Қоғам

Семейде екі бірдей ерекше әлеуметтік нысан ашылды

Семейде екі бірдей ерекше әлеуметтік нысан ашылды

Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Семей қаласына жасаған жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылуына қатысып, Сауд Арабиясы мен Қытай Халық Республикасынан келген ресми делегациялармен кездесу өткізді. Сондай-ақ, аймақ басшысы қаланың жылу маусымына дайындығын тексеріп, «Нұр Астана» мешітінің құрылысымен танысты.

Ең алдымен аймақ басшысы Бородулиха, Бесқарағай аудандары мен Семей, Өскемен қалалары шаруа қожалықтарының өнімдері ұсынылған көрме-жәрмеңкеге қатысты. Көрме-жәрмеңке қонақтарына «Рубиком», «Е.Зәйтенов», «Шығыс Бройлер», «Родина» сияқты ондаған тауар маркаларының өнімдері ұсынылды. Сөрелерге сүт, ет, балық, бал өнімдері, жеміс-жидек, көкөніс, тіпті, сусындардың сан алуан түрі қойылып, жәрмеңкенің көркін аша түсті.
– Ендігі кезекте ең негізгі мақсат – осы тауардың тұрақты тұтынушысын тауып, шығарылатын өнімнің көлемін арттыру. Біз Қытаймен де, Ресеймен де шектескен облыс болғандықтан, ауылшаруашылық өнімдерін көршілес елдерге экспорттауға ерекше ден қоюымыз қажет. Сондай-ақ, өз өнімдерімізді облыстың барлық аудан, қалаларында жарнамалау жағын күшейту керек. Ол үшін жер-жерде апта сайын жәрмеңкелер ұйымдастырып тұру аса маңызды, – деді көрме-жәрмеңкені аралап, көрген облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Бұдан кейін аймақ басшысы Семейде жаңадан ашылып отырған балаларға арналған облыстық туберкулез диспансерінің салтанатты лента қию рәсіміне қатысты. Аталмыш тубдиспансердің құрылысын жүргізуге Сауд Арабиясы Корольдігінің үкіметі ерекше қолдау білдіргенін атап өткен жөн. Араб мемлекеті мен облыс әкімдігі арасында жасалған меморандумға сәйкес, жаңа медициналық мекеменің құрылысына арабтар тарапынан 1 миллиард, 200 миллион теңге көлеміндегі қаражат бөлінген. Біздің елдің тарапынан 300 миллион теңге қарастырылған. Диспансер 80 орынға шақталып, тәулігіне 60 адамға дейін қабылдай алады. Жаңа аурухана инфекциялық бақылаудың барлық талаптарына сай, алты қабатты типтік ғимаратта орналасқанын да ерекше айта кетуіміз керек. Мұнда тіс емдейтін орталық, ота жасайтын бөлмелер, тіпті, балаларға арналған ойын залдары мен тренажерлер де бар екен. Ал ғимараттың алтыншы қабатын шағын мектеп десе де болады. Балалардың оқу үлгерімі ойдағыдай болуы үшін мұнда бірнеше сынып бөлмелері, кітапхана, сондай-ақ, әдістемелік және мультимедиялық кабинеттер ашылған. Мектептегі тәрбие ісінің меңгерушісі Ырысты Аткенованың айтуынша, бүгінде бес мұғаліммен келісімшарт жасалып қойыпты. Қажет болған жағдайда олардың санын арттыруға да болады екен.
– Осыдан үш жыл бұрын Семейдің іргесіндегі қарағай орманының ішінен балаларға арналған облыстық туберкулез диспансерінің құрылысы басталған болатын. Бүгін сол ғимараттың салтанатты ашылуына қатысып тұрмыз. Барлықтарыңызды жаңа медициналық мекеменің ашылуымен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Әрине, бұл жұмысты шетелдік инвестицияларсыз аяқтау мүмкін емес еді. Сол үшін бүгінгі қуанышты рәсімге арнайы келіп отырған Сауд Арабиясы Корольдігі қаржы министрінің орынбасары Мұхаммед Әлғофайлиге алғыс айтқым келеді, – деді аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ аурухананың салтанатты ашылу рәсімінде.
Өз кезегінде шетелдік мейман мұндай жарқын істің басы-қасында болудың зор мәртебе екенін жеткізді.
Бұдан кейін облыс әкімі мен Сауд Арабиясынан келген ресми делегация өкілдері диспансердің ішін аралап, жаңа құрал-жабдықтармен танысты. Мұндағы кабинеттер «BAKTEK MGIT-960», «Xpert MTB/R», «Opera», «Olympus» сынды шетелдік заманауи аппараттармен жабдықталыпты. Осы ретте, аймақ басшысы медициналық технологияларды таңдауға келгенде, басымдықты Италия мен Ресейдің жабдықтарына емес, Жапониядан шығарылатын аппараттарға беру керектігін ескертті.
Семейге жасаған сапары барысында облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өңірлік онкологиялық диспансердің қасынан ашылатын радиологиялық орталықтың құрылысымен де танысты. Қазір мұндағы жұмыстардың негізгі бөлігі аяқталып қойыпты. Дегенмен, нысанда ширатуды қажет ететін шаруалар да баршылық екен. Аймақ басшысы бас мердігерге қазанның он бесіне дейін жұмыстарды толығымен аяқтап, орталықты пайдалануға беру керектігін қадап айтты.
Онкологиялық диспансер ғимаратын жылытатын «Климаопрема» құрылғылары туралы хорватиялық компанияның еліміздегі жобалары жөніндегі жетекші маманы Елена Кондрашова айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, бұл құрылғы арқылы медициналық ғимаратты жылытып қана қоймай, ауасын тазартып, қажетті жағдайда салқындатып отыруға да болады. Және ең бастысы, жаңа құрылғы жылуға жұмсалатын шығын мөлшерін екі есеге дейін азайтуға мүмкіндік бермек. Бүгінге дейін «Климаопрема» технологиясы Астанадан басқа еліміздің ешбір өңірінде қолданылмапты.
Аймақ басшысы алыс-жақын шетелде оқып келген дәрігер мамандармен кездесіп, олардың жұмыстарымен жақынырақ танысты. Қазір онкологиялық диспансерде Германия, Эстония сияқты елдерде тәжірибе жинап қайтқан 23 маман қызмет етуде.

