Қоғам

Кәріқұрлықта доп додасы басталды

Кәріқұрлықта доп додасы басталды

Бір ай бойы миллиондардың ұйқысын ұрлап, телеэкранға телміртіп қоятын ала доптың аламаны басталды Францияда. Платини, Зидан, Анри сынды теңбіл доптың теңдессіз шеберлері өмірге келген топырақта осымен үшінші рет өтіп отырған футболдан Еуропа чемпионатына биылдан бастап әдеттегідей 16 емес, 24 елдің құрама командасы қатысуда.

Еске сала кетсек, 2008 жылдың қыркүйегінде УЕФА-ның атқарушы комитеті 15-ші рет шымылдық түретін Еуро-2016 доп додасына тұңғыш рет 24 команда қатысады деп шешім қабылдаған болатын. Ал спорт мерекесінің Францияда өтетіндігі 2010 жылы Женевада (Швейцария) анықталған-ды. Сөйтіп, биылғы Еуропа біріншілігінде алты топқа төрт-төрттен бөлінген құрамалар өзара мықтыны анықтауға кірісіп кетті. Плей-офф кезеңіне алты топта бірінші және екінші орын алған 12 команда, сондай-ақ, үшінші орын алғандардың арасынан ұпайы ең жоғары төрт ұжым шығады. Нәтижесінде барлығы 16 команда плей-оффтың көрігін қыздырмақ.

Тұсаукесер ойын маусымның 10-ы күні Астана уақытымен түнгі сағат 01.00-де «А» тобындағы Франция және Румыния құрамалары арасында өтті. Осы чемпионаттың бас жүлдесінен басты үміткерлердің бірі саналатын француздар қарсыласын 2:1 есебімен жеңіп, алғашқы қадамдарын сәтті жасады.

Бұдан кейін аталған топта Швейцария мен Албания ойнап, алғашқысы үш ұпайды еншіледі.
«В» тобында мадридтік «Реалдың» шабуылшысы Гарет Бейл бастаған «Уэльс» жігіттері итальяндық «Наполи» клубының жарық жұлдыздарының бірі Марек Гамшикке сенім артқан словактарды 2:1 есебімен ұтты. Ал осы топта футболдың отанынан келген ағылшындар ресейлік аяқдопшылармен тең түсті. Есеп – 1:1. Бір қызығы Англия құрамасы Еуропа чемпионатындағы бірінші ойынында ешқашан жеңіске жетіп көрмепті. Бұл жолы да сөйтті.
«С» тобында Польша құрамасы Солтүстік Ирландияны жеңсе, әйгілі «неміс мәшинесі» украиндардың қақпасына жауапсыз екі гол соқты. Ал «D» тобында түрік ағайындар хорваттарға 0:1 есебімен есе жіберіп алды.

Еуропа чемпионатының кестесіне сәйкес кеше тағы үш кездесу өтті. «D» тобында Испания мен Чехия шеберлік сынасса, «Е» тобында Ирландия-Швеция, Бельгия-Италия жасыл алаңға шықты.
Бүгін, яғни маусымның 14-і күні екі ойын ойналады. Осы матчтарға әдеттегідей алдын ала болжам жасап көрмекпіз.

Біздің болжам

«F» тобында Португалия мен Исландия, Австрия мен Венгрия былғары доп шеберлері кездеседі. Үш дүркін «Алтын доп» иегері атанған даңқты шабуылшы Криштиану Роналдудай супержұлдызы бар португалдар аралдан келген қарсыластарының апшысын қуырса таңғалмаңыз.
Сол секілді Австрия құрамасының әлеуеті мажарларды ұтуға жетіп тұр. Біздің болжам: Португалия-Исландия – 2:0. Австрия-Венгрия – 1:0.

Қызық дерек

Еуропа чемпионатының тұсаукесер ойынында (Франция-Румыния) биыл төртінші рет 11 метрлік айып добы белгіленді. Олардың бәрі де жарыс қожайындарының қақпасына: Англия – 1996 ж, Португалия – 2004 ж, Польша – 2012 ж, Франция – 2016 ж.
ЕФРО-2016 жарысы Францияның 10 қаласында өтіп жатыр. Олар: Париж, Лион, Лилль, Тулуза, Бордо, Марсель, Сент-Этьен, Ланс, Сен-Дени және Ницца.
Биылғы доп додасындағы ең жасы үлкен футболшы – Венгрия құрамасының қақпашысы Габор Кирай. Турнир басталғанда оған 40 жас, екі ай және он күн болған. Ең қызығы, ол үшін бұл біріншілік 1993 жылдан бері жалғасып келе жатқан спорттық мәнсабындағы ең алғашқысы саналады.
Ал командалар ішінен ойыншылардың орташа жасы бойынша есептегенде ең «кәрісі» – Ирландия құрамасы. Олардың орташа жасы – 29,4 жыл. Екінші орында Ресей тұр.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button