Көрмеге келетіндер Алакөлде демалып, Абайдың елін араламақ
Төрткүл дүние көз тігіп отырған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінен шығысқазақстандықтар да шет қалмақ емес. «ЭКСПО-2017»-ге қатысатын өңірлік жобалардан өзге, біздің аймақтан «Болашақтың энергиясы» халықаралық көрмесіне шамамен 100 мыңнан астам адам барып, тамашалайды деген болжам бар.
2017 жылдың маусымынан бастап қыркүйек айына дейін өтетін Астанадағы халықаралық көрмені көргісі келетін шығысқазақстандықтар көрме билетін қалалар мен аудандарда орналасқан 47 Қазпошта бөлімшесінен сатып ала алады. Билет құны 6-8 мың теңге аралығында. Балалар мен аз қамтылған отбасыларына жеңілдіктер қарастырылған.
Жасыл энергияны, жасыл экономиканы тұрмысымызға, экономикамызға жеделдете енгізу, баламалы қуат көздерін қарқынды дамыту мақсатында дүние жүзіндегі сан түрлі жобаның тұсауы кесілетін бұл шараға аймақтағы студенттер де барғалы жатыр. Шетелден көрмеге қатысуға, көрмені көруге келген туристерге тілмаштық қызмет көрсетуге, көмектесуге Шығыс Қазақстанның төрт жоғары оқу орны студенттері ішінен шет тілдерін білетін 160 ерікті таңдап алынып отыр. Қазіргі күні студенттер «Астана Экспо» ұлттық компаниясы жасаған әдістемелік нұсқаулықтар бойынша оқыту семинарларынан өтіп жатыр.
Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының газетке берген ақпараттары бойынша Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесіне келуші қонақтар мен қатысушыларға арналып әзірленіп отырған туристік маршруттар қатарына Шығыстан сегіз туристік бағыт енген. Шығыс Қазақстанға саяхаттаушылар «Шығыс Қазақстан – еліміздің інжу-маржаны», «Қазақтың дәстүрлері мен қонақжайлығы», «Қазақстан – шексіз мүмкіндіктер елі», «Алакөл – Қазақстанның шуақты жағалауы», «Абайдың туған жеріне саяхат», «Алтайская Чаша», «Шығыс Қазақстанның інжу-маржаны», «Өзен- көлді өлке» атты сегіз туристік бағыттар бойынша демалып, аймақтағы мәдени-тарихи ескерткіштермен танысып, серуендемек. Әр туристік бағыт 6-8 күнге созылады.
Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мамандарының айтуынша, көрмеге келуші туристер Шығыстың шартарабын автокөлікпен араламақ. Алакөл сияқты алыстағы демалыс орындарына көлікпен жету келушілерге біраз қиындықтар тудыратынымен, аймақтағы туризм нысандарының иелері қонақтарды жақсылап күтіп, жайлы қызмет көрсетуге әбден әзірленіп жатқан көрінеді.
Халықаралық көрме қарсаңында туризм нысандарының инфрақұрылымдарын жақсарту мақсатында облыста жасалған туризм саласын дамытудың жол картасы аясында былтыр 13, биыл тоғыз жоба жүзеге асқан.
Бұдан басқа шетелдік туристер мен еліміз тұрғындарының біздің облыстағы 43 туристік бағыт бойынша саяхат жасап, демалуына мүмкіндік бар. Ол бағыттар аймақтағы туризм нысандары туралы ақпараттар жинақталған «TourEast kz» электронды порталына енгізілген. Туристік бағыттарды 18 өңірлік туроператор ұсынып отыр.
Жанаргүл Мұқатай