Жаңа спорт кешені бір мезетте 250 адамға қызмет көрсетеді

Семейде екі бірдей ерекше әлеуметтік нысан ашылды

Бұл күні Семейде сонымен қатар, спорттық жекпе-жек түрлерінің әмбебап денешынықтыру-сауықтыру кешені де есігін айқара ашты. Құрылысына 250 млн. теңге жұмсалған ғимаратты салуға еліміздің бокс федерациясы мұрындық болыпты. Спорт кешенінің салтанатты ашылуында облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ құрылыс жұмыстары бар болғаны бір жылдың ішінде аяқталғанын айтып, осы үшін мердігер компанияға зор алғыс білдірді.
– Былтыр Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев «Семейде әмбебап Жекпе-жек кешенін салуға көмектесемін» деп уәде еткен болатын. Бүгін семейліктер сондай ғимараттың ашылуының куәсі болып отыр. Сол үшін еліміздің бокс федерациясына рақметімді айтамын, – деді облыс әкімі.
Спорт кешенінің ашылуына даңқты боксшы Серік Қонақбаев, сондай-ақ, қазақ күресінің хас шеберлері, балуандар Шалқар Жоламанов пен Айбек Нұғымаровтар қатысқанын айта кеткен жөн.
– Бұл жерден әлі талай чемпиондар шығады деп сенемін. Қуаныштарыңыз құтты болсын! – деп жиналған қауымды құттықтаған Серік Қонақбаевтың иығына облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қазақы ырыммен шапан жапты.
Жаңа спорт кешенінде бір мезетте 250 адамға дейін жаттыға алатын көрінеді. Мамандардың айтуынша, мұнда бокс, күрес, таэквондо, ауыр атлетика және семсерлесуден жарыстар өткізуге болады.

