяқталды. Аталмыш ғимаратта аудан тұрғындары спорттың бірнеше түрімен шұғылданады, оның құны – 788 миллион теңге.
-Әдетте аудандағы елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз етуде «әттегенайлар» кездесіп жататыны белгілі. Аудан басшылығы бірінші кезекте халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету және автомобиль жолдарын дамытуға көңіл аударулары тиіс. Бұл жайлы не айтасыз?
-Ауданда жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 470,7 шақырымды құрайды. Былтыр аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын және елді мекендер көшелерінің жүру бөлігін күтіп ұстауға және жөндеуге 155,9 млн. теңге бөлінді. Көкпекті ауданының 52 елді мекенінде 28338 адам тұрып жатыр, оның ішінде 14 елді мекенде (26,9%) немесе 17010 адам (60,0%) орталықтандырылған сумен жабдықтау қызметіне қол жеткізіп отыр. 2021 жылы таза ауызсумен қамтылған елді мекен санын 70 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз.
Ағымдағы жылы «Көкпекті ауданы, Бастаушы ауылының су құбыры желілерінің құрылысы» (353,4 млн. теңге) және «Көкпекті ауданы, Теректі ауылының су құбыры желілерінің құрылысы» (307,7 млн. теңге) жобаларын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, аяқталады. Сондай-ақ бүгінгі таңда Көкпекті ауылының су құбыры желілерін қайта жаңғырту және Самар ауылының су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2019 жылға Көкпекті ауылының су құбыры желілерін қайта жаңғыртуға 560, Самар ауылының су құбыры желілерін қайта жаңғыртуға 518, Үлкен-Бөкен ауылының су құбыры желілерін салуға 70,0 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда Көкжайық, Құлынжон,Үлкен Бөкен, Көкжыра, Аққала, Мариногорка, Миролюбовка, Үлгілімалшы ауылдарындағы су құбыры желілерінің құрылысын жүргізу туралы құжаттар әзірленуде.
Жыл сайын ауданда абаттандыру бойынша айлықтар өткізіледі. Әзірленген іс-шараларға сәйкес әр ауылдық округте үлкен ұйымдастырушылық және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ауылдың тазалығы әр ауланың абаттандырылуынан басталады. 2019 жылға аудан орталығын және бюджеттің 4-ші деңгейіне көшкен ауылдық округтерді абаттандыруға 130,0 млн. теңге сомасында трансферттер бөлінді.
-«Дипломмен – ауылға» жобасы бойынша Көкпекті ауданына да жыл сайын ондаған әртүрлі мамандық иелері келеді екен. Оларды жұмыспен және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін қалай шешіп жатырсыздар?
-Өткен жылы ауданға жиырмадан астам жас маман келді. Ең алдымен оларды пәтермен қамтамасыз етуге назар аударамыз. 2018 жылы әлеуметтік саладағы 20 маманға 3,4 млн. теңге көтермеақы және 21 маманға тұрғын үй сатып алуға 60,2 млн. теңге сомасында несие берілді, бұл мамандарды ауылдық елді мекендерде орнықтыруға мүмкіндік туғызды, соның ішінде білім саласында – 9, денсаулық сақтау саласында – 5, әлеуметтік қорғау саласында – 1, спорт саласында – 2 , агроөнеркәсіп кешені және ветеринария саласында – 2 маманға әлеуметтік көмек көрсетілді.
-Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласында қандай жаңалықтар бар?
-Ауданның білім беру саласында 37 орта мектеп бар, мұнда 4058 бала білім алады, Көкпекті және Самар ауылдарына екі мектептен тыс ұйымы, яғни екі балалар өнер мектебі жұмыс істейді. Ауданда төрт мемлекеттік балабақша, үш жекеменшік балабақша, мектеп кешеніндегі үш балабақша бар.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданда «Менің мектебім» акциясы бойынша жеті толық комплектілі мектепке роботтехникасы кабинеттері қойылды, 42,8 млн. теңгеге құрал-жабдықтар және 4,7 млн. теңгеге жиһаздар жеткізілді. Екі толық комплектілі мектепке үш жаңа модификациялық кабинеттер әкелінді: Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектебіне бір физика кабинеті және бір химия кабинеті, Самар ауылының Ж.Болғанбаев атындағы №1 мектеп-лицейіне биология кабинеті қойылды.

Өткен жылы мектепті 218 түлек бітіріп, оның 151 бірыңғай ұлттық тестілеуден өтті. Орташа балл 86 пайызды құрап, облыс бойынша алтыншы орынға шықты.
Ауданда бұл күндері 190 спорттық құрылым жұмыс істеп тұр, оның ішінде 39 спортзал, 6 жүгіру жолы, бір ипподром, 125 ойын және ұлттық спортпен шұғылданатын алаңдар, 19 хокей қорапшасы, Самар ауылында орналасқан жасанды жаттығу алаңы бар. Бір спорттық модуль, Көкжайық, Преображенка, Миролюбовка, Тассай, Биғаш, Белое, Мамай ауылдарында жеті шағын футболға арналған жасанды алаңдар ашылған. Ауданның атағын шығарып жүрген, өткен жылы Джакартада өткен Азия ойындарында күміс алқаға ие болған Данияр Қайсанов, Ұлан Батыр, Измир, Суст қалаларында өткен халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілген Александр Бойков, Шыңғыс Мұхаметқалиев, Өскен Төлебеков, тағы басқаларды мақтан тұтамыз.
Ауданда ұлттық спорт түрін насихаттау мақсатында Бастаушы ауылдық округінің Көкжота ауылында балалар мен жасөспірімдерге арналған ұлттық ат спорты мектебі ашылды. 2019 жылға Құлынжон ауылында үлкен стадионға, Көкжыра ауылында шағын футболға арналған жасанды алаңға және Көкпектідегі спорт мектебіне қаражат бөлінді.
Бала туу деңгейі өсіп, бала өлімі азайды. Ана өлімі болған жоқ. Аудан бойынша 59 дәрігер және 345 орта медициналық маман қызмет атқарады. Ауданның денсаулық сақтау саласының негізгі міндеті нәресте және ана өлімін болдырмау және профилактикалық тексерулерді уақтылы жүргізу болып табылады.
Мәдениет саласындағы жұмысқа көп көңіл бөлінеді. Көкпекті ауданының мәдениет ұйымдарының желісі 52 бірлікті құрайды. Оның ішінде екі мәдениет үйі, 29 ауылдық клуб, 19 кітапхана, екі тарихи-өлкетану музейі, мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталығы қызмет көрсетеді.
Сұхбаттасқан – Оңдасын Елубай