Жұмыртқа шығаратын кәсіпорын
іске қосылмақ

Семейде екі бірдей ерекше әлеуметтік нысан ашылды

Семей қаласына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ҚХР-дың Шыңжаң-Ұйғыр автономды районы Тарбағатай округі партия комитетінің бірінші хатшысы Жаң Бо мырзамен кездесті. Кездесуде негізінен екі аймақ арасындағы тауар айналымын арттыру, бірлескен кәсіпорындар салу, туризмді дамыту сияқты мәселелер сөз болды. Қытайлық делегацияны бастап келген Жаң Бо мырза өз сөзінде жақын арада Семейде құны 10 млн. АҚШ долларын құраған жұмыртқа фабрикасы ашылатынын жеткізді. Ал облыс әкімі бірқатар өзге мәселелерді баса назарға алып, күш-жігерді сол бағыттарға жұмсау қажеттігін айтты.
– Ең алдымен, екі аймақ арасындағы тауар айналымының көлемін арттыру мақсатында жұмыс жасауымыз керек. Бүгінге дейін бұл бағытта айтарлықтай шаруа тындырылды. Атап айтқанда, «Бақты» кеден бекетінде «жасыл дәліз» ашылып, соның нәтижесінде алыс-берісіміз еселеп артты. Енді екі ел арасын жалғайтын теміржол салғанымыз жөн. Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін Аягөз, Шәуешек және Қарамай қалаларының арасын жалғайтын теміржол салу жөнінде келіскен болатынбыз. Енді сол жұмысты ширатқанымыз абзал. Сондай-ақ, Семей мен Шәуешек арасында әуе қатынасын орнатсақ деген ұсынысымыз бар. Сонымен қатар, екі аймақтың аудандары мен қалаларында көршілес елдердің ауылшаруашылық тауарлары саудаланатын жәрмеңкелерді көбірек ұйымдастыруымыз қажет, – деген аймақ басшысы өзге де мәселелерге ерекше тоқталды.
Атап айтқанда, Семейде көліктік-логистикалық орталық салу, екі аймақтың көрікті жерлеріне туристік саяхаттар ұйымдастыру, сондай-ақ, Қытайда қолға алынған «Ұлы Жібек жолы» бағдарламасына шығысқазақстандық кәсіпкерлерді де тарту жағы сөз болды.
– Біз екі ел, екі аймақ арасындағы экономикалық және мәдени байланыстардың нығайғанын қалаймыз. Сондықтан сіздің ұсыныстарыңызды аяқсыз қалдырмауға тырысамыз. Өз атымнан біздің қарым-қатынасымыздың нығаюына әрдайым мүдделілік танытып жүрген Шығыс Қазақстан облысының басшылығына зор алғыс айтқым келеді, – деді Жаң Бо мырза. Бұдан кейін Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов пен Тарбағатай округі партия комитеті бірінші хатшысының орынбасары Елшат Әли арасында екіжақты экономикалық байланысты нығайту және Семей қаласына инвестиция тарту жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Бұл күні аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Семейдегі «Ғаббасов» қазандығында да болып, мұндағы жөндеу жұмыстарын өз көзімен көрді. Биыл аталмыш мақсатқа облыстық бюджеттен 30 млн. теңге бөлінген екен. Қазір үш қазандық агрегатын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі жақын арада іске қосылмақ. Қазандық мамандары жөндеу жұмыстары қазан айының соңына дейін бітеді деп сендіріп отыр. Аймақ басшысы жөндеу жұмыстарының қар түспей аяқталуы керек екенін айтып, қала әкімі мен жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді.
Сонымен қатар, облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ шаһардағы құрылысы қайта жанданған «Нұр Астана» мешітінің бүгінгі жайымен де танысты. Қазір мұнда жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен біраз шаруа тындырылыпты. Құрылыс алаңы тазартылып, айналасы мешіт суреті бейнеленген әдемі баннерлермен қоршалған екен. Енді тікелей құрылыс жұмыстарына да кезек жетіп отыр.
Қала әкімі Айбек Кәрімовтің айтуынша, бүгінде құрылыстың жандануына барлық жағдай жасалуда. Мердігерлерге цемент пен дайын бетон жеңілдетілген бағамен сатылады. Сондай-ақ, жұмыс күшімен қамту жағынан да қолдау көрсетілмек.
Өз кезегінде аймақ басшысы мешітті салу кезінде облыстың барлық аудан, қалаларын асарға шақыру керек екенін айтты.
Жалпы, жоспар бойынша «Нұр Астана» мешіті келесі жыл пайдалануға берілмек.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button